РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
13 августа 2019 | 18:07

Қазақ неге әкесі тірі адамға бас мүжітуден қорыққан?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© jas.kz © jas.kz

Қазақ қой сойып, қонақтарға ет асқанда малдың мүшесін әр адамға бөліп берген. Оның өз ырымдары да болған екен. Этнограф Болат Бопайұлы Тengrinews.kz тілшісіне ет асқанда қой мүшелерін кімге және не үшін бергенін айтып берді.


Қазақ қой сойып, қонақтарға ет асқанда малдың мүшесін әр адамға бөліп берген. Оның өз ырымдары да болған екен. Этнограф Болат Бопайұлы Тengrinews.kz тілшісіне ет асқанда қой мүшелерін кімге және не үшін бергенін айтып берді.

Кәрі жілікті кімдерге береді?

Маманның сөзінше, қазақ ет асар кезде малдың ұсақ және ірі екеніне назар аударған.

"Қазақтың ең сыйлы асы - ет. Қазақ ұсақ малдың етін асқанда оған бас, жанбас, ортан жілік, кәрі жілік, арқа, белдеме, сүбе қабырға, жауырын, қарын, тоқішек, жалбыршақ, жұмыр сияқты кәделілерінің бәрін салады. Ал ірі қара асқанда қазы-қарта, жая, жал, қабырға салып, толық табақ етін басады. Қазақ бұларды бір асым ет деп атайды", - дейді ол.

Болат Бопайұлы қазақтың кейде ырымдап қос кәрі жілікті де асатынын айтады. Оны табаққа қостап салады екен.

"Ортан жілік, асық жілік, жауырындарды қос-қостан аспайды. Кәрі жілікті көне көз қарияларға сыйлап береді. Кәрі жілікті бастың жолдасы деп санайды. Бірақ қазақ тоқпан жілікті тартпайды. Оны бұрын байлар табаққа салып, итіне беретін немесе құлына ұсынатын болған. Сондықтан, қазақта тоқпан жілікті тарту салты болмаған", - дейді маман.

Басты кесу тәртібі бар

Этнографтың айтуынша, дастарханда бас кесудің өз тәртібі бар. Басты ұсынғаннан кейін бірінші бата оқылады екен.

"Бастың тұмсығын өз жағына қаратып, оң жақ езуінен кесіп, оны табаққа салады. Бұл үйдің құты басқа жаққа кетпесін деген ырым. Ал екінші езуін басты кесіп отырған адамның өзі жейді. Кейін құлақты кесіп, оны үйдегі кішкентай балаға ұсынады. Мұндағы ырым - құйма құлақ ұғымтал болсын, сөз ұғатын болсын дегені", - дейді Болат Бопайұлы.


© jas.kz

Бірақ қос құлақты бірден ұсынбайды екен, себебі ол кезде бала айтылған сөз бір құлақтан кіріп, екіншісінен шығып кететін ақпа құлақ болып өседі деген.

"Содан кейін басты түгел кесіп, үйдегі адамдардың бәріне ауыз тигіздіреді. Осы арқылы басымыз қосылып жүрсін, берекеміз бұзылмасын деп ырымдаған. Басты жеке-жеке жемейді. Себебі басымыз жеке қалады деп қорқады", - дейді ол.

Айтуынша, басты түгел кесіп тастамай, оның қалғанын үйдің иесіне ұсынады. Басты әкесі тірі адам мүжімейді екен.  

"Әйтпесе, әкесі өледі деп ырым еткен. Оның үстіне, бұл әкенің орнына, жолына таласқандық болып саналады. Сондықтан, басты кесіп отырған қариялар "Осы отау иесінің әкесі тірі ме?" деп алдын ала сұрап алады", - дейді Болат Бопайұлы.

Көздерді неге бір адам жеуі керек?

Этнографтың сөзінше, бастың төбесінен кесіп, дастархандағы ең беделді адамға ұсынады, бұл елге тіреу болып жүр дегені.

"Езуі мен тілін кесіп алып, шешен адамға ұсынады, бұл езуінен енші беріп жүрсін, елдің қамын, халықтың тағдырын айтсын деген ырым. Ал бастың таңдайын "әнші бол, таңдайы тақылдаған шешен бол" деп көп жағдайда қыз балаларға ұсынады", - дейді маман.


© gastronom.ru

Айтуынша, бастың көзін берудің де өзіндік жолы бар. Екі көзді бір адамға ұсыну керек екен. Себебі оны екі адамда бөліп берсе, олар алакөз болып, жауласып кетеді деп санаған.

Төс - күйеу балаларға, қабырға - қыз-келіншектерге

Болат Бопайды төстің күйеубалаға берілетінін айтады. Мұндағы себеп - күйеу ұрпақты болсын, ел алдында кеудесін керіп жүрсін дегені.

"Асық жілікті балаларға береді. Бұрынғы заманда асық жілікті мүжіп болғаннан кейін, оны бесік құданың басына байлап қойған. Асық жілікті көрген адамдар "Е-е, бұл бесік құда екен ғой" деп таныған. Сондықтан, төс пен асық жілікті үлкендердің емес, күйеу бала мен келіннің асы деп санаған", - дейді этнограф.


© Евгений Волков

Оның сөзінше, ортан жіліктің еті мол, сондықтан оны атпал азаматтарға, балуандар мен батырларға ұсынған екен. Бұл - олардың сыбағасы. Жауырын да солардың еншісінде.

Ал әйелдер мен қыз-келіншектерге қойдың қабырғалары беріледі екен.

"Қойдың сүбе қабырғасы, қыра қабырғаларының еті тәтті әрі жұмсақ болады. Сондықтан қабырғаларды әйелдер мен бойжеткендерге береді. Қабырғадай майысып тұрсын, ибалы болсын деп ырымдаған", - дейді Болат Бопайұлы.

Қазақтың 50-ден аса табақ тарту дәстүрі болған - Этнограф

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети