Халқымыздың өмірінде, салт-санасында, әдет-ғұрпы мен тұрмыс-тіршілігінде кеңінен көрініс табатын ырым-тыйымдары мен наным-сенімдері өте көп. Әсіресе ұрпақ тәрбиесіне аса көңіл бөлетін ұлтымыз баланы қауіп-қатерден қорғау үшін, оны жат әдеттерден тыйып, ертеңі жарқын болсын деп ырымдарды ұстанған. Мысалы, бала тербететін бір бесіктің өзіне қаншама ырым бар: бос бесікті тербетпе, оны саудалама, бетін ашық қалдырма деген. Этнограф Болат Бопайұлы Tengrinews.kz тілшісіне сәби туғаннан бастап ескерілетін қазақтың ырым-тыйымдарын айтып берді.
Халқымыздың өмірінде, салт-санасында, әдет-ғұрпы мен тұрмыс-тіршілігінде кеңінен көрініс табатын ырым-тыйымдары мен наным-сенімдері өте көп. Әсіресе ұрпақ тәрбиесіне аса көңіл бөлетін ұлтымыз баланы қауіп-қатерден қорғау үшін, оны жат әдеттерден тыйып, ертеңі жарқын болсын деп ырымдарды ұстанған. Мысалы, бала тербететін бір бесіктің өзіне қаншама ырым бар: бос бесікті тербетпе, оны саудалама, бетін ашық қалдырма деген. Этнограф Болат Бопайұлы Tengrinews.kz тілшісіне сәби туғаннан бастап ескерілетін қазақтың ырым-тыйымдарын айтып берді.
Қазақ халқы есте жоқ ықылым заманнан отбасы, бала, отан тәрбиесіне ден қойған, "Отбасы оңалмай отан оңалмайды", "Бала бақытты болмай ата-ана бақытты болмайды" деп қараған. Қазақ халқы ұрпағымен, ұлағатымен мақтанған. Баласы мықты болса, болашағы жарқын болады деген.
"Әсіресе балаларға қатысты айтатын болсақ, үйге жас келін түскенде оған ауыр жүк көтертпейді, келінді қорқып, үрейленіп, ауырып-сырқап қалуынан және басқа жағдайлардан қатты қорғайды. Өйткені оған болашақ ана деп қараған. Келіннің 9 ай 12 күн толғаққа дейінгі күндерін күзетіп отырып, суға жібермей, түнде жалғыз шығармай қараған. Босанар алдында да ақ жаулықиты аналар толғағын күзетіп, жақсы-жақсы сөздермен босандырып алған. Міне осыдан бастап, бесікке салуға, ат қоюға, шілдехана, тұсаукесу, баланы атқа мінгізу, байғазы, бауырына бала салу, тілашар, тымаққа салу, айдар, кекіл, тұлым қою сияқты көптеген балаларға арналған кәде, ырымды ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастырып жалғап келгені содан", - дейді этнограф.
Болат Бопайұлының айтуынша, қазақ халқы "Бесіктегі бала бес түлейді" деп бесікті киелі санаған. Наным-сенімдер бойынша, бос бесікке ібіліс баласын жатқызады немесе жылан салып қояды, сондықтан бос бесікті тербетуге болмайды, оның бетін әрдайым жауып жүру керек екен.
"Тал бесіктен жер бесікке" деген сөз бар. Халқымызда бос бесікті тербетпейді, бейуақытта оны далаға қоймайды, бесікті арша, адыраспанмен аластағаннан кейін ғана баланы салады. Сәбиге жын-жыбыр, көрінбейтін қара күштер жоламасын деп бесіктің басына қайшы, пышақ, қамшы жастап та қояды. Ал бала есейгенде бесікті далаға тастамаған. Кейінгі кездері тозған бесікке ақ тамызып, өртеп, аяқасты қылмас үшін күлін де жерге көмеді", - дейді ол.
Халқымызда баланың қарын шашын киелі тұмар ретіде алып, сәбидің мойнына байлайды. Себебі баланың 40 күнге дейінгі шашы киелі саналған. Сондықтан оны беталды жерге тастаған, ең кем дегенде бала бәйтеректей қаулап өссін деп биік шыңның, шидің түбіне, таза жерге апарып көмген. Басқа жерлерге тастамаған.
"Ұл баланың кіндігін кескенде де батыр, палуан, ел қорғайтын ер болсын, үй күшік болмасын деп аттың жалына байлаған. Ал қыз баланікін ата-ана, жарына адал болсын, далабезер болмасын деп от басы, ошақ қасына көмген. "Қызға қырық үйден тыйым" дейтін ырымдар осыдан бастау алады", - дейді этнограф.
Айтуынша, халқымыздың әрбір айтылымын, ырымын қазақтың ғылымы деуге болады.
"Қазақта бала тәрбиесіне ықпал ететін ырымдар өте көп. Сондықтан жаңа туған бала қырқынан шыққанға дейін қасынан күні-түні адам үзілмеген, шырағы жарық болсын деп қос шырақты жағып ырым еткен. Ен үйде баланы бесікке бөлеп жалғыз қалдырып кетпеген, себебі бала қырқынан шыққанға дейін екі өмір арасында жатады, 40 күн өткеннен кейін бала қарақұлақтанды деп бір күн тұзға, бір күн сабын суға салып баланың етін үйретеді. Осылайша баланың өсіп-өркендеуіне кереметтей ырымдар жасаған", - дейді ол.
Этнографтың айтуынша, халқымыз баланың құлағына үнемі баталы, бақытты сөз айтып, керемет көркем көріністерді көрсетіп отырған. Себебі шошып қалмасын, баланың жас күнінде құлағы қабылдаған сөз қартайғанға дейін сақталады деп есептеген.
Халқымыз баланы көз бен сөзден де мұқият қорғаған.
"Қазақ баланы сәби кезінен үлкен отағасы етіп өсіруге, тәрбие беруге ұмтылған. Оны ешқашан "ойпырым-ай, айдай, күндей сұлу екен" деп айтпаған, себебі көз, сөз тиеді деп қорыққан. Сондықтан балалардың маңдайына күйе, топырақ жаққан, себебі жаңа туылған бала әлсіз болады. Олардың еңбегі былқылдап тұрады, сондықтан оны баспайды. Еңбегін басса кейін мінезі жаман болып кетеді, өміріне қауып төнеді деп қараған", - дейді Болат Бопайұлы.
Қырқынан шыққан сәбидің жейдесінен тұмар жасау да жаугершілік заманнан бері бар ырым екен.
"Бұрынғы батырлар, шешендер, көсемдер жауға шыққанда сол тұмарды алып жүрген, бұл оларға сәттілік алып келеді деп сенген. Себебі қазақта қырық күн баланы періштелер күзетеді деген жақсы ырым бар. Ал жуылған киімін кешке қарай жұлдызға шалдырмаған, өйткені бала түнде шошып оянады, жазылмас ауруға шалдығады деп ойлаған", - дейді ол.
Халқымыз балалардың әрбір қылық қимылына қарап болжам да жасаған.
"Баланың жаңадан тілі шығып әлдилеп сөйлей бастағанда тілі балдай тәтті болысын деп оған бал жалатқан. Бала тоңқайып жолға қараса, жолаушы келе жатыр, жолымыз болады, үйде жақсылық болады екен деп ырым еткен. Қонақтан келгенде де сол үйден базарлық алып келген, себебі бала ренжитін болса, үйде жақсылық болмайды деп сенген. Бала ойнап жүріп басына қос тымақ кисе, оны шешіп алған. Себебі ол кейін қос әйел алады, екі неке қияды деп болжам жасаған. Жолаушы жүретін кезде үй иелері, отағалары балаларға аяғыңды көтер дейді екен. Бала оң аяғын көтерсе жолымыз оң болады деген, ал сол аяғын көтерсе жолға шықпаған. Бұл да қазақтың ырымы", - дейді этнограф.
Баланы үй сыпыратын сыпырғыпен ұрмайды дегенді де естіген шығарсыз. Оның себебі балаға жазылмас ауру жұғады, жын-жыбыр жабысады, ғұмыры қысқарады, бақыты сөнеді деген ойлар екен.
Халқымыз баланың белсіз болып қалмауын да ойлаған.
"Ұл баланы сүндеттегенде шертпесін алып, ақ шүперекке байлап, тұмар ретінде іліп қояды. Оны далаға тастамайды, өйткені бала белсіз, қуатсыз болып қалады деп қорыққан", - дейді ол.
Балаға ат қойғанда да өте жақсы, мағыналы есімдер қойған. Ол жаман болса, бала атына заты сай болмай қалады деген бар. Мысалы, Байдәулет, Бердәулет. Айта берсең балаға қатысты ырым-сенімдер өте көп. Болат Бопайұлының айтуынша, осы ырымның барлығы күні бүгінге дейін әр шаңырақта жалғасын тауып келеді. Олар әлі ескірмеген, бұл біздің жаңғырған жақсы салттарымыз.