28 февраля 2019 | 13:19

Қазақ балаға неліктен айдар, тұлым және желке шаш қойған

Қазақта балаға қатысты жасалатын салт-дәстүрлер көп. Осындай көнеден келе жатқан тұрмыстық салт-дәстүрлердің бірі - балаға шаш қою. Қазақ халқы ер балаға шаш қоюдың және қыз баланың шашын өсірудің өзіндік әдістерімен ерекшеленген. Мысалы, айдар шаш қою, тұлым қою, кекіл және желке шаш қою. Олардың әрқайсының өзіндік мәні болған. Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі "Алтын арқау" мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, этнограф Ғалия Қайдауылқызынан балаға шаш қою дәстүрінің қандай мәні болғанын және оның не үшін жасалғаны жайлы сұрап білді.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақта балаға қатысты жасалатын салт-дәстүрлер көп. Осындай көнеден келе жатқан тұрмыстық салт-дәстүрлердің бірі - балаға шаш қою. Қазақ халқы ер балаға шаш қоюдың және қыз баланың шашын өсірудің өзіндік әдістерімен ерекшеленген. Мысалы, айдар шаш қою, тұлым қою, кекіл және желке шаш қою. Олардың әрқайсының өзіндік мәні болған. Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі "Алтын арқау" мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, этнограф Ғалия Қайдауылқызынан балаға шаш қою дәстүрінің қандай мәні болғанын және оның не үшін жасалғаны жайлы сұрап білді.

Этнографтың айтуынша, қазақ балаға бостан-босқа шаш қоя бермеген.

Реклама
Реклама

"Негізінен қазақ табиғаттың бір бөлшегі екенін ұмытпаған. Ылғи да табиғатқа қарап еліктеген. Тұлымның өзін табиғатқа еліктеп, айдарды ер балаға, тұлымды қыз балаға қойған. Қыз баланың тас төбесіне емес, екі шекесіне қойған. Екі уыстай шаш қалдырады -  оны тұлым дейді. Қазақта "тұлымы желбіреп, бойжетіп қалыпты, тұлымды қыз" деп айтып жатады. Көз тимесін, ерекшеленіп тұрсын дейді. Маржан моншақтарды да қосып қояды", - дейді этнограф.

Қайдауылқызының айтуынша, бала қырқынан шыққанда шаш алған кездегідей балаға шаш қойғанда да дастарқан жайылып, ырым жасалған.


© qazaly.kz

"Қыз балаларға тұлым қойғанда, аналар қуанып, жиын өткізген. Тұлым қоюдың да өзіндік мəн-мағынасы бар. Өзге балаларға қарағанда тұлымды қыздарға ел-жұрт ерекше сүйіспеншілікпен қараған. Оларға бар жақсы тілектерін тілеп, батасын беріп отырған", - дейді Ғалия Қайдауылқызы.


© www.instagram.com/musia_shu

Айдар шаш немесе тұлым шаш, этнографтың айтуынша, өмір бойына қойылмаған.

"Оны өмір бойына қоймайды. Бір уақыты келгенде "айдарлы, айбарлы ұл болсын, тұлымды қыз болсын" деген ырыммен алып тастаған. Салт бойынша 5 жасқа келгенде алады. Баланы сүндетке отырғызады, қыздың құлағын тесіп, сырға тағады. Сол кезде шашты алып тастау керек. Бұл салттың мәні ретінде "ұрпағы үзілмесін" деп айдар шашты да, тұлым шашты да сақтап қоятын", - деді ол.


Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, 1931 жыл. © Tengrinews.kz

Бұдан бөлек этнограф балаға кекіл қоюдың та өзіндік мәні бар екеніне тоқталды. "Халқымызда сәбидің кекіліне періште ұялайды деген ырым бар. Қазақ маңдайы жарқырап тұрған балаға көз тиеді деп түсінген, сондықтан маңдайын жауып тұру үшін кекіл қойған. Кекілді қастан асырмайды, қасқа жеткізбей, қырқып отырған", - дейді Ғалия Қайдауылқызы.


© ok.ru

Сондай-ақ, этнограф қазақта "жетімнің желке шашы" деген ұғым болғанын айтады.

"Бала жетім қалғанда оған желке шаш қояды. Халық оның жеті мекенін білуі үшін, оған бір қорғанмен, қамқорлықпен ерекше мән беріп қарау үшін жасайтын. Ата-анасы, жанашыр туысы болмаса, тұлдыр жетім екенін білдіру үшін адамдар оған мейіріммен қарауы үшін тұл шаш та қоятын", - деп түсіндірді Қайдауылқызы.

Айтуынша, қазақтар сол кезде баланы сырт белгісінен-ақ байқаған - кімнің ерке екенін, кімнің қорғансыз, жетім бала екенін, ал кімнің ұзақ уақыт бала көтере алмай, айдарлы бала немесе тұлымды қызды дүниеге әкелгенін түсінген. Бірақ, этнографтың айтуынша, бүгінде шаш қою салты әр түрлі желеумен бірте-бірте жоқ болып кетті. "Сырттан еліктейтін үлгілерді алып келеді. Осылайша, cалтының қайсы, ал сән қайсы екенін ажырата алмайды", - деді этнограф.


Алтай баласы, сурет ашық интернет кеңістігінен алынған

Айта кетейік, қазақтың шаш қою дәстүрлері ертеде халық әндерінде, батырлар жырында да талай кездескен екен. 

"Айдарлысын құл қылды,
Тұлымдысын тұл қылды,
Көрген түсін Тайшықтың
өтірік емес, шын қылды", - деп келтірілген Алпамыс жырында.

"Қарағым, айналайын кекілдім-ай,
Аққудың көгілдірі секілдім-ай.
Алтынның қолда барда қадірі жоқ,
Қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай!", - делінеді халық әнінің үзіндісінде.

Оқи отырыңыз:

Ұмытылған дәстүрлер: Қазақ баланы қырқынан қалай шығарған

Сүндетке отырғызу. Бағасы, емі және пайдасы

Қазақтың ұмытылған дәстүрлері: Ашамайға мінгізу


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram