РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
02 мая 2019 | 18:39

Қара белбеу иесі, 9 тіл меңгерген, 5 мемлекетте оқыған

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ержан Бек-Әли Ержан Бек-Әли

Джиу-джитсудан қара белбеу иесі Ержан Бек-Әли 14 жыл мұғалімдік қызметте жүр. Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде "тарих", "әлеуметтану", "халықаралық қатынастар" курстарынан сабақ береді. Әлемнің бірнеше мемлекетінде білімін жетілдірген оқытушы әртүрлі елдерде орналасқан университеттерде профессорлардан тәлім алып қана қоймай, олардан сабақ өткізу әдістерін үйреніп, жинақтап, сүзбеден өткізіп, әдістеме жасап, өз оқушыларына ұсынады.


Джиу-джитсудан қара белбеу иесі Ержан Бек-Әли 14 жыл мұғалімдік қызметте жүр. Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде "тарих", "әлеуметтану", "халықаралық қатынастар" курстарынан сабақ береді. Әлемнің бірнеше мемлекетінде білімін жетілдірген оқытушы әртүрлі елдерде орналасқан университеттерде профессорлардан тәлім алып қана қоймай, олардан сабақ өткізу әдістерін үйреніп, жинақтап, сүзбеден өткізіп, әдістеме жасап, өз оқушыларына ұсынады.

Ержан Бек-Әли Tengrinews.kz тілшісіне осы әдістемесі жайлы және студенттерге өз пәнінен басқа қосымша қандай дағдыға үйретіп жатқанын айтып берді. 

37 жастағы Ержан Бек-Әли Алматы қаласында дүниеге келген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің "халықаралық қатынастар" мамандығын тәмамдап, кейіннен АҚШ, Үндістан, Түркия, Тунис, Мысыр, Венгрия мемлекеттерінде білімін жетілдірген. Ол жақтағы ЖОО-ларда "саясаттану", "аймақтану" сияқты мамандықтар бойынша оқыған. Қазіргі уақытта кейіпкеріміз оқытушы болып жұмыс істейді. 

Ол бұл жұмыстың артықшылықтары көп екенін айтады. Студенттердің алдында дәріс өткізген кезде ол өзі ғана үйретіп қоймай. оқушылардан да үйренері мол екен. Оқытушы өзінің сабақ өткізу әдісін стандартты емес дейді.

"Мен шет елдерде білім алып, ол жақтағы ұстаздардан студенттерге сабақты жақсы ұқтыруы үшін қолданатын әдістемелерін бойыма сіңірдім. Яғни шығыс пен батыс мемлекеттерінің сабақ беру әдістемелерінен үздіктерін қосып, нәтижесінде мен студенттерге тарих, саясаттану сияқты пәндерді үйреншікті әдіспен емес, өз тәжірибеме сүйене отырып өткіземін. Мен дәрісті бір орында тұрып оқымаймын, мен отырған оқушылардың жанына барып, олардың назарын өзіме қаратып отырамын. Яғни олардың көзі үнемі менде болады. Сондықтан олардың тақырыпты игеруі нәтижелі болмақ", - дейді ол. 

Сондай-ақ ол дәріс кезінде оқушылардың назары өзгеге ауып кетпеуі үшін әртүрлі әдіс қолданады екен. Оқытушы студенттерді жалықтырмау үшін сабақ үстінде әзілдейді. Бірақ оның әзілі негізгі тақырыптан ауытқымайды.

"Мен сабақты өткізу барысында әр 10 минут сайын олармен әзілдесемін. Себебі оқушылар бір тақырыпты ести бере назары басқа жаққа ауып кетеді. Ал сабақ барысында эмоцияны қосу арқылы студенттерді ортақ тақырыпқа араластыруға болады. Сондай-ақ мен кез келген пәнде қызықты тақырыптарды таңдауға тырысамын. Ал кейде мен оқушылардан басқа елдердің мәдениеті, тұрмыстары мен мемлекеттердің астанасын сұраймын, осылайша оларды тек қана тақырыптың аясында зеріктіргім келмейді", - дейді мұғалім. 

Ал тәжірибе сабақтары кезінде оқушылар бірнеше адамнан тұратын топтарға бөлініп, қойылым көрсетеді екен. 

"Тарих сабағынан тәжірибе сабақтары кезінде мен оқушыларға өтіп кеткен айтулы кезеңдерге оралып, "сол шақта не істер едіңдер?" деген сұраққа жауап беруін сұраймын. Мінекей, бұл арқылы олардың ой-өрісі басқаша деңгейде болады. Оған қоса, қойылым көрсететін кезде олар әртүрлі кейіпкердің рөлінде болып, осы арқылы тақырыпты терең түсінумен қатар, көпшілік алдында еркін сөйлеуді де үйренеді. Мен жазбаша жұмыс кезінде де осындай әдістемені қолданамын, мысалы студенттерден кеңес одағында болған оқиғаларды оқулықта көрсетілгендей сипаттап қана қоймай, сол шаққа оралып, өздерін кеңес адамы ретінде сезінуін сұраймын", - дейді мұғалім.

Оқытушы мұндай әдістеменің өзіне ұнайтынын айтады. Оның айтуынша, осылайша сабақ өткізу арқылы студенттердің тарих, саясаттану деген сияқты пәндерге қызығушылықтарын оятуға болады.  

"Мен оқушыларымның басын көтеріп, өз ойын ашық жеткізуін қалаймын. Мінекей, сондықтан бұл әдістемелер  олардың өз ойын ашық және көпшілікке жеткізуін қалыптастыруға арналған. Олардың бойында осындай дағды қалыптастырғым келеді. Бұл әдістемелер өзіме ұнайды, басқа оқытушыларға ұнамауы мүмкін. Бірақ мен жыл соңында оқушыларымнан өткізген сабақтарымды жазбаша түрде бағалауымды сұраймын. Оларға ұнамаған тақырып пен ескертулерді назарға алып, қажетсіз деген тақырыптарды сабақ әдістемесінен алып тастаймын", - дейді ол. 

Ержан Бек-Әли оқушыларды өзіндік әдіспен оқытып қана қоймай, олардың жұмысын да өзіндік әдістемемен бағалайды. Ол студенттерге баға қоятын кезде бірнеше қағидаға сүйенеді. 

"Бір студентке баға қою алдында мен ең алдымен оның тобына қараймын. Егер де топтағы жалпы үлгерім төмен болса, онда бұл әр студенттің бағасына әсер етеді. Одан кейін әр студенттің қанша қойылым көрсеткеніне назар аударамын. Мен бір жартыжылдыққа 100 қойылым көрсетуді сұраймын. Егер барлық қойылым көрсетілсе онда ең жоғары баға қойылады. Осы екі бағалау жүйесіне сүйене отырып жартыжылдықтың соңында салыстырмалы түрде жалпы баға қоямын", - дейді ол. 

Қазіргі уақытта кейіпкеріміз оқытушылық жұмыспен қатар, өзі іргетасын қалаған джиу-джитсу спорт мектебінде бапкер болып жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген чемпиондарды тәрбиелеген. Бұл спортпен 12 жылдан бері айналысып жүр екен.

Қазіргі кезде Ержан Бек-Әли отбасылы, кі баласы бар. Сондай-ақ спорт, шетелде білім алу, тайм-менеджемент сияқты салаларда менторлықпен айналысады. Оның сөзінше, бұл жұмыстың артықшылығы таңғы уақытта сабақ өткізіп болғаннан кейін, оның қолы босап, отбасыға және әртүрлі іс-шараға көңіл бөлуге уақыты болады. Кейіпкеріміз осы уақытқа дейін 9 тілді меңгерген екен. 


Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети