ПОДЕЛИТЬСЯ
13 мая 2020 | 13:01
Қала әкімі, министр кеңесшісі. Қайрат Тұрлыханов қандай қызметтер атқарған?
Кеше Қазақстан ауыр атлетикасы федерациясының құрметті президенті Қайрат Тұрлыханов өмірден озғаны хабарланды. Ол 60 жасында көз жұмды. Еңбек жолында қала әкімі, министр кеңесшісі секілді қызметтер атқарған. Ал басты қызметі ауыр атлетика саласында болды. Tengrinews.kz тілшісі Қайрат Тұрлыхановтың өмірі мен еңбек жолы туралы баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Кеше Қазақстан ауыр атлетикасы федерациясының құрметті президенті Қайрат Тұрлыханов өмірден озғаны хабарланды. Ол 60 жасында көз жұмды. Еңбек жолында қала әкімі, министр кеңесшісі секілді қызметтер атқарған. Ал басты қызметі ауыр атлетика саласында болды. Tengrinews.kz тілшісі Қайрат Тұрлыхановтың өмірі мен еңбек жолы туралы баяндайды.
Спортшының отбасында дүниеге келген
Қайрат Тұрлыханов 1960 жылы Шығыс Қазақстан облысының Таскескен ауданында дүниеге келген. Ол белгілі отбасыда туған. Әкесі Болат Тұрлыханов - грек-рим күресінен спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері. Ал анасы Мәрзия Тұрлыханова - ҚазКСР-дің еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Тұрлыханов Таскескенде Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте білім алған. Кейін Алматыдағы КСРО Ішкі істер министрлігінің мектебінде оқыған. Кейінгі жылдары "Қайнар" университетінде, Еуразия нарық институтында тәлім алған. Бірнеше мамандығы бар - инженер-техник, халықаралық құқықтанушы, қаржыгер-экономист.
Қайрат Тұрлыханов спортшының ұлы болған соң ол спорттан алыс емес. Бала кезінен әкесінен көп нәрсе үйренген. "Таскескен тарланбоздары" кітабында Тұрлыхановтың бала кезіндегі естелігі жарияланған.
"Таскескенде тұрғанда жазғы кезде әкем бәрімізді таңғы 5 жарымдарда оятатын. Ол уақытта өзің білесің, ауылдың жағдайы мәз емес, лагерь дегенің атымен жоқ. Қазіргідей жабдықталған керемет залдар қайдан болсын? Тұра сала малды жайғап тастап, Әкеміздің соңынан Қаракезең жаққа қарай кросс жүгіреміз. Одан кейін сабаққа кетесің. Әкем де, анам да мұғалім болып жұмыс істейді. Таң атқаннан, кеш батқанға дейін мектепте. Айтпағым, Болат атаңның мықтылығы сонда, ауыл спортына көп көңіл бөлді. Мәселен, аудан көлемінде шаңғы тек Алтынсарин мектебінде ғана болатын, әкем өзі тауып алып келді. Ол ол ма, спорттық велосипед, үстел теннисінің жабдықтарын да мектепке алғаш болып әкелген еді. Жаздыкүні Қарақол өзеніндегі тоғанды бассейн сияқты етіп бекітіп, балаларды жүзуге үйрететін", - деп еске алады ол.
Оның айтуынша, Қайрат Тұрлыхановтың әкесі жалақысының жартысын жұмсап, оқушыларын спорт жарыстарына алып барады екен. Олардың арасында Қайрат Тұрлыхановтың өзі де болған.
Қала әкімі, министр кеңесшісі болған
Қайрат Тұрлыханов еңбек жолын ішкі істер органдарында бастаған. Сонда 20 жасынан бастап жеті жыл қызмет етеді. Тәуелсіздік алған жылдары "Мадина" атты жеке кәсібінің директоры болады. Артынша екі жылдай Philip Morris фирмасының қауіпсіздік қызметін басқарады. 1995-1998 жылдар арасында "Бақты" кеденінің басшысы қызметін атқарған.
Ал 2001 жылы ол Семей әкімі болып тағайындалып, бұл қызметте бір жылдай тер төккен. Кейін түрлі жылдары Қауіпсіздік кеңесі хатшысының кеңесшісі, Көлік және коммуникация министрлігі көлік бақылауы комитетінің төрағасы, Көлік және коммуникациялар министрінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Фото: Спорт жекпе-жектері конфедерациясының баспасөз қызметі
Артынша "Ақпараттық өндірістік орталығын", "Көлік сервисі орталығын" болған. Соңғы қызметі - "Вокзал-Сервис" президенті.
Бұл қызметтерден бөлек Қайрат Тұрлыхановтың еңбек жолында депутаттық кезеңдер де болды. 1999 жылы Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты атанған. Кейін Парламент Мәжілісінің депутаттық қызметіне кандидат болған.
"Құрмет" және "Парасат" ордендерімен марапатталған. Одан бөлек ҚР Құрмет грамотасы бар.
Қазақстан ауыр атлетикасын дамытқан
Қайрат Тұрлыхановты көп адам Қазақстан ауыр атлетика федерациясының құрметті президенті ретінде таниды. Отандық зілтеміршілердің ауыр атлетика элитасына кіруіне Тұрлыхановтың еңбегі зор. Ол бірнеше жыл Ауыр атлетика федерациясына басшылық етті. Оған сол кезде жары Ғафура Мұқатбекқызы көмектескен.
"Ғафура спортшылардың жағдайын түзеуге өзі кірісті. Теңдестірілген тағам деп жатамыз ғой. Спортшыға қажетті витамині мол жеміс-жидек, көкөністер, ет, қазы-қарта, балық - бәрін-бәрін өзі таңдап әкелетін. Сөйтіп 10 жыл уақыт ішінде ауыр атлетика саласын аяққа тұрғыздық. Талай атпал азаматтар шықты. Әр өңірде жақсы мектептер қалыптаса бастады. Әлем, Азия чемпионаттарында топ жара бастадық. Қарсылас мемлекеттер өкілдері қызыға да, қызғана қарайтын", - дейді Қайрат Тұрлыханов өз естелігінде.
"Таскескен тарланбоздары" кітабында Тұрлыхановтың сыныптасы Серікқали Еңсебаев оның спортқа деген махаббаты ерекше болғанын айтады.
"Спортқа деген құлшынысы зор еді. Әсіресе шаңғы спортын керемет жақсы көрді, әлі күнге дейін солай, ол биік жоталардан сырғанап, трамплиннен секіруді ұнататын. Әр демалысын Шымбұлақтағы тау шаңғысы базасында өткізетін. Суда жылдам жүзеді Қайрат Болатұлы. Әлі есімде, 2000-жылдардың басында Алакөлде жағалаудан аралға дейінгі қашықтықты (20 шақырым) 4-5 сағатта малтып өтті. Артында оқыс жағдай бола қалса, құтқарушы қайық жүрді. Дегенмен ол мақсатына жетпей тынбайтын марқасқа ғой", - дейді Еңсебаев.
Спортты сүйетін Қайрат Тұрлыханов дзюдо және тау шаңғысынан спорт шеберіне үміткер болған. Ал кейінгі жылдары Азия ауыр атлетика федерациясының вице-президенті қызметін де атқарған.
Қайрат Тұрлыханов пен Ғафура Тұрлыханова үш баланы тәрбиелеп өсірген. Олардың бірі - Рахат Тұрлыханов. Ол жас кезінде әнші ретінде танылған, артынша Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінде жұмыс істеген.
Тұрлыхановтар отбасынан спорт саласындағы басқа да танымал адамдар бар. Оның інісі Дәулет Тұрлыханов күрестен 1988 жылғы Олимпиадада күміс, 1992 жылғы Олимпиадада қола медаль иеленген.
Қайрат Тұрлыханов бірнеше тілде еркін сөйлеген. Қазақ және орысшадан бөлек, жапон, түрік және ағылшын тілін меңгерген.
Показать комментарии
Читайте также