РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
27 мая 2019 | 22:11

"Жыртқыштармен жұмыс істеу оңайырақ". Zoo қызметшісінің әңгімесі

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сурет: almatyzoo.kz Сурет: almatyzoo.kz

Алматыдағы хайуанаттар бағында қара жұмысшы болып істеп жатқаныма 15 жылдан асты. Бұл жұмысқа 2003 жылы кірген болатынмын. Ол кезде жасым 19-да еді. Басында өзіме қауіпсіз деп санап, маймылдармен жұмыс істедім. Олармен жұмыс істеу оңайырақ. Тамағын береміз, серуендетіп қайтамыз.


Алматыдағы хайуанаттар бағында қара жұмысшы болып істеп жатқаныма 15 жылдан асты. Бұл жұмысқа 2003 жылы кірген болатынмын. Ол кезде жасым 19-да еді. Басында өзіме қауіпсіз деп санап, маймылдармен жұмыс істедім. Олармен жұмыс істеу оңайырақ. Тамағын береміз, серуендетіп қайтамыз.

Маймылдар адам секілді. Жаңа туған балалары адам баласына ұқсайды. Кішкене өсіп қалған кезінде арқама салып жүретінмін. Өздері де кішкентай балаша қасыма келіп қолын созып тұрады. Көтер дегені. Сондай-ақ, кішкентай кезінде велосипедке отырғызып үйреттік. Күнде велосипедін көрсетіп, мені сүйре дегендей ишара білдіреді. Олармен жұмыс күні көңілді өтеді.

Маймылдан арыстандарға көштім

Маймылдармен 13 жыл жұмыс істеген соң басқа бөлімге ауысайын деп шештім. Себебі маймыл қауіпсіз болғанымен, оның артын тазалап жүру үлкен жұмыс. Өйткені олар торды жиі ластайды. Қысы-жазы соны тазалаумен жүреміз. Аяғымызға "боти" киіп, қолымызға құбыршек ұстап, орындарына су шашамыз. Ал менің бүйрегім ауыратын, сондықтан денсаулығымды ойлап, жыртқыш аңдар бөліміне ауысып кеттім.

Осылайша, соңғы үш жыл бойы сол бөлімде жұмыс істеп жатырмын. Қазір менің қарауымда 11 жануар бар. Олар - арыстандар мен жолбарыстар. Арасында адам жетіспегенде басқа да аңдармен жұмыс істейміз. Көбіне, ягуар, пума мен қабыланға жібереді.

Жыртқыштармен жұмыс істегеннің жақсы жері - олардың артын маймылдардай жиі тазалаудың қажеті жоқ. Бұл денсаулығымды ойлап жүрген мен үшін дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Әрине, жыртқыш аңдар бөліміне енді ауысып жатқанда өте қорқынышты болды. Ең бірінші мен кірген аң - қабылан. Оған тамақ беруге кіргенім әлі есімде. Қатты қорыққаннан қолым дірілген. Бірнеше күн сөйтіп жүрдім. Кейін үйреніп кеттім.

Қазір өз адамымыз дегендей қарайды

Аңдар да саған бірден үйренісе қоймайды. Басында адам жатырқайды. Өзін аулақ ұстайды. Бірақ тілін тауып алған соң, олар да өз адамын танып алады. 2-3 күндей жатырқап жүреді. Сосын ақырындап үйрене бастайды. Ырылдап, айтқаныңды істемей, жатып алады. Кейін даусыңды естісе, қасыңда әрі-бері жүгіріп жүреді. Қазір даусымнан танып, өзіміздің адам дегендей болады.

Жұмысқа таңғы 7:30-да келіп, аңдардың жағдайын қарап шығамын. Олар сау ма, ауырып жатқан жоқ па - соны тексеремін. Ал жарты сағаттан соң жұмыс күні басталады. Жыртқыш аңдарға тек сиыр етін ғана береміз. Күнделікті жейтіндері сол. 

Одан кейінгі жұмысымыз - аңдардың торын тазалау. Торды жинау үшін бірден екі адам кіреміз. Жалғыз кіруге болмайды - қауіпті.  Аңдарды екінші торға кіргіземіз де, бірінші торды тазалап қоямыз. Кейін екіншісін де сөйтеміз. Сол кезде кірген есігіңнің құлпын жауып жүру керек. Егер ұмытып кетіп, есік ашық қалып, аң саған шабуыл жасаса - өзің кінәлі боласың. Себебі қауіпсіздік техникасына қол қойған өзіміз. Ертең ешкім жауап бермейді.

Кейбіреулер аңдарға тас лақтырады

Жыртқыш аңдар 1,5 жасқа жеткенше ғана олармен бір торда бола аламыз. Одан кейін олар адамға тиісіп, шабуыл жасай бастауы мүмкін. Ал кішкентай кезінде торына кіріп, тамағын беріп, ойнатамыз. Ал 1,5 жастан асқан соң олармен оңаша қалмау керек. Қанша дегенмен, жыртқыш аң ғой, торларына жалғыз кірмейміз.

Бірақ аңдарда аса агрессия жоқ. Тек тамақ әкеле жатқан кезде ырылдайды. Әйтпесе, адамға шабуыл жасағанын көрмеппін. Оларды мысықтың үлкен түрі деп жатады ғой. Расымен, қасыңда мияулап тұрады кейде.

Кейде хайуанаттар бағына келген адамдар оларды шаршатып жібереді. Адамдарға жыртқыштардың демалып жатқаны керек емес қой. Олар жүрсін, тұрсын деп тас лақтырады. Олай ашуландырмаған дұрыс.

Кей адам "Жануарларға тамақ бермеңіздер" деген жазуға қарамайды. Хайуанаттар бағына келген қонақтар оларға піскен ет, кәуап лақтырып жатады. Ал жыртқыштарға ондайды беруге болмайды. Майлы тамақтар жесе, іштері өтіп, ауырып қалады.

Хайуанаттар бағында жұмыс істеп жатқаныма 15 жыл болған. Осы уақыт ішінде төтенше жағдай болғаны есімде емес. Жануарлар да бізді жақын танып алған. Тамақ әкеліп бере ме деп, даусымызды аңдып жүреді. Біз де оларды сағынып қаламыз.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети