10 шілдеде Дубайда коронавирус жұқтырған соңғы науқас ауруханадан шықты. Қала карантиннің аяқталуы мен коронавирусты жеңіуіне байланысты полиция қызметкерлері қаланың орталық көшесінде дабыл қосып, әлемдегі ең биік ғимарат Бурж Халифада жарық шоуы болды. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең үлкен қала коронавирус пандемиясын қалай жеңді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.
10 шілдеде Дубайда коронавирус жұқтырған соңғы науқас ауруханадан шықты. Қала карантиннің аяқталуы мен коронавирусты жеңіуіне байланысты полиция қызметкерлері қаланың орталық көшесінде дабыл қосып, әлемдегі ең биік ғимарат Бурж Халифада жарық шоуы болды. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең үлкен қала коронавирус пандемиясын қалай жеңді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.
Қаладағы қазіргі жағдайды бізге Дубайға отбасымен екі жыл бұрын жұмысқа шақырту алып, көшіп кеткен Гүлдана Нұсқабаева баяндап берді. Оның айтуынша, бүгінде жергілікті халық қалыпты өмірге оралған.
"Дегенмен, адамдардың көзінен үрей мен қуанышты қатар байқауға болады. Халық көп жиналатын жерлерде, көшеде халықтың маска тағуы міндеттелген. Арақашықтық сақталуы тиіс жерлердің бәрінде арнайы белгілер орнатылған. Оны тұрғындар саналы түрде сақтайды", - дейді Гүлдана.
Оның айтуынша, Дубайдың коронавирус пандемиясын жеңуіне елдегі темірдей тәртіп себеп болған.
"БАӘ-де әр әмірліктің өзіне сай заңдары бар. Оның ішінде, Дубайда шетелдік азаматтар, яғни, резиденттер жергілікті араб тұрғындардан көп және олар мұндағы қатаң тәртіпке бағынады. Сәйкесінше, Дубайдың медицина саласының қызметкерлері және тұрғындардың карантин талаптарын сақтауды қамтамасыз етіп, бақылауда ұстап отырған ішкі істер қызметкерлері де өз міндеттерін өте жақсы атқарып шыққанын айтқым келеді. Мұндағы халықтың жауапкершілігі өте жоғары, темірдей тәртіп пен кешірімі жоқ жоғары айыппұл көп жерде рөл ойнайтыны анық", - дейді Гүлдана.
Кейіпкеріміз елде карантин кезінде шектеуді бұзғандарға салынған айыппұлдар туралы айтып берді. Оның ішінде:
- медициналық масканы тақпау, созылмалы аурулар, тұмау симптомы бар жағдайда әлеуметтік қашықтықты сақтамағанда - 1000 дирхам (112 мың теңге);
- бір көлікте үш адамнан көп жолаушы тасымалдаған жағдайда - 1000 дирхам;
- үй карантинін бұзған жағдайда - 50 мың дирхам (5,6 миллион теңге);
- көшеде, базарда, қоғамдық орындарда карантин режимін бұзған жағдайда - 3000 дирхам (337 мың теңгедей) айыппұл салынған.
Гүлдана қаладағы жергілікті билік қалай әрекет еткенін айтып берді. Оның сөзінше, карантин кезінде адамдар дүкенге бару үшін де арнайы рұқсат алуы керек болған.
"Жергілікті биліктің қалыптастырған тәртібі мен шаралары өте қатаң болды. Мысалы, дүкенге шығу үшін де рұқсатнаманы онлайн сайт арқылы аласыз. Әрбір резидентцияның алдында полиция қызметкерлері онлайн тексеріп, рұқсатыңыз болмаған жағдайда айыппұл жазып берді. Жеңіл көліктерді де камера арқылы тексерістен өткізіп, рұқсатсыз жүргендерге айыппұл автоматты түрде SMS арқылы жіберіліп тұрды.
Дезинфекциялау шаралары жүйелі және қатаң түрде жасалып отырды. Дубай бұл кезеңде де өзінің "болашақтың қаласы" екенін жоғары технологияның дамығандығы арқылы көрсете білді. Яғни, дрон арқылы жүруге болмайтын жерлердің бәрінде хабарламалар жасалып, бей-берекет жүрген тұрғындарға айыппұл салынды. Сонымен қатар, тікұшақтардың көмегімен ауаға арнайы технология арқылы бұлт жасап, дезинфекция құралдарын бұлтқа қондырып, жасанды жаңбыр арқылы бүкіл қаланы дезинфекция жасап отырды", - дейді Гүлдана.
Гүлдана Нұсқабаева жарымен © instagram.com/guldana_nuskabayeva
Гүлдана Нұсқабаеваның айтуынша, елде коронавирусқа байланысты фейк ақпарат таратқандар да болған.
"Иә, әр елде вирусқа сенбейтіндер болды. Дубайда әр ұлттан жиналған өкілдердің өзара байланысу құралы бар. Үнді, филиппин, орыс тілді азаматтардың арасында жекелеген мессенджерлерде ондай мәліметтердің болғаны анық. Бірақ, жергілікті биліктің тарапынан болатын жаңалықтардың араб тілінде тарағандықтан ТМД елдерінен жиналған орыс тілді азаматтар оған мән бермейміз. Өзімізге қатысты виза бойынша жаңалықтар немесе резиденттерге арналған қандай да өзгертулерді ғана өзара талқылаймыз", - дейді қала тұрғыны.
Сонымен қатар, пандемия өршіп тұрғанда елдегі көптеген азамат еліне қайтып кеткен.
"Бастапқы сәтте екі апталық карантин жарияланғанда барлық қоғамдық орын жабылып, біраз шетелдік азамат елдеріне қайтып кетті. Тек медициналық құжаттарды онлайн алып, тамақ және басқа да азық түлік дүкендері жеткізу қызметі арқылы жұмыс істеді. Бұл жағынан аса қиын болды деп айта алмаймын. Әдетте жаз басталғанда күннің ысуына байланысты тамызға дейін күндіз көшеде адамдар көп жүрмейтін, жағажайлар таңғы уақытта және күн батқаннан кейін ғана қолданыста болған. Қазір барлығы қалыпты жағдайдағы жұмыс режиміне көшті, кей мекемелерде техникалық және басқа да жастқа байланысты жұмыс кестесінде өзгерістер бар", - дейді Гүлдана.
Қалада карантиннің аяқталуы мен Дубайдың коронавирусты жеңуі ерекше аталып өткен. Полицейлер орталық көшелерде сирена жасап, Бурж Халифа ғимаратында шоу болған. Ал карантин кезінде күн сайын медицина қызметкерлеріне қошемет көрсеткен.
"Локдаун, яғни, барлық тиым салынған шараның алынуы және қоғамдық орындар мен ойын сауық орталықтарының жұмыс жасай бастағаны, әрине, басқаша әсер тудырды. Мессенджерлер мен жергілікті сайттарда алдын-ала келісіліп, полиция және медицина қызметкерлеріне тұрғындар күн сайын балкондарға шығып, шапалақ ұрып, құрмет-қошеметін білдіріп жатты. Бұл шараны жасаған сәтте тұрғындардың оларға деген құрметі мен сенімін сезінуге болады. Шоуды, өкінішке қарай, көре алмадым. Полиция қызметкерлері сирена қосып, ең үлкен даңғылдар арқылы парад жасаған болатын. Ол үлкен әсер қалдырды", - дейді Гүлдана.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Дубайдағы карантиннің аяқталуына арналған шеру. Видео: @ztb_video
Гүлдана Нұсқабаева індеттің елдегі біраз нәрсені өзгерткенін, түрлі ой салып, құндылықтардың айырмашылығын түсіндіргенін айтады. Оның айтуынша, пандемия аяқталған елде өмір сүрген басқаша әсер қалдырады.
"Ия, апталап үйде отырған тұрғындарға эмоционалды және психикалық тұрғыда әсер еткен карантин шаралары мен жалдамалы пәтердегі шетелдік азаматтар үшін барлығының аяқталып қалыпты өмір сүре бастауы, әсіресе, үкімет тарапынан қаралып жатқан экономиканы аяққа тұрғызу, шағын және орта бизнеске көрсетіліп жатқан қолдаулар мен шаралар елдің әлеуметтік жағдайының тездетіп реттелетініне сенім ұялатады. Биылға жоспарланған EXPO көрмесі келесі жылға шегерілгенімен, дайындық шаралары қызу жалғасып жатыр", - дейді кейіпкеріміз.