РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
02 ноября 2020 | 10:12

"Интернеті жоқ оқушылар бар". Пандемия мұғалімдерге қалай әсер етті?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ұлжан Несіпбекованың жеке қорынан Ұлжан Несіпбекованың жеке қорынан

Tengrinews.kz пандемия әр саладағы қазақстандықтардың жұмысына қалай әсер еткені туралы топтамасын жалғастырады. Өткен аптада журналист өз жұмысы туралы айтып берген. Бұл жолы мұғалімнің коронавирус кезіндегі жұмысына тоқталамыз.


Tengrinews.kz пандемия әр саладағы қазақстандықтардың жұмысына қалай әсер еткені туралы топтамасын жалғастырады. Өткен аптада журналист өз жұмысы туралы айтып берген. Бұл жолы мұғалімнің коронавирус кезіндегі жұмысына тоқталамыз.

Ұлжан Несіпбекованың ұстаздық қызметте жүргеніне 23 жыл болған. Қазір Алматыдағы №139 мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиет пәндерінен сабақ береді.

Оның айтуынша, пандемия мұғалімдердің жұмысын қиындатқан. Себебі қазір олар оқушыларына қашықтан білім беріп жүр. Енді оқушылардың сапа көрсеткіші төмендеп кетпесе екен деп алаңдайды.

"Қашықтан оқыту мұғалімдер үшін аса қиын болды. Пандемия салдарынан мұғалімдердің жұмысы екі есе қиындай түскені рас. Оқушыларды қашықтан оқытуда сапа көрсеткішінің түсіп кетпеуіне қатты алаңдадық. Қай платформамен оқыту бала үшін, мұғалім үшін қиындық тудырмайды деген сұрақ туындады. Қашықтан оқытуға дайын емес екенімізді, әлі де мұғалімдерді дайындайтын семинар, курс керек екенін ұқтық. Әрине, білім мазмұнынан бөлек, техникалық тұрғыда да қиындықтар туындады. Жарықтың сөніп қалуы, интернет істемей қалуы оқушылардың білім алуына да, ұстаздардың білім беруіне де қиындық туғызғаны рас", - дейді Несіпбекова.


Ұлжан Несіпбекованың жеке қорынан

Оның сөзінше, әр бала үйден сабақ оқыса, оның тақырыпты қаншалықты ұққанын білу қиын. Оның үстіне, қорытынды жұмыстарды да қалай жазғанын тексеру қиын екен.

"Әрине, пандемия кезінде басқа амал жоғын түсінемін. Бірақ қашықтан оқыту елімізде өте тиімсіз секілді көрінеді. Балалардың сапалы білім алуына кері әсерін тигізіп жатыр. Оқушылардың білім сапасы түсіп кете ме деген сұрақ өзімді қатты алаңдатады. Оқушылардың білім көрсеткіші төмендейтіні анық. Жазба жұмысын бір-бірінен көшіріп алатын, интернеттен жауабын қарап жазатын балалар қаншама. Біз оларды қашықтан отырып бақылай алмаймыз. Балалардың бағдарламаны қаншалықты меңгеріп, қорытынды жұмыстарды қаншалықты өзі орындап отырғаны күмән туғызады", - дейді мұғалім.

"Камераны өшіріп қойып, тамақ ішіп аламыз". Қазақстандық оқушылар қашықтан оқу туралы

Ұлжан Несіпбекова кезекші сыныптарға сабақ бермейді. Қазір тек қашықтан білім беріп жатыр. Ол пандемияға дейінгі және пандемия кезіндегі оқытудың басты айырмашылығын атады.

"Біріншіден, бұрын оқушылардың сабаққа толық қатысуын қадағалау оңай болса, пандемия кезінде өте қиын. Оқушылардың сабаққа қатыспауына себеп көбейіп кетті. Жарық өшіп қалғанын айтып немесе интернетті сылтау қылып, сабақ оқығысы келмейтін оқушылар да бар. Расын айтқанда, интернеті жоқ немесе нашар жұмыс істейтін интернетпен отырған оқушылар жеткілікті", - дейді ол.


Ұлжан Несіпбекованың жеке қорынан

Сонымен қатар, оқушыларды ҰБТ-ға дайындау да қиындық туғызған.

"Тағы бір айырмашылығы - пандемияға дейін оқушылардың ҰБТ-ға дайындығын жүргізу, қадағалау жоғары деңгейде болған. Ал қазір оқушыларды дайындау қиындады. Одан бөлек, бұрын білігімізді көтеру мақсатында әріптестердің сабағына қатысып, тәжірибе алмасу болатын, ал қазір сол жағынан қиындық туып тұр", - дейді Несіпбекова.

Мұғалімнің айтуынша, қазір кей оқытушыға өз пәнін жетік білгеннен бөлек, техника тілін де үйренуге тура келген.

"Мұғалімдер қашықтан сабақ беру үшін жан-жақты дайындалуы керек. Өз пәні ғана емес, техниканы да жоғары деңгейде білмесең, сапалы сабақ өте алмайсың. Оқушыларға ыңғайлы болуы үшін түрлі платформамен жұмыс істеп үйрену қажет. Оқушының жұмысын қашықтан тексеріп бағалаудың өзі мұғалім үшін қиын", - дейді ол.

Несіпбекова коронавирус қауіпті екенін түсінеді. Сондықтан, оқушыларын аурудан сақтануға шақырады. Өзі де жазда ауырып шыққан екен.

"Пневмония мен коронавирустан аманбыз. Бірақ туыстарым, жақындарым ауырып шықты. Өзім де иіс пен дәм жоғалтып, екі күн дене қызуым көтерілді. Бірақ тест тапсырғаным жоқ. Қазір бәрі жақсы", - дейді мұғалім.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети