Қазақ халқының салт-дәстүрінде шашу ғұрпы ерекше орын алады. Кез келген жақсылыққа қазақ "той тойға ұлассын" деп шашу шашқан. Алайда этнограф Болат Бопайұлының сөзінше, әуел баста шашу басқа мақсатта қолданылған екен. Бұл туралы этнограф Tengrinews.kz тілшісіне айтып берді.
Қазақ халқының салт-дәстүрінде шашу ғұрпы ерекше орын алады. Кез келген жақсылыққа қазақ "той тойға ұлассын" деп шашу шашқан. Алайда этнограф Болат Бопайұлының сөзінше, әуел баста шашу басқа мақсатта қолданылған екен. Бұл туралы этнограф Tengrinews.kz тілшісіне айтып берді.
Этнограф ерте заманда қандай кезде шашу шашылғанын түсіндірді.
"Қазақ дәстүрінде шашу - салтты ғұрыпқа жатады. Бұл дәстүр сонау көктүріктер заманынан бастау алады. Ең алғашында жорықтан жауын жеңіп оралған қас батырлардың алдынан шашу шашып қарсы алатын болған. Кейін барлық қуаныш тойға арналған тамаша салтқа айналды", - дейді Болат Бопайұлы.
Артынша қазақ көптеген қуанышты шашумен бастаған.
"Қазақ шашуды бала туғанда, бала тұсауын кескенде, ұл баланы сүндетке отырғызғанда, келін түсіргенде, күйеубала келгенде, отау көтергенде, батыр, балуандар жеңіске жеткенде, аты бәйгеден келгенде, алыс сапардан жолаушы оралғанда, ұлы думан той жасағанда, құда келгенде, көлік алғанда, қуанышты жиынның бәрінде шашу салтын өткізеді", - дейді маман.
Этнографтың айтуынша, шашуды ер адам шашпайды.
"Қазақ жосынында шашуды әйел адамдар шашады. Ер адам шашпайды. Ер адамдар шашу шашса ерсі көрінеді, әйелі тілін алмайтын болады. Ер адамның рухы төмендейді деп ырым етеді. Ал шашуды әйел адам шашқанда ақ жаулықты ана, жасы үлкен ел мен жұртқа құрметі бар, даңсалы аналар шашады. Екінің біріне шашу шашқыза бермейді. Сондай аналар шашу шашса, қуаныш арт-артынан жалғасады деп сенеді. Жақсы ырымға бағалайды. Шашуда кие болады. Ол қуаныш дәмі. Оны аяққа басуға, аттап кетуге, термей жерге тастап қоюға болмайды. Олай етсе, үйден қуаныш үзіледі, дәм азаяды деп қорқады. Шашқан шашуды ертеде адамдар қалталарына салып, үйлеріндегі балаларына беретін болған. Сол қуаныш біздің де ұрпақтарымызға жұғысты болсын деген ырымы", - деп түсіндірді этнограф.
Болат Бопайұлы шашуға не салған дұрыс екенін түсіндірді.
"Қазақ аналары шашу дәніне құрт, ірімшік, баурсақ, тәтті, күміс теңге қосып шашады. Ақ жол болсын, дән көп болсын, береке болсын деген ниетпен шашылған шашуды дүйім жұрт қуана қабыл алады. "Тоқ тойды шашуына таны" деген тәмсіл сөз содан қалған", - дейді маман.
Этнографтың сөзінше, шашудың екі түрі болады:
"Бірі жоғарыда айтқан "Дән шашу". Енді бірі ақ дастарханға әр алуан дән мен дәм түйіп, қоржынға басқа да бағалы тойлық заттар салып әкеледі. Оны қазақ "Қоржын шашу" деп атайды. Ал шашуға ауыр салмақты заттар мен ет, сұт, айран, қымыз қымталған заттар мен құмыралар салмайды. Қамалып, пешеттеліп тұрған заттар жол тосады деп ырымдайды. Әрі шашуға ығайсыз деп қарайды", - дейді этнограф.
Болат Бопайұлы шашу ашық шашылатынын айтады. Көбіне құттықтау салты ретінде өткізіледі.