Наталья Пан - онкологияны жеңе алған жандардың бірі. Оның оқиғасы біреуге мотивация, біреуге үлкен дабыл, себебі денсаулықты қазірден бастап күту керек. Келіншек жаман аурумен бес жыл күрескен. Қатерлі ісік бірінші сатыда анықталғанымен, алған емінен жөнді нәтиже болмаған соң ауруы ушығып, үшінші сатыға дейін барған. Десе де Наталья бұған да мойымады, сау болудың жолын тауып, қазір тіпті түрлі аурудан ем іздеген жандарға көмектеседі. Tengrinews.kz тілшісі Наталья Панмен сөйлесіп, қатерлі ісікті қалай жеңгенін, денсаулықты сау қалпында қалай сақтау керегін және елімізде неге бұл ауруға шалдығатындар көбейіп бара жатқанын сұрады.
Наталья Пан - онкологияны жеңе алған жандардың бірі. Оның оқиғасы біреуге мотивация, біреуге үлкен дабыл, себебі денсаулықты қазірден бастап күту керек. Келіншек жаман аурумен бес жыл күрескен. Қатерлі ісік бірінші сатыда анықталғанымен, алған емінен жөнді нәтиже болмаған соң ауруы ушығып, үшінші сатыға дейін барған. Десе де Наталья бұған да мойымады, сау болудың жолын тауып, қазір тіпті түрлі аурудан ем іздеген жандарға көмектеседі. Tengrinews.kz тілшісі Наталья Панмен сөйлесіп, қатерлі ісікті қалай жеңгенін, денсаулықты сау қалпында қалай сақтау керегін және елімізде неге бұл ауруға шалдығатындар көбейіп бара жатқанын сұрады.
"Онкологияның бір жаманы - ерте кезеңде анықтап үлгермеуің мүмкін, симптомсыз өтуі де ғажап емес", - дейді кейіпкеріміз. Наталья Пан жаман ауруға шалдыққанын үшінші қызын босанған соң білген.
"Біз дәрігерге тұра алмай қалғанда бірақ барамыз. Қандай да бір белгілер пайда болғанның өзінде дәрігерге барғымыз келмей, тексеруді кейінге қалдырамыз, менталитет сондай. Мені де ауру мазаламады, үшінші қызыма жүкті кезім еді, жүктілік жеңіл өтті. Бірақ босануға аз қалғанда кенеттен қан кетіп, шұғыл түрде кесарь тілігін жасауға тура келді. Кейін тексеруден өттім, талдаулар тапсырып, бастапқы кезеңдегі жатыр мойны обыры бар екені анықталды", - дейді ол.
Наталья Пан жатыр мойнының жарасы бұрыннан бар екенін білген, бірақ гинекологтар "қорқатын ештеңе жоқ, босанған соң өзі кетеді, жараның бетін өңдеудің қажеті жоқ" деген.
"Бірақ екі рет босанған соң жоғалып кетпеді, содан кейін қатерлі ісікке айнала бастаған болуы мүмкін. Гинекологтарға кінә артпаймын. Себебі олар біздегі денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері ғана. Біз ауруларды ерте диагностикалауға өте аз көңіл бөлеміз", - дейді ол.
Келіншек ісік барын білгенде тәлтіректеп, жүре алмай қалғанын айтты.
"Неге мен?" деп айғайлағым келді. Қолымдағы сәбиім үшін қорықтым. Бірақ Лианам мен тағы екі үлкен қызым, жұбайым сабыр етіп, тығырықтан шығудың жолын іздеуге үлкен серпін болды. Күйеуім Евгений қатты қолдау көрсетті. Диагнозды айтқан кезден бастап, химиотерапия алғанда да қолымды жібермеді. Ол әрдайым жанымда болды, Оңтүстік Кореяда да. Жоқ болған кездің өзінде, Қазақстанда менің еміме ақша тауып жүрді. Дәрігерлер не айтса да, "Наташа, бір нәрсе ойлап табармыз" дейтін. Мен мұны ұмытпаймын, ол нағыз ер адам. Әрине, ата-анам, туыстарым мен достарым да қатты қолдады. Мұндай командасыз жеңе алар ма едім? Ауырғанда өмірге басқа көзбен қарайсың. Отбасынан бөлек, менің мотиваторым - өмірдің өзі екенін түсіндім. Мен өмірді өте жақсы көремін", - дейді ол.
Қазақстан, Ресей, Оңтүстік Корея - Наталья Пан емделген елдер
Келіншек алдымен Қазақстанда ота жасатқанын айтты. Алайда диагностикадан қате кетіп, ауруы қайта шыққан.
"Оны бір жарым ай күттім, өйткені ең мықты маманға барғым келді. Ол бәрін дұрыс жасады, бірақ диагностикадан қате кеткен. Тексеру дұрыс жасалмаса, анализдерді оқуда қателік жіберілсе, диагноз дұрыс қойылмауы мүмкін, салдарынан онколог хирург дәл емес нәтижелерге сүйенеді. Осыдан ісік қайта пайда болды. Ресей медицинасын сынап көрдім, Мәскеуде ең жақсы деген институттан радио терапия алдым. Бірақ ол да нәтижесіз - ісік қайта шығып, өкпеме тарап кетті", - дейді Наталья.
Осыдан кейін Оңтүстік Кореяға барған. Оның айтуынша, диагнозын білгеннен кейін бірден Кореяға ұшып кеткенде, тезірек және арзанға емделіп шығар еді.
"Бес жыл ішінде өте көп ақша жұмсадық. Барымызды саттық, достардан қарыз алдық. Мен Кореяға барғанда ісіктің үшінші сатысы болды. Оған, әрине, көптеген тексеріс пен химиотерапия қажет, операциялар деңгейі де қиынырақ болғаны сөзсіз. Мен оларға аурудың бірінші кезеңінде барсам, емделіп шығуыма 5 мың доллар жетер еді, әлдеқайда ерте сауығатын едім", - дейді ол.
Оңтүстік Корея неге жыл сайынғы чек-апқа баса назар аударады?
Наталья Пан Оңтүстік Кореяда жергілікті тұрғындар жыл сайын денсаулығына тексеріс жасайтынын айтады.
"Иә, корейлер өз денсаулығына өте жауапкершілікпен қарайды. Бірақ бұған да мотивация бар. Олар тексеруден өтпесе, мемлекеттен емделуге сақтандыру ала алмайды. Ал мемлекет халықты осылай тексеру арқылы ауруларды ерте кезеңте анықтайды. Себебі оларды емдеу әлдеқайда арзан, оңай және тиімді. Бізде ондай жүйе жоқ. Иә, скринингтер бар, бірақ адамдар оған да әрең барады. Сондықтан бұл кешенді мәселе. Денсаулық сақтау жүйесін басқаруда жаңа технологияларды енгізу үшін уақыт қажет. Кінәлілерді іздеудің қажеті жоқ, бірақ қорытынды жасау керек. Мен өзім үшін тек шетелде емделгім келетінін түсіндім", - деді келіншек.
"Денсаулықпен ойнауға болмайтынын түсіндім"
Наталья Пан жаман ауруды жеңсе де, денсаулық кез келген уақытта өзгеруі мүмкін, ол тұрақсыз деген пікірде. "Ал оны бабында сақтау үшін физикалық тұрғыдан жұмыс істеп қана қоймай, ойыңды да таза ұстау керек" дейді ол.
"Бұл күнделікті еңбек. Аурудан кейін физикалық тұрғыдан ғана емес, ақыл-ой жағынан да жақсардым деп айта аламын. Қазір мен өмірге деген көзқарасы, құндылықтары өзгерген басқа адаммын.
Бес жылда денсаулықпен ойнауға болмайтынын түсіндім, қартайғанды немесе қандай да бір белгілерді күтпей, оны қазірден қолға алу керек. Өміріме спорт қосып, жейтін тамағымды өзгерттім, тіпті нутрициология бойынша курстар оқып, осы бағытта дипломы бар маман атандым. Өміріме пайдалы әдеттерді күнделікті енгізіп отырамын. Оңай емес, бірақ қолымнан келіп жатыр. Қазір Instagram-да "Мен саумын" деген реалити жүргіземін, онда мықты мамандармен бірге өмірге салауатты әдеттерді енгізу, аурудың алдын алу және Қазақстанда қайда чек-ап жасауға болатыны туралы айтамыз. Адамдар маған қарап өзі қалт жіберген жерін көре алады", - дейді ол.
Наталья адамдарға қалай көмектесе бастады?
Наталья Пан адамдарға өзі емделіп жүргенде көмектесе бастаған. Өйткені, оның айтуынша, білместіктен жіберген қатесі көп.
"Интернеттен дәрігерлерді, шетелде ем алу жолдарын зерттей бастадым. Осылайша сәтті де, сәтсіз де талпыныстардан үлкен тәжірибе жинадым. Палатада менімен жатқан адам қате жасап жүргенін көрсем, айтатынмын. Кейін таныстар арқылы адамдар хабарласып, дәрігер табу жолдарын, шетелге қалай ұшып, баспана табуға болатынын сұрайтын. Нәтижесінде, бұл менің өмірлік ісіме, "Ловец врачей" компаниясына айналды. Қазір Түркия мен Оңтүстік Корея профессорларымен жұмыс істейміз", - дейді келіншек.
"Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ"
Статистикаға сүйенсек, 2020 жылы республикамызда 32 526 адамнан қатерлі ісік анықталған. Наталья Пан Қазақстанда онконауқастар азаюы үшін не істеу керегін айтты.
"Республикада онкопациенттердің көбеюі немен байланысты екенін нақты айта алмаймын, бұл Денсаулық сақтау министрлігіне қатысты мәселе. Басқа елдердің, Жапония мен Оңтүстік Кореяның тәжірибесін мысалға келтіре аламын. Мұнда аурудың ерте диагностикасы басты назарда. Бұл уақытылы ем алуға мүмкіндік береді. Осыдан жағдайы ауыр науқастардың саны азаяды. Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, тәжірибелі мемлекеттердің технологиялары мен тәжірибесін енгізу қажет", - деді ол.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!