Бұрын қазақтар Наурыз мерекесін қазіргідей 22 наурызда тойламаған. Еліміздің әр өңірі өз бетінше атап өткен. Бұған әр аймақтың тұрмысы, ауа райы себеп. Этнограф Бағдат Мүптекеқызы Tengrinews.kz тілшісіне бұрын қазақтар Наурызды қалай атап өткенін айтып берді.
Бұрын қазақтар Наурыз мерекесін қазіргідей 22 наурызда тойламаған. Еліміздің әр өңірі өз бетінше атап өткен. Бұған әр аймақтың тұрмысы, ауа райы себеп. Этнограф Бағдат Мүптекеқызы Tengrinews.kz тілшісіне бұрын қазақтар Наурызды қалай атап өткенін айтып берді.
Оның сөзінше, Наурызды дінмен байланыстыратындар қателеседі. Бұл мереке дінге дейін пайда болған.
"Мұны ұлттық мереке деп атауға болады. Себебі ата-бабамыз ескі заманнан бері Наурызды көктем мерекесі, жылдың басы деп тойлаған. Бұрын ауқатты адамдар ірі қара сойып, соның етіне арпа, бидай, тары секілді жеті дәм қосып, жағдайы төмен адамдарға таратқан. Жылы-жұмсағын, қазы-қартасын қазанға салып, оның төрт құлағына төрт жапырақ май салып, бір күнге жетерлік көже жасайды. Бұл ежелден қалыптасқан дәстүріміз деп айтуға болады. Көжені үй-үйді аралап, Наурызбен құттықтап келгендерге берген. Келе алмай қалғандарға да сыбағасын беріп жіберген. Қазанның төрт ұлағына май салуы төрт түлігіміз сай, төрт құбыламыз түгел болсын дегені. Ғұмырымыз ұзақ болсын, ел-жұртқа абыройлы болайық деген сеніммен кәрі жілік қосқан", - дейді этнограф.
© Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві
Наурызды қазақтар жыл бастауы деп ұққан, сондықтан баладан қарияға дейін бұрын көп киілмеген немесе жаңа киімін киеді екен. Бұл жаңа жылды жаңаша бастаймыз деген ниеті. Жаңа киіммен, мол дастарханмен қарсы алсаң, жылың солай өтеді деп сенген.
Маманның айтуынша, бұрын ұлыс күнін қазіргідей 22 наурызда ғана атап өтпеген. Мерекенің нақты бір күні де болмаған. Қыстан аман құтылған өңірлер мерекені өз бетінше тойлай берген.
"Бұрын қазақтар ру, тайпа болып тұрған. Ақпанның екінші аптасында әр ауылдың ақсақалы бас қосып, "Осы аптада біз Наурыз өткіземіз, келесі аптада сіздер өткізіңіздер" деп келісіп алған. Сол кезде наурыз басталмас бұрын, қыстан шыққан ауылдар тілеуіміз бір деп, тілеу көже жасаған. Кейін сол тілеу көже қазіргі наурыз көжеге айналды.
Бұрын қазіргідей күнтізбе болмады. Бірақ қазақтар бәрін аспанға қарап біліп отырған. Қазіргідей Наурызды атап өтетін нақты күні болмаған. Мысалы, ауа райы жылылау оңтүстік тұрғындары Наурызды ертерек атап өткен. Кейін шығыс пен батыс, солтүстік елі Наурызды тойлаған. Былайша айтқанда, ақпаннан сәуірге дейін еліміздің түкпір-түкпірінде мереке өткен. Мысалы, біздегі сабантойдың нақты уақыты жоқ, егін жиналар кезде атап өтіледі. Наурыз да күн жылыған кезде тойланған", - дейді Бағдат Мүптекеқызы.
© Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві
Этнографтың сөзінше, Наурыз күні ақсақалдар ең бірінші ақ батасын сайлаған. Әрқайсы мерекеде керемет баталар айтқан. Жастар таңнан келіп ақсақалдарды құттықтап, батасын алған.
"Наурыз күні таңнан бастап көкпар, қыз қуу, аударыспақ, белдесу, алдыбақан секілді ұлттық ойындар өткен. Түске қарай ауыл сыртында қазан көтеріліп, Наурыз көже әзірленген. Сол кезде тойшыл қауым бір төбенің басына жиналып, әнін шырқаған. Наурыздағы дастархан береке дастархан деп аталған. Қыстан аман шығып, көктемге жеткен ақсақалдарды белгі төрге шығарып, оларға ірі қараның ұзын омыртқасын сый-табақ еткен. Кейін жастар содан ауыз тиеді", - дейді ол.
Фото REUTERS/Stringer©
Күн енкейген кезде екі ақын ортаға шығып, айтыс бастаған. Сол кезде жастар аңыз кейіпкерлері туралы түрлі қойылым қойған екен.
Ал қараңғы түсе бастағанда екі жерден от жағылып, жастар жағы таң атқанша алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнаған. Яғни, бұрын қазақтар Наурыздың бір күнін осылай үлкен мереке қылып өткізген.
"Қазақтар бұл мерекені тек тойлау деп түсінбеген. Түрлі игі іс істеген. Көктем болған соң төңіректегі бұлақтардың көзін ашқан, қариялар бастап, жастар қолдап, тал еккен. Ашылған бұлақтардың көзіне май тамызып, отырғызылған ағаштарға ақ бүркіген", - дейді Бағдат Мүптекеқызы.
Этнографтың айтуынша, Наурыз - қара мен ханның, бала мен қарияның бір дастарханда қатар отыратын күні. Бұл күні ешкім бөлінбей, береке дастарханда үлкен әңгіме құрған.
"Ақсақалдар бір-бірімен араласпай кеткен ағайын, бауырлар болса, ортаға шығарып, татуластырған. Жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсеткен. Жағдайы болмай, үйлене алмай жүрген жастардың басын қосқан. Біз де сол үрдісті сақтап қалуымыз керек. Наурызды әдеттегі мейрам деп түсінбей, кешіру, көрісу күні, игі іс істеу мерекесі деп ұққанымыз жөн", - дейді ол.
Наурызды тойлауға 62 жыл бойы неге тыйым салынған?