РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
19 апреля 2019 | 17:22

"Біреуін 10 ұлға да айырбастамаймын" - Дүниеге 11 қыз әкелген ана

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақ шаңырағымды ұстап, тегімді жалғастыратын ұлым болса екен деп тілейді. Бірақ ұл көрмесе де, қыздарынан рахат көріп отырған отбасы жетерлік. Арыс қаласында тұратын 52 жастағы Қалдықыз Жәңгірова өмірге он бір қыз әкелген. Тengrinews.kz тілшісі бүгінде қыздарын қиядан ұшырған анамен әңгімелесті.


Қазақ шаңырағымды ұстап, тегімді жалғастыратын ұлым болса екен деп тілейді. Бірақ ұл көрмесе де, қыздарынан рахат көріп отырған отбасы жетерлік. Арыс қаласында тұратын 52 жастағы Қалдықыз Жәңгірова өмірге он бір қыз әкелген. Тengrinews.kz тілшісі бүгінде қыздарын қиядан ұшырған анамен әңгімелесті.

Батыр ана жары Аралбаймен 1985 жылы бас қосқан. Ол кезде жасы 19-да болатын. Бір жылдан соң өмірге Шахизада есімді қыз әкелген. Артынша, Алуа және Балқия атты тағы екі қыз дүниеге келген.

"Төртінші қызым дүниеге келгенде келесі ұл болсын деп ырымдап Ұлболсын қойдық. Ал бесінші қызымның есімі - Айбала. Оның есімін қайын ағам қойған. "Ай, бала болсыншы ендігісі" деп ырымдаған еді. Алтыншы қызымызды Ақмаржан деп атадық. Оның алдында тағы бір қыз босанған едім, оны бір туыстарым сұрап алды: "Ендігісі ұл бола ма деген ниетпен бұл қызды мен өз атыма жаздырайын" деді. Менен сұраған жоқ, күйеуім солай ұйғарған. Сондықтан, ол қызды менің тапқаным болмаса, баққаным жоқ", - дейді көпбалалы ана.

Қалдықыз Тасымбекқызы сегізінші рет құрсақ көтергенде де дүниеге қыз алып келген. Сол кезде ауылдағы әпкелерінің бірі "Әй, сен неге қыз ғана босанып кеттің? Болды, енді қыз тумашы" деп сәбидің есімін Болдықыз қойған.

"Ол кейін "Неге мені Болдықыз деп қойдыңыздар? Мені бәрі мазақтайды ғой" деп ренжіген еді. Оған "Қызым, сенің есіміңді менікіне ұйқастырып қойғанбыз" деп жұбаттым. Содан реніші басылды", - дейді ол.

Тоғызыншы қызының есімі - Бақнұр. Кейін Қанағат есімді қыз дүние есігін ашыпты.

"Келесі қызымды босанғанымда біреу құлағыма "Қанағат" деп айтқандай болды. Жан-жағыма қарасам, ешкім жоқ. Сол кезде іштей бұл Құдайдың осыған қанағат қыл дегені шығар деп топшыладым. Сөйтіп, есімін Қанағат деп қойдым. Кенже қызым - Еңлік. Оны 44 жасымда босандым", - дейді Қалдықыз Тасымбекқызы.


Суреттер жанұяның жеке мұрағатынан

Жәңгірова негізі он бес құрсақ көтерген. Бірақ ұлдары шетінеп кеткен.

"Түрлі ем қабылдадым. Жалпы, жолдасым екеуміздің қанымыз - үшінші топ. Бір дәрігер "Қандарың бірдей, сондықтан ұлдарың түсіп қалып жатыр" деп айтты. Қаны бірдей ерлі-зайыптының дүниеге ұл әкелуі өте сирек кездеседі екен. Мүмкін, содан болған да шығар", - дейді ана.

Отбасының ұлды болмауы ерлі-зайыптылар арасында ешқандай да дау туғызбаған. Керісінше, жолдасы оған жан-жақты қолдау көрсетіпті.

"Құдайға шүкір, күйеуім қыз таба бересің деп үйден қуған жоқ. Басқалар секілді "Ұл туып беретін басқа әйел аламын" демеді. Керісінше, мен тағы қыз туғаныма ренжіп жүргенде, "Сен қыз туғаныңа қуан. Қыз көре алмай жүрген отбасы қаншама? Мен бір қызымды он ұлға айырбастамаймын" деп көңілімді басатын", - дейді Қалдықыз Жәңгірова.

2014 жылы Қалдықыз Тасымбекқызының жолдасы дүниеден өткен. Содан кейін ол бесінші қызы Айбаланың ұлын өз атына жаздырыпты. Есімі - Айбар. Биыл төртке толады.

Бүгінде бес қызы тұрмысқа шыққан. Тағы екі қызы Астана мен Алматыда оқып жатыр. Қазір қолында мектеп оқитын үш қызы мен ұлы Айбар бар.

"Ұлдың аты ұл ғой шіркін қашан да, Шаңыраққа ие болып қалатын" дейді ғой қазақта. Қыз жат жұрт, ал отауды ұстап қалатын ұл ғой. Сондықтан, қартайғанда қолында боламын деп бір ұлды аңсағанымыз жасырын емес. Әйтеуір қыздарымның бірі осы шаңырақтың түтінін түтетіп отыратын шығар деп үміттенемін", - дейді ол.

Өмірге он бір қыз әкелген ана тек ұлды аңсайтын отбасыларға былай дейді:

"Қыз жанашыр болып келеді. Ауырып қалсам болды, қыздарым жандары қалмай жан-жақтан жүгіріп келеді. Керектінің бәрін әкеліп береді. Үйің таза, тамағың пісірулі, киімің жуулы. Келген қонағыңды күтеді. Одан артық не керек? Ата-енем көз жұмғанға дейін балаларым асты-үстіне түсіп жүретін".

Ол қыз таппадың деп әйелін тастап кеткен таныстары бар екенін де айтады.

"Ауылда бір кісі болған. Әйелі қыз таба берген соң, оны тастап кетті. Екінші әйелі де қыз туып берді. Сөйтіп, үшінші әйелін алғанда ғана бәрі өзінен екенін түсінді. Әйелдің кімді туатыны өз қолында емес қой. Ұлы барларды да көріп жүрмін. Бәрін өсіріп, жеткізеді. Олар болса, келіншек алып, әке-шешесін тастап кетеді. Қыздары келіп қарап жүр. Жақын құрбымның бір қызы мен бес ұлы бар. Ұлдарының бәрі жан-жаққа кетті де, жалғыз қызы әке-шешесін бағып отыр", - дейді ол.

Қалдықыз Жәңгірова өзі ұл көрмесе де, қыздарының ұл босанғанын айтады. Бүгінде тұрмыс құрған бес қызынан он үш немере көрген ол жолдасының сөзін айтып отыр: "Бір қызымды он ұлға айырбастамаймын"!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети