05 марта 2020 | 17:04

Босану 10 миллион теңгедей болды - АҚШ-та тұратын қазақ отбасы

Гүлбану Азипова © instagram.com/__hanshayim

Алматылық Гүлбану Азипова күйеуімен студенттік виза арқылы АҚШ-та тұрып жатыр. Бүгінде ол екі баланың анасы. Екінші ұлын АҚШ-та босанған Гүлбану бұл елдегі өмірі, жергілікті брендтер мен пошта қызметі туралы Tengrinews.kz тілшісіне әңгімелеп берді. 

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматылық Гүлбану Азипова күйеуімен студенттік виза арқылы АҚШ-та тұрып жатыр. Бүгінде ол екі баланың анасы. Екінші ұлын АҚШ-та босанған Гүлбану бұл елдегі өмірі, жергілікті брендтер мен пошта қызметі туралы Tengrinews.kz тілшісіне әңгімелеп берді. 

Баласы Америка азаматтығын алған

Реклама
Реклама

Гүлбану - жақында екінші ұлын АҚШ перзентханасында өмірге әкелген жас ана. Оның айтуынша, ондағы ауруханаларда жатып, емделу үшін медициналық сақтандыру керек. 

"Біздің жағдайда сақтандыру компаниясы барлық шығынды өтеді. Бірақ әзірге нақты қанша кеткені белгісіз. Шамамен 25-30 мың доллар (10 миллион теңге шамасында). Сақтандыру бойынша 9 ай бойы жеке дәрігерімнің қарауында болдым. Өте жақсы қарайды, артық құжат алып жүрмейсіз. Барлығы электрон түрде компьютерде сақталады. Тек өзіңіз барсаңыз болды. Одан бөлек, барлық сараптама, дәрігердің тексеруі бір кабинетте болады. Ары-бері жүріп, кезекте тұрмайсыз. Перзентханаға кірген кезде сізге штрихкод береді. Сол арқылы 9 ай бойы қараудан өткен кездегі мәліметтер шығып тұрады. Босанғанға дейін және кейін сізге қандай дәрі керек, босану қалай өтті - барлық ақпарат сол штрихкодта тұрады", - дейді жас ана. 


© instagram.com/__hanshayim

Гүлбанудың бір таңғалғаны - палатада аудармашыға дейін болады екен. 

"Палатада бірнеше адам қызмет етеді. Таңғалғаным - араларында аудармашы да бар. Ол кісі процестің барлығында болды. Дәрігерлердің қызмет көрсетуі де жақсы, әркім өз ісін жақсы көретіні байқалып тұрады. Босанғаннан кейін "Сіз кішкене демалуыңыз керек" деп 3-4 сағатқа баланы алып кетті. Олар баланы тексерді. Өзіммен артық зат алған жоқпын, баланың жаялығына дейін ауруханадан берілді. Тез қалпыма келдім. Тұңғышымды Қазақстанда босандым, алғашқы бала болған соң қалыпқа келу қиындау болды. Екі аптадай тұра алмай, отыра алмай жүрдім. Ал мына жақта екі күнде орнымнан тұрып кеттім", - дейді Гүлбану. 

Гүлбанудың АҚШ-та туған баласы Америка азаматтығын алған. Себебі, америкалық азаматтық алудың артықшылығы бар екен.

"Бала Америкада туғандықтан оған бірден АҚШ азаматтығы беріледі. Бала 21-ге толғанда Қазақстан азаматтығын ала ма, не америкалық болып қала ма - өзі шешеді. Әзірше америкалық азаматтықты қалдырған себебіміз кейін баланың Америкадағы үздік оқу орындарына грантқа түсу мүмкіндігі жоғары", - дейді Гүлбану. 


© instagram.com/__hanshayim

"Барлығын басынан бастайсыз"

Кейіпкеріміз АҚШ-та өмір сүрудің қиын тұстарын айтып берді. 

"Бірінші қиындық - барлығын басынан бастайсыз. Яғни, Қазақстанда жүргенде үй-күйіңіз, көлігіңіз болса, мына жерге келген кезде шығын көбейеді. Баға жоғары, сәйкесінше доллармен төлейсіз. Соған дайын болу керек. Одан кейін жалдамалы пәтерде тұрасыз. Олардың да бағасы арзан емес. Мәселен, кейбір студенттер жағдайы нашар үйлерде тұрып жатыр. Әрине, әркімде әрқалай. Бәрін жаңадан бастау оңай емес. 

АҚШ-та өмір сүрудің артықшылығы - егер ыңғайланып, тұрақты жұмысқа орналасып кетсеңіз көптеген жеңілдік болады. Мәселен, америкалықтар өте жақсы бағаға көлік, үйді несиеге төмен пайызбен (3-4 пайыз) алады", - дейді Гүлбану.


© instagram.com/__hanshayim

Танымал брендтер қолжетімді

Гүлбанудың айтуынша, АҚШ-та бренд киімдерін аутлет дүкендерден тиімді бағада алуға болады. 

"Мұнда Қазақстандағыдай "бренд киім киіп алыпты" деп қатты назар аудармайды. Аутлет дүкендерде барлығын тиімді бағада алуға болады. Брендтер маусымы өткен киімдерді сондай аутлет дүкендерге өткізеді. Сондықтан ең қарапайым адамның өзі Nike, Adidas не Michael Kors-тың түпнұсқа жейделерін не кроссовкаларын киіп жүруі мүмкін. Сондықтан бұл жерде танымал брендтен киінген адамға таңғалып қарамайды", - дейді Гүлбану.


© instagram.com/__hanshayim

АҚШ пошталары туралы

Гүлбанудың сөзінше, америкалықтар пошта қызметін жиі пайдаланады. Тұрмысқа қажет кез келген затты интернет-дүкендерден тапсырыс береді екен. 

"Американың поштасы өте қатты дамыған. Кез келген затты интернет арқылы тапсырыс беріп алады, көбіне Amazon-ды қолданады. Тырнақалғышқа дейін үйге тапсырыс береді. Тапсырысты әкелу де ұзақ емес: 1 күнде үйге жеткізіп береді", - дейді Гүлбану. 

Гүлбанудың айтуынша, Америкада қалу әзірге ойда жоқ. Тек визаның мерзімі аяқталғанға екі ел арасында жүреді.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram