Шетелдік халықаралық әлеуметтік желілер мен мессенджерлер Қазақстанда тіркелуі немесе өкілдіктер ашуы қажет болуы мүмкін. Мәжіліс 15 қыркүйекте бірінші оқылымда қабылдаған "Бала құқығын қорғау туралы" заң жобасында айтылған. Бұл мәселе Қазнетте қызу талқыланып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі заң жобасына қатысты блогерлер мен қоғам белсенділерінің ойын білді.
Шетелдік халықаралық әлеуметтік желілер мен мессенджерлер Қазақстанда тіркелуі немесе өкілдіктер ашуы қажет болуы мүмкін. Мәжіліс 15 қыркүйекте бірінші оқылымда қабылдаған "Бала құқығын қорғау туралы" заң жобасында айтылған. Бұл мәселе Қазнетте қызу талқыланып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі заң жобасына қатысты блогерлер мен қоғам белсенділерінің ойын білді.
Қоғам белсендісі Насима Қорғанбекова бұл заң жобасы шын мәнінде абсурд екенін және Мәжіліс оны қарастырмауы керегін айтады.
"Мен де кибербуллингке қарсымын және балалардың құқығы қорғалғанын құптаймын. Бірақ буллинг мәселесі барлық әлеуметтік желіні бұғаттап тастайтындай көп емес. Одан бөлек, пандемия жағдайында шағын және орта бизнес әлеуметтік желімен байланысты болып қалды. Бәрі онлайнға ауысты. Біз тыңдаушы үкімет концепциясына өттік. Яғни барлық мемлекеттік орган азаматтармен әлеуметтік желі арқылы байланыс орнатады. Демек бір проблеманы көтереміз деп екінші үлкен мәселе туындауы мүмкін. Ол заң жобасында шетелдік әлеуметтік желілер біздің елде бөлімшесін ашуы керек деп жазылған. Бірақ ірі әлеуметтік желілер үшін Қазақстан үлкен нарық емес. Цукерберг Facebook-тың бөлімшесін ашудан бас тартса, біз Facebook, Instagram, WhatsApp-қа кіре алмауымыз әбден мүмкін.
Кибербуллингте бірлі-жарым кейстер ғана бар. Онымен құқық қорғау органдары, ақпарат министрлігі, сарапшылар айналысуы қажет. Кибербуллингтің неше түрі болады. Оның қайда және қалай болғанын анықтау керек. Бірақ тағы да қайталап айтайын, ол - құқық қорғау органдарының жұмысы. Ал Желіде буллингпен айналысатын адамдардың кесірінен басқа адамдар зардап шекпеуі керек", - дейді қоғам белсендісі.
Насима Қорғанбекова бұл заң жобасы қайтарылуы керегін айтады.
"Адамдар әлеуметтік желі арқылы кәсібін жүргізіп отыр, мемлекетпен байланысады, бір-бірімен араласып, коммуникация орнатады. Бірақ бір проблеманы көтеріп, осы заң жобасы арқылы басқа адамдарға кесірін тигізіп отыр. Заң жобасы қайтарылуы керек. Айдос Сарымның өзі де бұрын Facebook-те блогер болған. Бірақ кейіннен әлеуметтік желіде жазуын қойып кетті. Осылайша бәрін басқармақ болғаны ма? Заң жобасы қабылданып кеткен жағдайды елестету қиын. Себебі әлеуметтік желі кейбір адамның жалғыз табыс көзі болуы мүмкін ғой. Одан бөлек, ол біздің құқығымыз ғой. Өзіміздің ойымызды жеткізу, ақпарат алу құқығымыз. Яғни адам құқығы бұзылып отыр", - дейді блогер.
Закрывать все тотально не будут - депутат о возможной блокировке соцсетей в Казахстане
Ал танымал фото және видеоблогер Әділет Рахметолла, керісінше, бұл заң жобасын құптайтынын айтады.
"Әлеуметтік желілердің бөлімшесі бізде болғаны дұрыс. Себебі бүгінде түрлі алаяқтар бар. Олар әртүрлі қауіпті жарнамаларды жасап жатады. Оларды ұстау қиын болып кетті. Алаяқтарды бұғаттауға заңның қауқары болуы керек. Әрине, ірі әлеуметтік желі компанияларының бізбен жұмыс істей қоюы қиынырақ шығар", - дейді блогер.
Оның айтуынша, бүгінде ақпараттық "сүзгі" қажет.
"Әлеуметтік желіде түрлі жалған ақпарат таратып, халықты адастырып отырған фейк-парақшалар бар. Соларды бұғаттау керек. Себебі бір ғана Instagram-ның кесірінен жапа шегіп отырғандар бар. Жалған ақпарат тарататындар көп. Мемлекет соларды бұғаттай алатын қауқары болуы керек. Оған арнайы талап бекіту керек. Ал адам құқығы қорғалмайды деп айтатындар - олар мемлекетке бір жеке реніші бар адамдар секілді. Яғни бір жұмысы бітпей қалса немесе жұмыстан шығып не басқа да жағдай болса бар ренішін мемлекеттен алатындар бар.
Мысалы Instagram Қазақстан ішінде бүлік шығаруға себеп болып жатады, адамдардың ойын өзгертіп, ақпаратпен улап жатыр. Тек әлеуметтік желі емес, киноларды да фильтрден өткізіп көрсету керек деп ойлаймын. Бұрын "Ел боламын десең бесігіңді түзе" дейтін. Қазір "Ел боламын десең көгілдір экраныңды, ақпаратыңды түзе", - дейді Әділет Рахметолла.
Казахстанцы шутят о возможной блокировке соцсетей
Facebook желісінде белсенді Алмас Тоқабаев бұл заң жобасы арқылы қарапайым азаматтардың құқығы мен сөз бостандығы шектелуі мүмкін екенін айтады.
"Әлеуметтік желіні бұғаттау деген заң жобасындағы бір тармақ қана. Бұл негізі балалар құқығын қорғау туралы заң ғой. Яғни балаларды әлеуметтік желідегі буллингтен, қудалаудан қорғау. Бір қарағанда жақсы ниетпен жасалып отырған сияқты. Ал шын мәнінде құқығымыз шектеп, сөз бостандығын шектеу секілді", - дейді ол.
Тоқабаевтың сөзінше, жаңа заң шығарғаннан гөрі қолданыстағы кодекстерді жұмыс істету керек.
"Ұсынылып отырған заң бойынша кез келген халықаралық әлеуметтік желі Қазақстанда тіркелуі керек. Бұрын шетелдік телеарналар біздің елімізде тіркелуі керек деген кезде де шу болған. Телеарна бір адамның немесе бір ұйымның меншігі, ол - көптеген адам отыратын әлеуметтік желі емес. Яғни салыстыруға келмейтін секілді. "Тіркеуден өтсе, біз оларды бақылауда ұстай аламыз" дейді. Бұл жердегі кілт сөз - бақылау. Яғни әлеуметтік желіні, платформаны, видеохостингті немесе мессенджерлерді бақылау арқылы қарапайым азаматтардың сөйлеу мүмкіндігін бақылауда ұстағылары келетін секілді.
Мысалы сіз парақшаңызға кіріп, ол жерде жазғаныңыз әкім, шенеунік немесе басқа біреулерге ұнамай қалса сізді сотқа беріп, соттың шешімімен сізді бұғаттауы мүмкін. Ал жаңа заң жобасы бойынша соттың шешімі қажет емес. Бірақ оны шектейтін қылмыстық және әкімшілік кодекстер бар. Менің ойымша, жаңа заң ойлап тапқанша, бұрыннан бар заңды жұмыс істетуіміз керек секілді", - дейді Алмас Тоқабаев.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!