17 февраля 2021 | 10:59

"Бай, қуатты болайық!" Нұртілеу Иманғалиұлын замандастары қалай бағалаған?

Нұртілеу Иманғалиұлы

Бүгін таңертең 70 жасқа қараған шағында қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған ардагер журналист Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті. Қазақ телевизиясының ардагері 1952 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қарасу ауылында туған. Tengrinews.kz тілшісі қазақ журналистикасының тарихында ойып орын алған Нұртілеу Иманғалиұлының өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайды. 

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бүгін таңертең 70 жасқа қараған шағында қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған ардагер журналист Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті. Қазақ телевизиясының ардагері 1952 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қарасу ауылында туған. Tengrinews.kz тілшісі қазақ журналистикасының тарихында ойып орын алған Нұртілеу Иманғалиұлының өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайды. 

Нұртілеу Иманғалиұлы атақты Молық­бай қобызшының ұрпағы, ақын Ілияс Жан­сүгіровтің аталас інісі. Әкесі Иман­ғали ақсақал елге қадірлі, ха­лық ақыны болған. Өз зама­нын­да талай айтысқа қатысып, оза шауып, бәйге алған екен. 

Нұртілеу Иманғалиұлы қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, "Хабар" агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман болып істеген.

Реклама
Реклама

"Қазақстан" РТРК" АҚ Басқарма төрағасы қызметін атқарған. Нұртілеу Иманғалиұлы тележурналистикадан айнымаған тұлға. Ғұмырының 45 жылын телевизия саласына арнаған.

Нұртілеу Иманғалиұлының алғашқы хабарының бірі "Жадыңда ма, жолдас?!". Содан бері журналистика ардагерінің қолтаңбасымен 20-ға жуық түрлі бағдарлама жарыққа шыққан. 

Белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жа­қып Нұртілеу Иманғалиұлы туралы естелігінде былай деген екен:

"Нұртілеуге сөз киесі қан­­мен келген, бергісі әке тәлі­мінен дарыған. Анасы Гүлжәмила - 12 құрсақ көтерген ардагер. Нұр­тілеу - Имекең шаңырағының сүт­кенжесі. Өзі шалдың қолында болып, жасынан ерке өскен. Ата­сы Қалиасқар "осы сарым" деп, маңдайына жел тигізбей өсірген бұл ұл қазақи дәстүр, тәрбиенің бә­рін өз бойына сіңіріп өскен. Сон­­дықтан да шығар, ол нағыз ұлттық тұлға болып қалыптасты. Алты алаштың абызы болған Бәй­­кен Әшімов ағамыздың "Елің­­ді жамандама, шығар төрің, же­ріңді жамандама, кірер көрің" де­ген аталы сөзін өмірлік ұстаны­мына айналдырған азамат болып өсті", - деген екен ақын. 

Нұртілеу Иманғалиұлы Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен алғаш шетелге, Америка Құрама Штаттары мен Түркияға барып хабарлар әзірлеген тұңғыш қазақ журналисі екенін біреу білсе, біреу білмейді.

"1994 жылы бүкіл Еуропаны аралап, Германия, Франция, Люксембург, Бельгия, Италия сияқты елдерден өзі оператор болып хабар дайындаған бірінші қазақ тележурналисі де Нұртілеу Иманғалиұлы болатын. Люксембургке барып адамзаттың Айтматовымен жолығысып, бейнекамераны автоматты жүйеге қосып қойып, әйгілі жазушы Шыңғыс ағамен сұхбат жүргізгендігі де таспаға басылып халық жүрегіне жол тартты. Бұл енді қазақ журналистикасының тарихында қалатын жаңалықтың бірі еді", - деген екен Бауыржан Жақып. 

Нұртілеу Иманғалиұлы. Фото: "Дара жол" бағдарламасы

Қазақ телевизиясы ардагерінің халық аузында жатталып қалғаны "Бай, қуатты болайық!" деген сөзі еді. 

"Нұртілеудің атын Нұртілеу етіп жүр­ген де оның осы жан-жақтылығы, әмбебаптығы деп ойлаймын. Теледидарды өнер деңгейіне жеткізуге ұмтылыс жеке тележурналистер тарапынан жасалады. Танымал тұлғалы жүргізушінің кейбір өзіне ғана тән шеберлік иірімдері басқаларға әсер етеді, сөйтіп, тұтас бір мектепке айналып кетеді. Мәселен, Нұртілеудің хабарды түйіндер тұста айтатын "Бай, қуатты болайық!" деген сөзі өзін ерекшелеп тұратын сияқты, басқа тележурналистер де көрерменмен қоштасудың өзіндік ізін салуға талпынды. (...) Бұл дегеніңіз Нұртілеу Иманғалиұлының қазіргі қазақ тележурналистикасында тұтас бір мектебі бар деген сөз", - деген екен ақын Бауыржан Жақып. 

Бауыржан Жақыптың сөзінше, Нұртілеу Иманғалиұлы биллиард спортының асқан шебері болған екен. 

Фото: "Дара жол" бағдарламасы

"Нұрекеңнің аралас досы ретінде тағы кейбір қасиетін айтпай кетуге болмас. Оның бірі - Нұртілеудің биллиард спортының асқан шебері екендігі. Кезінде Ғабеңдер (Ғабит Мүсірепов) жоғары бағалаған тастаяқ ойынынан қазақ журналистері, жазушылары арасында жыл сайын өткізіліп тұратын жарыстарда Нұртілеудің бәйге алмаған кезі тым сирек. Оның үйінің төрінде 5 мәрте чемпион болғандығын айғақтайтын кубоктар жарқырап тұр", - деген екен ақын естелігінде.  

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram