РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
18 марта 2020 | 09:49

"Бастық жұмыстан тыс уақытта мазалайды". HR маманы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді

Камила Долаева Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Иллюстрациялық сурет: pixabay.com Иллюстрациялық сурет: pixabay.com

Карьера құрғысы келетін кез келген адамға басшылықпен жақсы қарым-қатынас орнату өте маңызды. Жұмыста түрлі оқиға болады және ортақ тіл тауып кету кейде оңайға соқпайды. Қызметкерлермен жұмыс істеу жөніндегі департамент директоры Жарқын Бекжанов Tengrinews.kz тілшісіне басшылықпен сөйлесудің қыр-сырын айтты.


Карьера құрғысы келетін кез келген адамға басшылықпен жақсы қарым-қатынас орнату өте маңызды. Жұмыста түрлі оқиға болады және ортақ тіл тауып кету кейде оңайға соқпайды. Қызметкерлермен жұмыс істеу жөніндегі департамент директоры Жарқын Бекжанов Tengrinews.kz тілшісіне басшылықпен сөйлесудің қыр-сырын айтты.

Бастықпен тіл табысып кету жолдары

Жарқын Бекжановтың айтуынша, бұл HR маманына жиі қойылатын сұрақтардың бірі.

"Бәлкім, Интернетте кеңестер жеткілікті шығар, айтарым онда әркім өзінше қажет ақпарат таба алады. Менің ойымша, барлығы сіз жұмыс істейтін компанияның мәдениетіне, басшылық саясатына және бизнес ерекшелігіне байланысты. Сеніммен әмбебап деп айта алатын кеңесім - біз барлығымыз адамбыз және табысты бизнестің негізі өзара іс-қимылы, қарым-қатынасы жарасқан, бір мақсатта еңбек ететін команда жатқанын есте сақтаған жөн. Бұл бірігіп үй салған сияқты", - дейді ол. 

Сол үшін, жұмысқа кірерде сұхбаттасу кезінде компания, оның құндылықтары туралы көбірек сұрастыруға тырысу керек екен. Бұл сіздің құндылықтарыңызға сай келе ме әлде бейімделу қажет пе екенін саралап, басшылыққа да көз салған жөн. Жұмысқа кіргенде тек өз міндеттеріңді атқармай, басшылықпен бірге қысқа және ұзақ мерзімде жалпы компания сізден не күтетінін анықтауға тырысу керек.

"Басшыдан кері байланыс беруді сұраңыз. Бұл командада өзара тиімді және ыңғайлы қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Өз мүмкіндігіңізді бағалау маңызды, сізге қаншалықты сенім артуға болады? Әрине, сын айтсаңыз ұсынысты да ұмытып кетпеңіз. Міне, осыдан кейін жетекшімен "ортақ тіл табысу" оңай болады", - дейді маман.

Бастықтың өтінішінен бас тартуға бола ма? 

"Бірнеше жағдайды қарастырайық, басшы қызметкеріне белгілі бір көлемді жұмыс үшін дедлайн қойып және оған қоса тағы да бірқатар міндет жүктесе, оған бұл туралы конструктив түрде айту қажет, нақтылау керек. Әйтпесе, үлгеремін деп үздіксіз демалмай жұмыс істегеннен шаршап, ойдағыдай нәтиже көрсете алмай қаласыз, тиімділік төмендейді немесе тапсырманы бірінен кейін бірін дұрыс орындамай, соңында өзіңізге зиян тиеді", - дейді Жарқын Бекжанов.

Сондықтан да екіжақты ашық және саналы коммуникация болу керек. Ең бастысы - айтқаныңды дұрыс дәлелдеу және эмоцияға берілмеу. HR маманының айтуынша, бұл шынымен жұмыс істейтін құрал. 

Бастыққа қиындық пен қате туралы қалай хабарлау керек?

Жарқын Бекжанов жұмысындағы ашық есік саясаты туралы айтып берді.

"Мысалы, біздің банкте барлық деңгейдегі қызметкер ашық есік саясатына бағынады. Ол бойынша, басшыға кіріп, мәселені егжей-тегжейлі айтып беру қажет. Бұл ретте алдын ала дайындалып, проблеманы шешу жолдарын да қарастырып, ұсыну керек. Яғни, мұндағы мақсат кінәліні емес, тез арада тиімді шешім табу. Ал сіз сол бір  қатені қайта-қайта жібере берсеңіз, неге осай болып жатқанын ойлаңыз, себебін талдап болған соң, болашақта қатені болдырмау жоспарын өз бетінше құрастырыңыз немесе кеңес алу үшін басшыға жүгініңіз", - дейді ол.

Басшымен достасу үшін көмек көрсету дұрыс па?

Біз қызметке тұрғанда басшымен достасып кетемін деген мақсат қоймаймыз. Бірінші кезекте, қарым-қатынас кәсіби жұмыстан қалыптасады, дейді маман.

"Басшы өз ісінің маманы, әділ және әр түрлі ой-пікірге ашық болуы тиіс. Оған барлығы еліктейді, сол сияқты болғысы келеді. Менің ойымша, жақсы басшы өзінің қарамағындағыларға қамқорлық көрсетіп, қиын өмірлік жағдайларда көмек қолын созатын адам. Сондықтан, әрине, жалпыадамзаттық құндылықтар шеңберінде көмек ұсынуға болады, бірақ пайдакүнемдік мақсатта емес. Өйткені басшы да сіз сияқты адам, ол робот емес, оның өмірінде жақсы да киын да жағдайлар болады", - дейді Жарқын Бекжанов.

Бастық сөгіс айтқанда жеке басына өтіп кетеді, не істеу керек?

Маманның айтуынша, ең дұрысы - жеке басқа өтіп кеткенін оның өзіне айту.

"Жеке" ұғымы кең, сондықтан әр адам оны әр түрлі қабылдайды. Басшы барлығын өзінің кәсіби шекара шеңберінде жасап жатырмын деп ойлауы мүмкін. Сондықтан әрдайым әңгімені ашық өткізген абзал. Алайда, бұл турады "ұрысып" жатқанда емес, кейін сабасына түскенде ескертіңіз, әтпесе одан ары ашу астында қалуыңыз мүмкін. Алайда ұзақ күтіп қалмаңыз", - деді ол.

Бастық жұмыстан тыс уақытта жұмыс істеуге мәжбүрлейді, не істеу керек?

Жақсы басшы мұндай өтінішпен қызметкерінің ынтасын өшіріп алмау жолдарын іздейді.

"Бұл жағдайда басшының неге олай істететінін түсіну қажет. Ол жайдан жай мұндай қадамға бармайды. Жұмысқа шығуыңды сұраса, қандай да бір салмақты дәлел мен мағына бар деген сөз. Жақсы басшы мұндай өтінішпен қызметкерінің ынтасын өшіріп алмау үшін, бұл тапсырманың маңыздыған түсіндіреді, неге дәл қазір жұмыстан тыс уақытта орындау керектігін айтады. Тек осындай қарым-қатынас болған жағдайда қызметкер жұмысқа тартылады және тапсырманы аса жауапкершілікпен жасайды", - дейді Жарқын Бекжанов.

Жиналыс немесе есеп тапсыру кезінде бастықпен қалай сөйлескен дұрыс?

Кәсіби қабілетіңді көрсетіп, пікіріңді бөлісу қажет екен. Ашық пікірталас кезінде, әркім өз сараптама нәтижесін түсіндірсе, команда ең жақсы ұсыныстар айтады. Маманның айтуынша, басшы кейде әріптестерінен аз білетінін мойындау үшін батыл болуы керек.

"Басшыға мынаны қалай жасау керек деген сұрақтармен емес, бірнеше ұсыныстармен кіруге кеңес беремін және ол не үшін керек деген сұраққа жауабы болуы керек. Сонымен қатар, жаңа идеялар ұсынылса, ол тарихи деректерге сүйене отырып талдау жасалған, сауалнама, статистика және басқаларға негізделген болғаны жөн. Бұл жетекшіні ұсынылған идеяның дұрыс әрі өзекті екеніне сендіруге көмектеседі", - деп кеңес берді Жарқын Бекжанов.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети