РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
15 марта 2019 | 12:29

"Баланы тіл-көзден сақтаған". Тана тағар дәстүрі қалай пайда болды

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Tengrinews.kz © Tengrinews.kz

Қазақ халқында балаларға арналған салт-дәстүр аз болмаған. Бүгінде соның кейбірі сақталып қалса, кейбірі "ұмытылғандар" тізіміне енді. "Тана тағар" дәстүрін де бүгінгі қоғам көп біле бермейді.


Қазақ халқында балаларға арналған салт-дәстүр аз болмаған. Бүгінде соның кейбірі сақталып қалса, кейбірі "ұмытылғандар" тізіміне енді. "Тана тағар" дәстүрін де бүгінгі қоғам көп біле бермейді.

Осы тұста Tengrinews.kz тілшісіне жазушы-этнограф Болат Бопайұлы "тана тағар" дәстүрі туралы айтып берді.

Этнографтың айтуынша, қазақта балаға қатысты дәстүрдің көп болуы бекер емес.

"Қазақ - өзі аттан жығылса да, салттан жығылмаған халық. Біз ең алдымен өз ұрпағын ойлайтын елміз. Қазақ өз баласының иманды, ибалы, тәрбиелі болуын бірінші орынға қойған. Сондықтан да, бұл дәстүрлердің алдына қойылған міндет ерекше", - дейді ол.

Болат Бопайұлының сөзінше, "тана тағар" да осындай мақсатпен пайда болған. Ал бұл дәстүрдің атауы кішкентай ғана түймеден шыққан екен.

"Қазақта сиырдың екі жасқа толған бұзауын тана деп атайды. Ал екінші мағынада тана - мөлдір моншақты, асыл-ақық тастардан жасалған әдемі түйме. Қазақтың "тана тағар" деген дәстүрі осы кішкентай ғана түймеге қатысты туындаған. Яғни, түймедей нәрсеге түйедей ұғым қойып отыр. Мәселен, қыз баланың 3 пен 7 жастар аралығында алғаш рет шашын тарап, өрген кезде асыл тастан, не алтын, күміс жалатылған әшекейден жасалған түймелерді шашына қоса өреді ", - дейді этнограф.


© Ашық дереккөздерден алынған сурет  

Оның айтуынша, "тана тағар" ежелгі заманда пайда болған екен.

"Бұл дәстүр сақ, ғұн дәуірлерінен бастау алады. Қазақ халқы төрт түлік малды бағалай білген, бұрын жаңа туған төлдерге тана тағылған екен. Жаңа туған төл әлсіз болып, шетінен бәрі қырылып қала берген ғой. Соған байланысты тана, моншақ тақса, ол тұмар қызметін атқарған. Бұл - қазақтың ырымы. Бұл біртіндеп төлдерден бөлек, жаңа туған нәрестелерге де тағыла бастады", - дейді жазушы-этнограф.

Осылайша, өз алдына бір дәстүрге айналған бұл түйме қыз бала үшін жәй ғана сәндік қызметін атқармайды.

"Осы кішкентай түйменің атқарар рөлі зор болған. Қазақта тұмар деген бар ғой. Міне, осы түйме қыз баланың тұмары саналған. Яғни, ол бірден екі қызметті атқарады. Бір жағынан, ол қыз балаға көрік сыйласа, екінші жағынан тіл-көзден сақтаған. Бөгде адамдардың тіл мен көзі сол танаға түседі де, баланы залалдан аулақ қылады деп білген", - дейді Болат Бопайұлы.

Этнограф қазақ үшін тіл-көзден аулақ болудың қаншалықты маңызды екенін, бұл ретте түйменің қызметі қандай екенін айтып берді.

"Қазақ көз нұрын көрінбейтін лазерь секілді санаған. Сондықтан, көздің тиюінен қорқып, мұнда ғажайып энергия бар деп ойлаған. Төлдің өліп қалуы, нәрестенің шетінеп кетуі осы тіл мен көзден деп ойлайтын. Ал бұл түймелер алтын, күмістен жасалған. Сол моншақ тастар күнге шағылысу кезінде үлкен энергия пайда болып, адамның көз нұрын қайтарады деп сенген", - дейді Бопайұлы.


© jasqazaq.kz

Бір үйдің қызына тана тағар сәтті басқа дәстүрлер секілді ауыл, көрші-қолаң болып атап өткен екен.

"Қыз баланың құлағын тескен кезде оған бірден сырға салынбайды. Қазақтың жол-жосыны бойынша мал сойып, көрші-қолаңдарын шақырып, той жасап, сол кезде құлағына алтын тана тағады. Бірден сырға тағуға болмайды. Себебі бала есейгенде кәркесте болып кетпесін деп ырымдаған. Кей жерлерде "тана тағар" тойында әдейілеп тана (сиырдың екі жастағы бұзауы - авт.) шалу ырымы да болған", - дейді Болат Бопайұлы.

Ол "тана тағар" дәстүрінің қазіргі қоғамды ұмытыла бастау себебін түсіндірді.

"Даладан қалаға келуімізге байланысты бұл дәстүр де ұмыт болған. Кезінде көшеде осындай нәрселерді жалтыратып тағып жүру мәдениетсіздік болып танылды. Оның үстіне, арамызға Еуропа мәдениеті де ене бастады. Десе де, бұл дәстүр мүлде жойылып кетті деуге болмайды. Көп адам тана тағуды әлі де жалғастырып жүр. Моншақты түйреуішке тағып жүргендерді көрген боларсыз. Сондықтан, оны ел ұғымынан ада болып кетті деп санауға болмайды", - дейді Болат Бопайұлы.

Автор: Есет Төлеш

Оқи отырыңыз:

Қазақтың "ашамайға мінгізу" салты жайлы не білеміз?

Қазақ балаға неліктен айдар, тұлым және желке шаш қойған

Ұмытылған дәстүрлер: Қазақ баланы қырқынан қалай шығарған

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети