Елімізде көші-қон мәселесі көп қозғалып жатыр. Біреулер елімізден кетіп соңынан оралып жатса, біреулер басқа мемлекеттерден біздің елге қоныс аударып жатыр. Tengrinews.kz "Елге жол" атты жобасын қолға алып, елімізге оралғандардың хал-күйін, жағдайы мен өмірі жайлы сұхбаттар легін жалғастырады. Бұл жолғы кейіпкеріміз Америкадан елге отбасын алып, 2000 жылы көшіп келген.
Елімізде көші-қон мәселесі көп қозғалып жатыр. Біреулер елімізден кетіп соңынан оралып жатса, біреулер басқа мемлекеттерден біздің елге қоныс аударып жатыр. Tengrinews.kz "Елге жол" атты жобасын қолға алып, елімізге оралғандардың хал-күйін, жағдайы мен өмірі жайлы сұхбаттар легін жалғастырады. Бұл жолғы кейіпкеріміз Америкадан елге отбасын алып, 2000 жылы көшіп келген.
Патрик Брэйди 51-де. Қазіргі уақытта Алматы қаласында тұрады. Алғаш рет Алматыға 1998 жылы әріптесінің шақыртуымен келген. Ал 2000 жылы жұмыс мақсатын көздеп Қазақстанға қоныс аударған. Ол - бағбан. Көздегені жергілікті тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына көмектесу және өзінің бағбандық тәжірибесін бөлісу екен. Америка азаматы Қазақстандағы өмірі, елге не мақсатпен келгені және қазақ тілін қалай үйренгені жайлы айтып берсін.
Мен Калифорния штатында туып-өстім, сол жақта жоғары білім алдым. Сол кезеңде менде басқа елге барып қызмет қылу деген ой туындады. Маған осындай мүмкіндік туып, әріптесімнің шақыруымен Алматыға 2000 жылы әйеліммен бірге көшіп келдім. Ең басында біз біраз уақыт Байсейіт ауылында тұрдық, мен өзімді City boy, яғни қаланың баласы деп санамаймын. Мен көпшілікпен, таныс адамдардың арасында өмір сүргенді қалаймын. Байсейіт ауылының тұрғындары бір-бірін жақсы таниды және олардың өзара қарым-қатынасы маған ұнады.
Америкада мен тұрған жерде мексикалық азаматтар көп еді, олар да өте қонақжай халық. Қазақтар сияқты. Олардан мен көпшіл болу, адамдармен араласу сияқты жақсы сипаттарын өзіме сіңіріп өстім. Қазақтардан да жақсы қасиеттерді үйреніп жүрмін. Байсейіттен кейін біз біраз уақыт Есікте және Түргенде тұрдық.
Осылайша, мен ауылдық жерлерде тұрғандықтан қазақша үйренуім жеңіл болды. Жұмыс барысында да мен адамдарға түсіндіру үшін қазақша сөйлеуге тырыстым. Менің ойымша, қазақ тілінде немесе басқа тілде тез сөйлеу үшін сол тілдің ортасында көп уақыт жүру қажет.
Қазіргі уақытта мен ағылшын және қазақ тілдерінен бөлек - өзбек, нюэй және орыс тілін білемін. Нюэй тілін білетін себебім әйелім Нюэй аралында туған. Біз отау құрғаннан кейін ол жерде бірге тұрдық. Қазіргі кезде мен орыс тілін үйреніп жүрмін, бірақ мен үшін ол ең қиын тіл. Айта кетейін маған қазақтың ұлттық тағамдары да ұнайды.
Алматы қаласына біз шамамен екі жылдай бұрын көшіп келдік. Бірақ мен үшін ауылдық жерлер ыңғайлы, себебі ол жақта кептеліс сияқты мәселе туындамайды. Екінші мәселе - қалалық жердегі қарым-қатынас. Біз бұрын тұрған жердегідей емес, қалалықтар бір-бірімен тығыз араласпайды екен. Мен Байсейіт сияқты ауылда тұрып, сол жақтағы адамдардың бауырмалдығына үйреніп қалыппын. Жұмысыма байланысты қазір қалаға көшіп келдім.
Жанұямда бес адамбыз. Менің үш балам бар. Олардың әрқайсына үш ұлттың үш есімінен бердік - қазақша, ағылшынша және нюэйше - олардың қазақша аттарын атап өтейін: тұңғыш қызымның аты - Әсия, ол 17-де, ортаншысы - Аманат, оның жасы 15-те және кенже баламның аты Ақжол, ол 12-де. Бұл жақта адамдарға өзімді Жетібаймын деп таныстырамын. Не үшін десеңіз, мен отбасымда жетінші баламын, сондықтан осылай атағанды дұрыс көрдім. Жанұямның барлық мүшесі осында тұрады, оларға да қазақша сөйлеуді үйретемін.
Біз Америкаға көп бара бермейміз, шамамен үш жылда бір рет. Балаларым Алматыда халықаралық мектептердің бірінде білім алып жатыр. Жұбайым ағылшын тілінен сабақ береді.
Жұмысыма келсек, мен бағбан болып жұмыс істеймін және жергілікті бағбандарға тәжірибемді беремін. Алматының белгісі саналатын апорт сұрыпын жандандыру туралы маған сұрақтар жиі қойылады. Қазіргі уақытта ол апортты есік алдына немесе шағын бау-бақшаның ішінде өсіруге болады. Ал оны тонналап және сауда үшін өсіру өте қиын. Себебі оған ерекше күтім қажет және қазіргі кезде ол алма түрі бізге белгісіз жаңа ауруға төзімсіз. Оған қоса апорт сұрпын ұзақ уақытқа сақтау мүмкін емес, ол тез бұзылады. Бүгінгі уақытта Алматы облысында бау-бақшалар жақсы дамып келеді. 19 жыл бұрын дәл бүгінгідей болған жоқ.
Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан
Менің байқағаным, Алматыға енді келген уақытымда ағылшын тілін білетін адамдар өте аз болды. Ал қазір жастардың ағылшын тілінде сөйлей алатынына қуанамын. Бұл жердегі адамдардың әлі күнге дейін әдет-ғұрыптарын сақтап келе жатқанына және жастардың үлкендерге деген керемет құрметіне таңғаламын.