Бала тәрбиесі мәселесі қай кезде де өзекті. Кейде "балам мен көрмегенді көрсінші" деп жүргенде оның қалай әлсіз болып қалғанын байқамай қаламыз. Ал жаман әрекетке барса, мәселенің байыбына бармай, бас салып жазалаймыз. Психолог Нұрсұлу Сейдақова Tengrinews.kz тілшісіне бала тәрбиесіндегі ата-ана мен қоғамның үлесі, бұзақылық, оның ішінде ұрлық жайлы айтып берді.
Бала тәрбиесі мәселесі қай кезде де өзекті. Кейде "балам мен көрмегенді көрсінші" деп жүргенде оның қалай әлсіз болып қалғанын байқамай қаламыз. Ал жаман әрекетке барса, мәселенің байыбына бармай, бас салып жазалаймыз. Психолог Нұрсұлу Сейдақова Tengrinews.kz тілшісіне бала тәрбиесіндегі ата-ана мен қоғамның үлесі, бұзақылық, оның ішінде ұрлық жайлы айтып берді.
Психолог жасөспірімдермен, 18 жасқа толмаған балалармен жұмыс істемеуге тырысатынын айтады. Себебі мәселе көбіне ата-анадан, үйдегі жағдайдан болады, сондықтан екіжақты жұмыс қажет екен. Маманның айтуынша, адамдар психологқа барғанды айып көреді. Баласын алып келсе де, кейде проблема өздерінде екенін сезбейді, мойындағысы келмейді. Психологтың көмек сұрап келетін адамдарға қоятын бірінші сұрағы "Өзінің ниеті бар ма? Мәселені шешуге талпынып жатырсыз ба?" немесе "Көмекке мұқтаж адам проблемасын мойындай ма? Өзі көмек сұрап келді ме?" екен. Сейдақова бала бұзақылығы дегенде бірнеше мәселені қарастыру керектігін айтты. Ол: ата-ана жауапкершілігі, баланы бұзақылық жасауға итермелейтін не, оның алдын алу, қарым-қатынас қандай болу керек.
Проблеманы талдаймыз
Психологтың айтуынша, бұзықтыққа қоғамдық тәртіпті бұзу, ұрлық, ішімдік ішіп көру, жасы жетпей көлік жүргізуі, біреуді ұру, жаза қолдану, ренжіту де жатады. Оның ішінде қазір қоғамда кең таралған ұрлықты қарастырып көрейік. Маман баланың ұрлыққа бару себебі әркімде әртүрлі болатынын айтады. Десе де, оған жетелейтін бірнеше себеп бар.
Біріншіден, менікі-сенікі деген түсінік қалыптастыру
"Мысалы, 2-3 жастағы бала қонаққа барғанда біреудің ойыншығын алып кетсе, оны үлкендер ұрлық деп санай ма? Жоқ. Бірақ дәл осы іс әрекетті 7-8 жастағы бала жасаса, иә. Бұл жағдайда ересектерден кеткен қателікті айтқан жөн. 3 жасқа дейінгі балада менікі-сенікі деген түсінік қалыптаспауы мүмкін. Ол өзінің немесе оған жақын адамның ұнатқан нәрсесін біреуді қуанту үшін ол адамға бере салуы да ықтимал. Бірақ кейде бала 7 жасқа толса да, ненің кімге тиесілі екенін, мына нәрсені алып қойсам басқа біреу ренжіп немесе көңілі түсіп қалмай ма, біреуге зияным тиіп кетпей ме дегенді білмей жатады. Сондықтан ата-ана алдымен әр адамға тиесілі заттың болатынын, оның әркімге құны, қадыр қасиеті болатынын, сенің сүйікті затыңды тартып алса қандай сезімде болар едің дегенді түсіндіру қажет. Баланы кішкентайынан әдептілікке баулу, дұрыс-бұрысты түсіндіру өте маңызды", - дейді ол.
Екіншіден, түсіндіру
Екінші мәселе - баланы бас салып ұрысу. Ата-ананың бұл қылықтың неге дұрыс емес екенін түсіндіре алмауы.
"Бала біреудің қолынан шоколад көрді, оны жегісі келді, алды делік. Ол маған жақсы нәрсе неге біреуге жаман болуы керек деп ойлауы мүмкін. Ал оның неліктен жаман екенін түсіндірмеу, баланың миына қонымды аргумент айта алмау, көп ата-ананың қателігі", - дейді маман.
Психологтың айтуынша, ата-ананың тағы бір түрі болады. Ол баласының жасаған қатесі үшін оған үлкен айып тағатындар.
"Балаға ұры, қылмыскер дегендей ауыр айып тағатындар болады. "Ярлык" іледі. Әр кезде жасағанын бетіне басып, ұялтып, "тұқымда жоқ" нәрсе еді дейтіндер болады. Әрине әр ана баласының жаман болғанын қаламайды, алайда баланың істеген кішкентай қателігіне үлкен мән беріп, одан үміт үзуге болмайды. Сөйлесу керек. Ең маңызсы, баласының жасаған қателігінен кейін одан ата-анасының бас тартпауы. Қаншалықты ашуланып тұрса да, "сен енді менің балам емессің, маған ондай бұзақы бала керек емес" деп мүлде айтпау керек. Керісінше, жауапкершілікке, кешірім сұрауға, қолымен істегенді мойнымен көтеруге үйреткен абзал", - дейді Нұрсұлу Сейдақова.
Үшіншісі, қызығу
"Біреуде бар дүниеге көз салу, өзінде жоқ нәрсені ұстап көру қызығушылықтан туындайды. Ұрлықты үйінде керек көңіл бөлінбейтін, ата-анасы оның қайда және не істеп жүргеніне қызықпайтын, қажеттіліктеріне қанағаттанып жүр ме, жоқ па, білмейтін, өзі іштей қиналып жүрген балалар немесе кейбіреуі "менің сезінгенімді басқалар да сезінсін, мен бақытсыз болсам, неге олар бақытты болып жүруі керек" деп жасайды. Бұл жерде бала қай бұзақылықтың түрін жасаса да, ата-ана тарапынан көңіл бөлінбегендіктен болады", - дейді ол.
Төртіншіден, назар аударту
Бала бұзықтықты көбіне өзіне назар аударту үшін жасайды екен.
"Қарапайым жағдай болса да, қазір аналардың көбі таңертеңнен кешке дейін телефонда отырады немесе жұмысбасты. Бала әсіресе кішкентай кезінде анасы телефонмен сөйлесіп жатқанда шулап кетеді, өзінен кішкентай інісін немесе қарындасын ұрып, ойыншыққа таласып қалады. Барлығы анасының назар аударуы үшін жасалады. Балаға махаббат, көңіл жетіспенгенде, ол психикалық, эмоцианалды жағынан қанағаттанбаса олқылықтарға барады. Сондықтан кез келген ата-ана баласының қайда, кіммен не істеп жүргенін, дәл қазір немен айналысып жатқанынан хабардар болуы керек", - дейді психолог.
Десе де, балаға ата-ана тәрбиесінен бөлек айналасындағы адамдар да зор әсерін тигізеді. Психологтың айтуынша, жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбеген бала оны сырттан іздейді.
"Сырттағы адамдар оны қабылдауы үшін, бала үйдегі нәрсені ұрлап апарып беруі мүмкін. Ол кәмпит ұрлаудан басталады. Қазақта күлшелі бала сүйемекке жақсы дейді. Сүйемекке жақсы деп күлшелі болуға тырысады. Яғни басқалар оны қабылдауы үшін үйден бағалы заттарды, ақша алып шығып, бір нәрсе сатып алып береді. Осы іс әрекетке тағы бір жақын нәрсе, бала өзінен үлкендердің тобына түскенде болады. Бала өзін-өзі дәлелдеу, көрсету, беделге ие болу үшін жаман әрекетке барады. Сонда үлкендер оған қол соғып, жарайсың деп жатса, бала істеген ісін қайталай беруі ықтимал", - дейді маман.
Бесіншіден, үлгі көрсету
Кез келген бала айтқанды емес, жасағанды қайталайды.
"Әкесі ішімдік ішіп тұрып балаға алкоголь қолданба десе, ол әлбетте тыңдамайды. Кейін өзі барып қайталайды. Кез келген нәрсені балаға түсіндіргенде оны неліктен екенін айту, оны өз мысалында көрсету керек. Кейде бала іс-әрекетінің дұрыс-бұрыстығын айыра алмай қалады. Сондықтан отбасы мүшелері, әсіресе ересек адамдардың сөзі бір жерден шыққаны дұрыс. Мысалы әкесі балаға ұрысып жатыр делік, ал анасы жағаласып әкесімен ұрысып жатыр. Бала ол кезде екеуінің конфликтін көреді, ол да әсер етеді. Сонда бала өз ісінің қате екенін білмей де қалады, себебі анасы жақтап тұр. Ата-әжелердің жағдайында да сол. Ұрып-соғуға қарсымын. Қайталап айтамын, түсіндіру керек және баланың кінәлі екеніне толық көз жеткізу. Себебі жала да жабылуы немесе ересектер оқиғаны қате түсініп қалуы мүмкін. Кейде балалар ата-анасына ренжулі болады. Қырсыққаннан да бұзықтыққа барып жатады", - дейді психолог.
Шектен тыс қамқорлық
Маманның айтуынша, баласы үшін өмір сүретін ата-ана қазіргі қоғамның проблемасы болып барады. Оны гиперопека дейді екен.
"Барлығын баласы үшін жасайтын, "мен көрмегенді балам көрсінші" дейтін ата-аналардың әсерінен бала болашақта өзіне жауапкершілік ала алмай, қиыншылыққа төтеп бере аламай қалады, оның өмір сүруге құлшынысы болмайды. Ол дұрыс емес. Құстың өзі балапанының қанаты қатайғанша қамқор болып, кейін жібереді, адам да сондай болуы керек", - дейді ол.
Нұрсұлу Сейдақова мәселені шешерде кінәліні емес, бала ондайға не үшін барғанын анықтаудан бастау керектігін айтады.
"Кез келген мәселенің мән-жайына үңілу керек. Кейін баламен сөйлесіп, себебін анықтаған жөн. Психологпен жұмыс істеп, оның араласатын ортасын тағы бір қарап шығу керек. Баланы өзгертуге тырыспаңыз дегім келеді. Ақыл айта беруге де болады. Барлығының жөні бар. Ата-ана баланы емес, өздерін өзгертуге тырысу керек. Бала сондайға барса, екеуміздің қарым-қатынасымыз дұрыс емес-ау, бұл балаға бір нәрсе ұнамауы, жетіспеуі мүмкін деп проблеманы ой елегінен өткізу керек", - дейді психолог.