Түркістан облысында түсірілген видеоны әлеуметтік желі қолданушылары жаппай таратып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Түркістан облысында түсірілген видеоны әлеуметтік желі қолданушылары жаппай таратып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Роликте кадр сыртындағы ер адам "Дұрыс па осы? Құмға барып шашсаңдаршы" дейді. Алайда оған ер адам жыл сайын шашылатынын айтып, жауап береді. Кейін видео авторы ауаға белгісіз зат шашып жүрген көліктің соңынан жүргені көрінеді. Осы жерде видео үзіліп қалған.
Видеоны жариялағандардың ішінде баспана туралы жазатын блогер Dauletten де бар. Ол құзырлы органдардан ресми жауап күтетінін жазған.
"Осы кезге дейін "бізді улап жатыр" деген видеоның түр-түрін көрген едім... Бірақ оларға күмәнмен қарайтынмын. Ал мына видеода бұрқырап жатқан не болды екен? Сіз қалай ойлайсыз? Құзырлы органдардан ресми жауап күтеміз!!! Егін алқабы дейін десем... Мына жерде егін жоқ секілді", - дейді Дәулет Мұқаев.
Блогер Dauletten жариялаған видео скриншоты
Блогердің жазбасына әнші Алтынай Жорабаева пікір жазып, ол шашып жүргендер шегірткеге қарсы шара деп ақталатынын жазған.
"Шегіртке уладық деп ақтала салады. (Негізі дәріні шегірткенің қанаты өспей жатып, көктемде шашады)", - деп топшылаған.
Видеодан скриншот
Алайда Түркістан облыстық ІІД өкілдері бұл видеода шашылып жатқаны Қырым-қанды безгегі бойынша залалсыздандыру жұмыстары екенін айтып түсіндірді.
"22.07.21 әлеуметтік желіге таралған бұл бейнежазбаға сәйкес, Созақ АПБ қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Созақ аудандық СЭББ-ға қарасты автокөлік екені және Қырым-қанды безгегі бойынша залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатқаны анықталды. Сондай-ақ бейнежазбаны таратқан Созақ ауданының тұрғыны анықталып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді", - деп хабарлады ІІД өкілдері.
Айта кетейік, Қырым-қанды безгегі - вирустық жұқпалы ауру. Ауруға негізінен ауылшаруашылығы жұмыстарымен айналысатын адамдар көптеп шалдығады. Инфекция кене шаққан жерден басталады және сырқат адамның қаны тигенде жұғады. Бұл аурудың алдын алу мақсатында аймақтарда маусымдық кенеден зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.
Вирустан қорғайтын сусын немесе уланған су. Қазнетте тараған 5 фейк