Әлеуметтік желіде анасымен бірге ән айтып, жұртты таңғалдырған Гүлмира Ізбасханова өнер жолына қалай келгенін, кімдердің әсер еткенін және шоу-бизнестегі тап болған қиындықтары жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде анасымен бірге ән айтып, жұртты таңғалдырған Гүлмира Ізбасханова өнер жолына қалай келгенін, кімдердің әсер еткенін және шоу-бизнестегі тап болған қиындықтары жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Гүлмира Ізбасханованың анасымен орындаған дуэті Instagram желісінде түрлі топтарда жарияланып, олардың өнеріне тамсанған қолданушылар саны күннен күнге артып, бөлісіп жатқандар жүзден асады.
"Әкем де анам да П.Чайковский атындағы музыкалық колледжде оқыған. Әкем Қызылордадан, ал анам ОҚО-дағы Сарыағаш ауданының тумасы. Мен Шымкентте тудым, бірақ ес білгелі Қостанайда, Атырауда, Шымкентте өстім. Отбасымызда төрт ағайындымыз, ең кенжесі менмін. Аға әпкелеріме қарағанда ерке әрі ширақтау болғаныма байланысты, анам алты жасымнан бастап түрлі конкурстарға қатыстырды. Т. Жүргенов атындағы университетті 2015 жылы қызыл дипломмен тәмамдадым. Ұстазым Нағима Есқалиева апайымыз болды. Елімізде ұйымдастырылған республикалық "Қазақстан дауысы", Қытайдың Үрімші қаласында өткен халықаралық "Талант шоу" байқауының финалисі болдым. Қазіргі уақытта Сәуле Жанпейісованың "Аманат" өнер мектебінде вокалдан сабақ беремін", - дейді Гүлмира Ізбасханова
Жас әншінің айтуынша қазіргі киім стиліне сырқаттанып қалуы себепші болған.
"Кішкентайымнан екі әпкемнің менен едәуір үлкен болуына байланысты, ағаммен өстім. Футбол, үстел теннисі сынды спорт түрлерін жақсы көремін. Бала кезде көйлек кигеннен гөрі, сым шалбармен жүргенді ұнатамын. Соңғы кездері әлеуметтік желіге жүктейтін видеоларыма бас киіммен (кепка) шығып жүрмін. Бұрындары шашым ұзынырақ болатын. Алайда науқастанып, шашымды алып тастауға тура келді. Бұйырса бас киімсіз ән орындаған видеоларым да шығады. Анам екеуміздің даусымыз - альт (әйелдердің төменгі дауысы), сол себепті бірге дуэтпен ән орындауды ұйғардым. Анам да келісті", - дейді ол.
Гүлмира Ізбасханова шоу-бизнестегі тап болған қиындықтары жайлы да айтып берді.
"Телеарнаға шығып, бейнебаянымды жариялау үшін қаражат пен таныс керек болды. Мен ата-анамның қолдауымен және өзімнің тойларға шығып өнер көрсетуімнен тапқан қаражатыма "Болшы сен жанымда" әніне бейнебаян түсірдім. Шамамен 500 мың теңгедей кетті. Енді ән айтып, видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялап жүрмін. Бейнебаянымды телеарнадан көретін күн алыс емес деп ойлаймын. Бір Алла одан кейін анам мен әкемнің арқасында барлығына қол жеткіздім", - дейді ол.