РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
20 января 2020 | 14:27

"АҚШ-қа қалыңдық визасымен көшіп келдім". Американың "бірқабат" қаласында тұратын қазақ

ПОДЕЛИТЬСЯ

Айнаш Төлеу. Фото: instagram.com/ainash_toleu Айнаш Төлеу. Фото: instagram.com/ainash_toleu

Павлодарлық Айнаш Төлеу АҚШ-қа былтыр көшіп барған. Өзі Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдап, елордада біраз жұмыс істегеннен кейін осындай шешімге келген. Ол Америкаға 12 жасында көшіп кеткен Олжас Төлеу есімді павлодарлық жігітке тұрмысқа шыққан. Бүгінде үш бала асырап отырған Олжас пен Айнаштың өмірін баяндаймыз.


Павлодарлық Айнаш Төлеу АҚШ-қа былтыр көшіп барған. Өзі Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдап, елордада біраз жұмыс істегеннен кейін осындай шешімге келген. Ол Америкаға 12 жасында көшіп кеткен Олжас Төлеу есімді павлодарлық жігітке тұрмысқа шыққан. Бүгінде үш бала асырап отырған Олжас пен Айнаштың өмірін баяндаймыз.

"Күйеуім 2001 жылы анасымен бірге АҚШ-қа көшіп барған. Содан бері осы елде тұрып жатыр, азаматтық алғанына да көп болды. Өзім Америкаға 2019 жылдың басында көшіп бардым. Үйленіп отбасын құру үшін көштім. Өзім бұл елге қалыңдық визасымен келдім. Осындай арнайы виза бар. Алайда визаға құжаттарымды 2018 жылдың қаңтарында өткізіп қойған едім, визаны былтыр қаңтарда ала алдым. Қазіргі уақытта визаны күту мерзімдері ұзарды", - деп бастады ол әңгімесін.

Оның айтуынша, күйеуі АҚШ-та білім алып, мансап жолы шарықтап өскен. Қазір ол Американың ең ірі банктерінің бірі Wells Fargo-да аудит және сараптама бөлімінің басшысы екен. Ал 31 жасында өзі жұмыс істейтін банкте "Вице-Президент Ассистенті" атағын алған. Бұл осы банктегі ірі жетістік. 

"Ал мен Америкада енді қалыптасып жатырмын, себебі мұнда бір ғана жыл жүрмін. Қазіргі уақытта Ainash Toleu деген атпен Youtube пен Instagram-да блог жүргіземін. Ал бір ай бұрын АҚШ-та жұмыс істеуге рұқсат алып, Macy’s компаниясына жұмысқа тұрдым. Жұмыс орнымды арнайы ағылшын тілінде жұртпен көп сөйлесуге және үйіме жақын болғанына қарап таңдадым. Жұмыс кестесі де оңтайлы. Үш баламыз бар, бірақ толық жұмыс күнін талап ететін компанияға бара алмадым", - дейді ол.

Айнаштың отбасында бес адам бар. Күйеуі - Олжас, үлкені - Мэйбл (Mabel) 7 жаста, екінші сыныпта оқиды, Жантуар 5 жаста, Фрэнсис (Francis) те 5-те. 


Бірінші некеден туған балаларының жасты екенін байқағандар қос кенжесін егіз деп ойлайды екен.  

"Айтпақшы, екі кенжеміз де қазір 5 жасынан бастап 0-сыныпта оқиды, мұнда бұл сыныптарды Kindergarten деп атайды. Берер білімі өте жақсы. Жантуарым көшіп келгенде ағылшын тілінде тіпті білмеген, қазір болса ағылшын тілінде сөйлеп, осы жасында ағылшынша кітап та оқиды", - дейді Айнаш.

Оның айтуынша, мектепте тамақтануға үш уақыт беріледі: таңғы ас - 1,7 долларға сатып алуға болады, сүт 0,6 доллар немесе өзімен бірге әкелуге болады. Таңғы асқа бару міндетті емес. Түскі ас - 2,9 долларға сатып алуға болады, сүт 0,6 доллар немесе өзімен бірге әкелуге болады.

"Менің балаларым мектепте түскі ас сатып алады. Бірақ мен оларға ақша беріп жібермеймін, барлығы онлайн  жасалады, толық мәзірі бар арнайы сайт бар, сонда балаларымызға не берілуі керегін белгілеп, тапсырыс береміз. Егер сіздің отбасыңызда ақша болмаса және кедейліктің арнайы шегіне жақындасаңыз, мұндағы мектепте тегін тамақтануға рұқсат ала аласыз. Балалар мектепте ешқашан аш болмайды", - дейді ол. 

Осылайша Айнаш Төлеу "АҚШ-та өмір сүруге қанша ақжа қажет?" деген сұраққа былай деп жауап берді:

"АҚШ-тағы баға тұрып жатқан штатыңызға байланысты. Барлығы да отбасы мүшелеріңіздің санына қарай көбейеді. Екі ересек адам мен үш баласы бар отбасыға мұнда өмір сүруге мынадай ақша қажет: 

Баспананы жалдау құны - 1800 доллар (2 жатын бөлмесі бар және 2 ванна бөлмесі бар үй)
Коммуналдық қызметтер - 140 доллар
Ұялы байланыс - 100 доллар
Интернет - 72 доллар
Тамақ - 750 доллар
Бензин - 100 доллар
Көліктің сақтандыруы - 130 доллар".

Қазақ отбасы елдің қазақтар көп қоныстанбаған бөлігінде тұрады екен - Идейна қаласы, Миннесота штаты. 

"Бұл бірқабат Америка, Нью-Йорк, Лос-Анджелес сияқты ірі қалаларға мүлде ұқсамайды. Мұнда далада қалып қойған адам көрмейсіз. Қоқыс тасталмайды, қауіпсіз. Мұнда бастысы бала тәрбиесіне барлық жағдай жасалған, сапасы мықты тегін мектептер бар. Өте тыныш, бейбіт қала. Ал табиғаты керемет. Астанада тұрған болсаңыз және Бурабайдың қандай екенін көргеніңіз болса, біздің қазір тұрып жатқан жерімізді елестете аласыз. Біздің штатты "10 000 көлі бар штат" деп атайды. Себебі көлі көп, жайқалған жасыл орман, қылқан жапырақ ағаштары. Саябаққа барып, осындай кереметті көрген соң аузың ашылады да қалады. Мұнда табиғат қатаң қорғалады, халқы да құрметтейді", - дейді ол.

Айнаш Төлеудің айтуынша, Миннесота штатында қазақ көп емес. Қазақтардың көбі ауа райы салқын штатқа емес, мұхитқа, жағалауға жақын маңға барғысы келеді. Бізде көбіне орыс тілінде сөйлейтін коммуна, көбі Қазақстаннан келген өзге ұлт өкілдері. Бұл коммуна тату тұрады, әрдайым жиналып жүреді, ұлттық мерекелерді тойлайды. Өткен жылы Қазақстаннан келген қазақтар Наурыз мерекесін тойлағанбыз, орыс қауымын да шақырдық, жалпы 400-дей адам болдық", - дейді кейіпкеріміз.


Суреттер Айнаш Төлеудің жеке мұрағатынан. Фото: instagram.com/ainash_toleu

"Бұл мерекеде дәстүрлерімізді, Қазақстанда тойдың қалай өтетінін көрсеткіміз келді. Құда түсу, сырға салу және тойдан көрініс қойдық. Қамажай, Қара жорға билеп, қазақша әндер айттық. Барлық қонақ ұлттық киім киіп келді. Көрініске ақ көйлегім мен сәукелем болмаған, бірақ енем көмектесіп, бір түннің ішінде тіккен жайымыз бар. Тіпті Нью-Йорктен хабарласып, киімімді жалға беруді сұрағандар болды. Мұның бәрін бір ғана түнде тіккенімді айтып күлдім", - дейді америкалық қазақ. 

Бүгінде қазақстандықтар бұл штатта әрдайым жиналып, түрлі шараларға қатысып, бір-біріне қолдау көрсетуге дайын. Тіпті қазақтың асханасын сағынғандарға арнайы дастархан жайып күтіп алады екен.

Сұхбат Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының көмегімен дайындалды

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети