РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
22 декабря 2020 | 12:40

42 500, карантин, кешірім сұраймын. Қазақстанда жыл сөзі қандай?

ПОДЕЛИТЬСЯ

2020 жыл аяқталуға жақын. Бүгінде жылға түрлі қорытынды жасалып жатыр. Солардың бірі - "жыл сөзі". Әр түрлі ұйым жыл бойы кең қолданылған, сол жылды сипаттайтын бір сөзді таңдайды. Tengrinews.kz тілшісі биыл дүние жүзінде аталған жыл сөзі туралы жазып, оның қазақша нұсқасын да анықтап көрді. 


2020 жыл аяқталуға жақын. Бүгінде жылға түрлі қорытынды жасалып жатыр. Солардың бірі - "жыл сөзі". Әр түрлі ұйым жыл бойы кең қолданылған, сол жылды сипаттайтын бір сөзді таңдайды. Tengrinews.kz тілшісі биыл дүние жүзінде аталған жыл сөзі туралы жазып, оның қазақша нұсқасын да анықтап көрді. 

Мысалы, америкалық танымал Merriam-Webster сөздігі таяуда жыл сөзін анықтаған. Бұл сөздіктің нұсқасы бойынша pandemic (пандемия) 2020 жылдың басты сөзі болды.

"Кейде бір сөз бір дәуірді анықтайды, ал бұл ерекше және өте қиын жылда жыл сөзіміз қандай болатынын анықтайтын деректерді талдағанда бірден бір сөз бірінші орынға шықты", - делінген сөздіктің сайтында.

Жыл сөзі онлайн-сөздікте жиі ізделетін сөздерді статистикалық талдаудан кейін таңдалған. Сарапшылардың пікірінше, "пандемия" сөзін іздейтіндер 3 ақпанда күрт артқан. Бұл расымен де биыл ең көп айтылған сөз болар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурызда коронавирус инфекциясын пандемия деп жариялаған болатын.


© Reuters

Ұлыбританиялық Collins English Dictionary сөздігі болса, жыл сөзі деп "локдаунды" атаған.

"Локдаун - саяхатта, қоғамда өзара әрекеттесуде және қоғамдық орындарда қатаң шектеулер енгізу", - делінген сөздікте.

Бұл сөз биыл 250 мың рет қолданылғаны айтылады. Сарапшылардың пікірінше, оның әр түрлі елде танымал болуы пандемияның миллиардтаған адамға әсер еткеніне байланысты.


Фото: Vostock-photo

Ал тағы бір ұлыбританиялық Оксфорд сөздігі жылдың нақты бір сөзін анықтай алмаған.

Лексикографтар бір сөз емес, сөздер тізімін жасады. Оған биылғы оқиғаларға байланысты ең көп айтылатын сөздер енген - "coronavirus", ("коронавирус"), "COVID-19",  "lockdown" (локдаун), "social distancing" ("әлеуметтік қашықтық") және "reopening" (қайта бастау).


© Reuters

Ресейде де жыл сөзі таңдалған. А. С. Пушкин атындағы мемлекеттік орыс тілі институты зерттеу жүргізіп, биыл ресейліктерді қандай мәселе толғандырғанын анықтаған.

Соның нәтижесінде жыл сөзі болып "оқшаулану" ("самоизоляция") және "жаңарту" ("обнуление") сөздері таңдалған.

Жыл басынан бері Ресейде оқшаулану режимі енгізілген. Ал "жаңарту" сөзі Ресей Конституциясына байланысты. Биыл жазда Ресей заңнамасына түзетулер енгізу бойынша сайлау болған еді. Бұл түзетуден кейін ел президенті Владимир Путиннің бұған дейінгі екі рет президенттік мерзімі жаңартылып, алдағы уақытта тағы екі рет сайлауға түсе алады.


© Pixabay 

Германияда да жыл сөзі анықталды. Висбадендегі неміс тілі қоғамының қазылар алқасы Corona-Pandemie (коронавирус пандемиясы) ұғымын 2020 жылдың сөзі деп атады.

"Күткеніміздей, 2020 жылдың сөзі "коронавирус пандемиясы" болды. Бұл күрделі сөз жыл бойындағы барлық мәселені көрсетеді", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, германиялық нұсқа бойынша ең көп қолданылатын сөздер тізіміне "локдаун", AHA аббревиатурасы ("қашықтық, гигиена, маска"), "бос трибунадағы матч", сондай-ақ "сау болыңыз" деген қоштасу формасы енген.

Ал Жапонияда жылдың иероглифі таңдалды. Бұл басқаларына ұқсамайтын ерекше сөз болды - "мицу" ("тығыз"). Дәстүр бойынша жылдың иероглифін Киотодағы "Киёмидзу-дэра" буддистер храмының ректоры қағазға сиямен сызды.

"Мицу" сөзі коронавирусқа арналған үш негізгі ұсыныстың қатарына жатады - тығыз кеңістіктен, тығыз орналасқан адамдардан және тығыз байланыстардан аулақ болу.

Қазақстанда жыл сөзі қандай?

Қазақстандықтар арасында да жыл сөзін анықтауға тырыстық. Ол үшін Instagram желісіндегі Kaz.Tengrinews парақшасындағы фолловерлер арасында сауалнама жүргіздік. Оқырмандарымыз жыл сөзіне лайық деген сөздерін атады.

Сауалнама нәтижесі бойынша "42 500" саны жыл сөзі атанды. Бұған елдегі төтенше жағдай режимі кезінде берілген жәрдемақы себеп. Көктемде ТЖ енгізілген кезде ел үкіметі жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңгеден төлеген болатын. Кейін жазда локдаун болғанда да осындай жәрдемақы төленген. 

Карантин барысында 42 500 теңге мәселесі көп талқыланған. Оған қатысты желіде түрлі әзіл мен фейк-ақпарат тараған болатын. Сондықтан оқырмандарымыз 42 500 теңгені жыл сөзі деп танып отыр. 


Фото Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Сауалнамада "маска" сөзі де көп аталды. Коронавирус елде енді тарап жатқанда дәріханаларда маска болмай, болғанның өзінде тым қымбатқа сатылған еді. Маска тақпағандарға айыппұл салынды. Бүгінге дейін елімізде маска режимі сақтаулы екенін еске салайық. 

Ал үшінші орынды "карантин" сөзі иеленді. Бұл түсінікті де шығар. Қазақстанда карантин әлі алынған жоқ, тек сәт сайын жеңілдеп не қатаңдап тұрады.

Айта кетейік, кей оқырманымыз жыл сөзі атағына "Карантин, кет, кет", "Кешірім сұраймын" және "Борат" секілді сөздерді де ұсынған.   

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети