29 ноября 2019 | 13:35

21 жасында әнұран сөзін жазып берген ақын - Жұмекен Нәжімеденов

Ақын Жұмекен Нәжімеденов © zhumeken.kz

Күні кеше ақын Жұмекен Нәжімеденовтің туған күні болды. Ол - Мемлекеттік әнұранның авторларының бірі, көрнекті қаламгер. Алайда "Менің Қазақстаным" әнін шығару кезінде біраз қиындық болған көрінеді. Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығы, еңбек жолы және "Менің Қазақстаным" әнінің шығуы жайлы Tengrinews.kz тілшісі материалынан оқыңыз.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Күні кеше ақын Жұмекен Нәжімеденовтің туған күні болды. Ол - Мемлекеттік әнұранның авторларының бірі, көрнекті қаламгер. Алайда "Менің Қазақстаным" әнін шығару кезінде біраз қиындық болған көрінеді. Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығы, еңбек жолы және "Менің Қазақстаным" әнінің шығуы жайлы Tengrinews.kz тілшісі материалынан оқыңыз.

Ақын, күйші әрі прозаик

Реклама
Реклама

Жұмекен Нәжімеденов 1935 жылы 28 қарашада Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келген. Ол 1954 жылы Нұржау кеңесіне қарасты Ленин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін 1954-1955 жылдары "Жас қайрат" сегізжылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Кейіннен Қарағандыдағы №33/34 шахтада комбайнердің көмекшісі болып істеген.

Алғашқы өлеңі "Лениншіл жас" газетінде 1955 жылы жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы "Балауса" деген атпен 1961 жылы жарық көрген. Қаламгер проза жанрында да қажырлы еңбек етті. Оның қаламынан "Ақ шағыл", "Кішкентай", "Даңқ пен дақпырт" атты романдар туған. Ақынның әңгімелері мен повестері, хикаялары мен сын мақалалары топтастырылып, 2005 жылы "Аспан шақырады" деген атпен басылып шықты.


© zhumeken.kz

Жұмекен Сабырұлы асқан күйші болатын. Оның "Күй кітабы" атты шығармасының негізінде 2006 жылы аудио-кітап жарыққа шыққан. Аудиокітапта ақынның күй құдіретін түсіндірген өлеңдері және өнер қайраткерлерінің орындаған туындылары тыңдарманына тарту етілген. Сонымен қатар, 2005 жылы ақынның сөзіне жазылған әндер топтастырылған "Жұмекен - Менің Қазақстаным" деген әндер жинағы басылды.

"Жұмекенді құдайдан тілеп жүріп көтергем"

Ақынның жары Нәсіп Мұстақызының журналист Қалампыр Кенжеғалиқызына берген сұхбатында Нәжімеденовтің анасы Мүслима Айдынқызы жайлы сыр шерткен. Ақынның анасы Гурьев облысының Теңіз ауданындағы 13-объезд деген жерде 1915 жылы туған екен.

Жұмекен Нәжімеденов © zhumeken.kz

Тұрмысқа 15 жасында шыққан Мүслима тұңғышы Жұмекенді келін болып босаға аттаған соң 4 жылдан кейін босаныпты.

Жұмекен өз анасын Мүсеке деп атапты. "Жұмекенді кимешектің ішінен мойныма қара-ала тұсау салып жүріп құдайдан тілеп алдым ғой" деп айтқан екен ақынның анасы.

"Менің Қазақстаным" әнінің шығуы

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жарлығымен 2006 жылдың 7 қаңтарынан ресми айналымға Әнұран ретінде енген "Менің Қазақстаным" әні болған. Ән Нәжімеденовтің шығармашылық жолының басында, ақынның 21 жасында жазылған.

Жұмекен Нәжімеденовтің жұбайы Нәсіп Мұстақызының айтуынша, ән осыдан 63 жыл бұрын, 1956 жылы Алматыда, белгілі шаңқобызшы Гүлсара Піржанованың үйінде жазған. Бұл өлең бір қарағанда Қазақстан миллиард пұт астық жинағанына арналып жазылған сияқты болып көрінгенімен, негізінен "ел, жер менікі" деген отаршыларға қарсылықтан туған екен.

Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқов © zhumeken.kz

Оны сезіп қалған коммунистер әнді мүлдем шығармай тастауға айналғанда Жамал Омарова ара түсіп, эфирден шырқауға мүмкіндік алған. Сөйтіп халыққа жетпей жатып қудалана бастаған ән бағы жанып, бейресмиден тәуелсіздіктің арқасында ресми әнұранға айналған екен.

2006 жылдың 11 қаңтарында "Менің Қазақстаным" әні елдің мемлекеттік әнұраны сипатында алғаш рет "Ақорда" резиденциясында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті лауазымына салтанатты түрде кірісу сәтінде орындалды.

"Жоқ, ұмытуға болмайды!"

Ақынға туған ауданында ауыл және мектеп аты, Атырау, Астана және Алматы қалаларында көше аты берілген. "Жұмекен" ауылында және Атырау қаласында ескерткіш орнатылған. Жұмекен Нәжімеденов туралы "Жұмекен" атты деректі фильм және Марат Азбанбаевтың "Менің Қазақстаным - Жұмекен" атты зерттеу кітабы жарық көрді.


© zhumeken.kz

2006 жылы ақынның өмірі және шығармашылық жолы туралы "Жұмекеннің жүрегі" деген естелік кітап жарық көрді. 2015 жылы философ, жазушы Ғарифолла Есімнің "Жұлдызды Жұмекен" атты эссе жанрында жазылған кітабы шықты.

Ақын 1967 жылы "Жоқ, ұмытуға болмайды!" атты поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. 2010 жылы "Менің Қазақстаным" атты жыр жинағы үшін Жұмекен Нәжімеденовке ақын қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram