РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
16 октября 2020 | 09:20

"Үшеуі мәжбүр болған". Қырғызстан президенттері биліктен не үшін кеткен?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бүгін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кететінін мәлімдеді. Елдегі соңғы наразылық шараларынан кейін ол осындай шешім қабылдаған. Қырғызстан президенті болған бес адам ішінде тек екеуі өз еркімен лауазымынан кеткен. Қалған үшеуі мәжбүрлі түрде орнын босатқан. Tengrinews.kz тілшісі тәуелсіз қырғыз елін басқарған бес президенттің лауазымынан қалай кеткенін баяндайды.


Бүгін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кететінін мәлімдеді. Елдегі соңғы наразылық шараларынан кейін ол осындай шешім қабылдаған. Қырғызстан президенті болған бес адам ішінде тек екеуі өз еркімен лауазымынан кеткен. Қалған үшеуі мәжбүрлі түрде орнын босатқан. Tengrinews.kz тілшісі тәуелсіз қырғыз елін басқарған бес президенттің лауазымынан қалай кеткенін баяндайды.

Асқар Ақаев

Асқар Ақаев - Қырғызстанның алғашқы президенті. 1990 жылы Қырғыз КСР-інің президенті болған. Бір жылдан соң тәуелсіз Қырғызстанның басшысы болып сайланған. Ол бұл қызметте 14 жыл жұмыс істеді.

1990 жылдан бастап есептегенде, төрт рет президенттік сайлауда жеңіске жеткен. 1991 жылы, 1995 және 2000 жылы президент болып қайта сайланған. Ал 2003 жылы референдумда өкілеттігін ұзартқан.


Аскар Ақаев. Фото ©РИА Новости

2005 жылы 22 наурызда Қырғызстанда Жауқазын революциясы басталды. Оны оппозиционер Құрманбек Бәкиев бастаған Қырғызстан халқы қозғалысы ұйымдастырған. Себебі оппозиция Ақаевтың авторитарлық режиміне қарсы шығып, 2005 жылы қаңтар-ақпанда өткен парламенттік сайлаудың нәтижесін мойындамаған. Одан бөлек, халық елдегі әлеуметтік, экономикалық жағдайға, жемқорлыққа, Конституциядағы өзгерістерге наразы болған.

Нәтижесінде митингіге шыққандар құқық қорғаушылармен қақтығысқа барып, президент резиденциясын жаулап алған. Ал Ақаев отбасымен бірге арнайы жасақтың көмегімен елден қашып кеткен. Оған Ресей саяси бассауға болған. 2005 жылы 11 сәуірде Ақаев келіссөздерден кейін, президенттік өкілеттігін тоқтатуға келісімін берген.

Қырғызстан СІМ мәліметінше, қарашада 76 жасқа толатын Асқар Ақаев қазір Ресейде тұрып жатыр. Мәскеу мемлекеттік университетінде профессор болып жұмыс істейді.

Құрманбек Бәкиев

2005 жылы 11 сәуірде Ақаев өкілеттігін тоқтатқаннан кейін мемлекет басшысы қызметіне уақытша оппозиция көшбасшысы Құрманбек Бәкиев келді. Сол жылы 10 шілдеде елде кезектен тыс сайлау өтіп, Құрманбек Бакиев сенімді жеңіске жетті. Ал оның басты қарсыласы саналған Феликс Кулов премьер-министр қызметіне тағайындалды.

2009 жылы шілдеде елде президенттік сайлау өтіп, Бәкиев 90 пайыз дауыс жинады.

2010 жылы сәуірдің басында ел билігіне қарсы тағы да үлкен революция басталды. Бұл жолы да оппозиция Бәкиевтің режимін авторитарлық деп бағалап, оның отставкаға кетуін талап етті. Сондай-ақ, халық елдегі ахуалдың нашар болғанына наразы екенін жеткізді.


Құрманбек Бәкиев. Фото: РИА Новости

7 сәуірде мыңдаған адам Бішкекті толық жаулап алды, оның ішінде әкімшілік ғимараттар да бар. Оппозиционерлер парламент пен бас прокуратура ғимараттарының күл-талқанын шығарды.

Ал Бәкиев Бішкектен Ошқа қашып кетті. Ел астанасында оппозиционерлер уақытша үкімет құрып, оны жетекшілері Роза Отынбаева басқарды.

Құрманбек Бакиев болса, Таразға қашып, сол жақта отставкаға кететіні туралы арыз жазды. Артынша Беларусь президенті Александр Лукашенко оған саяси бассауға ұсынған. Бәкиев қазір Беларусьте тұрып жатыр.

2013 жылы Қырғызстанда "қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны" үшін ол сырттай 23 жылға сотталған.

Роза Отынбаева

2010 жылы 7 сәуірде Құрманбек Бакиев елден қашып, өкілеттігін тоқтатқаннан кейін уақытша үкімет құрылғанын айттық. Сол жылы 19 мамырда Қырғызстан уақытша үкіметінің декретіне сәйкес ел президенті болып тағайындалды.


Роза Отынбаева. Фото: Sputnik Қырғызстан

Бұл декрет бойынша Отынбаева 2011 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қырғызстан президенті қызметін атқарды. Осылайша, ол ТМД-да президент атанған алғашқы әйел болды.

2011 жылы 30 сәуірде Қырғызстанда президент сайлауы өтіп, Отынбаева лауазымын бейбіт түрде босатты.

Алмазбек Атамбаев

Алмазбек Атамбаев Қырғызстан президентіне үш рет кандидат болған. Үшінші мәртеде жеңіске жетті. 2011 жылы 30 сәуірдегі президенттік сайлауда ол халықтың 63 пайыз даусын жинап, мемлекет басшысы атанды. Бұл қызметке ол 1 желтоқсанда кірісті.

Атамбаев президенттік лауазымда 2017 жылдың 24 қарашасына дейін болды. Отынбаева секілді Атамбаев та қызметін бейбіт түрде босатты. Ешкім төңкеріс жасамаса да, бұл оқиға у-шусыз қалмады.

Президент болған жылдары оған түрлі айып тағылған. Мысалы, оның жақын адамдары жоғары лауазымдарға ие болған. Мысалы, оның бұрынғы жүргізушісі Икрамжан Илмиянов 2017 жылы президент аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалған.


Алмазбек Атамбаев. Фото: president.kg

Ал президенттік мерзімінің соңғы жылдары сот процесстері көп болған. Билік журналистерді, белсенділер мен оппозиционерді сотқа берген. Кей кезде Атамбаевтың өзі арыз жазған.

2019 жылы маусымда Жогорку Кешен одан экс-президент деген статусын қайтарып алды. Себебі бас прокуратура ол президент болған кезде "жемқорлық", "өкілеттігін асыра пайдалану", "заңсыз баю" белгілерін байқаған.

Нәтижесінде сот оны "Жемқорлық" бабы бойынша кінәлі деп тауып, биыл маусымда 11 жыл екі айға бас бостандығынан айырған. Ал биыл 6 қазанда Қырғызстандағы наразылық кезінде митингіге шыққандар Атамбаевты босатып алған. Бірақ 10 қазанда Бішкекте тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айыппен қайта ұсталған.

Сооронбай Жээнбеков

2017 жылдың 15 қазанында Қырғызстанда президент сайлауы өтіп, Сооронбай Жээнбеков 54 пайыз дауыспен жеңіске жеткен. 24 қарашада президенттік қызметін бастады.

Ол президенттік лауазымда үш жылға жуық болды. Биыл қазанның басында Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп, оның ресми нәтижесіне оппозиция мен халықтың көңілі толмаған. Нәтижесінде 5 қазанда елде жаппай наразылық шаралары басталған.


Сооронбай Жээнбеков. Фото:president.kg

Митингіге шыққандар президент әкімшілігі және парламент отыратын Ақ үйге басып кірген болатын. Нәтижесінде парламент сайлауының нәтижесі жойылған.

Елдің жаңа премьері Садыр Жапаров пен бірқатар шенеунік Жээнбековтің отставкаға кетуін талап еткен. Ал кеше Жапаров пен Жээнбеков тараптары өзара келіссөз жүргізген. Бүгін Қырғызстан президенті халыққа үндеуінде отставкаға кететінін мәлімдеді.

Осылайша, тәуелсіз Қырғызстан тарихындағы бес президенттің үшеуі мәжбүрлі түрде отставкаға кетті.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети