Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің ресми өкілі Ираклий Имнадзе Tengrinews.kz тілшісіне сұхбат беріп, Саакашвилидің көздегені не екенін айтып берді.
Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің ресми өкілі Ираклий Имнадзе Tengrinews.kz тілшісіне сұхбат беріп, Саакашвилидің көздегені не екенін айтып берді.
Ираклий Имнадзе ұзақ жылдар бойы Михаил Саакашвилидің жанында болып, тұтқынға алынған экс-президенттің "Движение новых сил" партиясының беделді мүшесіне айналған. Оның сөзінше, Саакашвили дәрі-дәрмек қабылдаудан және тестіден өтуден бас тартып, өз позициясын ашық көрсетіп отыр.
Саакашвилидің тағдыры қыл үстінде
"Михаил Саакашвилидің аштық жариялағанына тура 40 күн болды. Оның денсаулығы күн өткен сайын нашарлап жатыр. Оны қазір Тбилиси түрмесінің емханасына жатқызып, мазақ қылуда, себебі ол жерде адамның сауығып кетуі үшін ешқандай да жағдай жасалмаған. Саакашвилидің денсаулығына үлкен қауіп төніп тұрғанын растаймын", - дейді Имнадзе.
"Олардың бар ойы - билікті ұстап қалу"
Ираклий Имнадзенің айтуынша, Грузия халқы мұндай бассыздықты кешірмейтінді және наразылық акциясының ауқымы одан да кеңейе түседі.
"Саакашвилиді қолдап, ереуілге шыққан халықты мемлекеттік төңкеріске балаған Грузия билігінің өзі. Халықты бір жерге біріктіріп, қолына ту ұстатқан жоқпыз, бұл олардың өз еркіндегі шеру. Дәл қазір Михаил Саакашвилиді қолдау деңгейі оның 2003 жылы билікке келгендегі сәтімен пара-пар болып тұр. Грузия билігінің сайлаудағы кезекті көзбояушылығы осы жағдайды әдемі суреттейді. Олардың бар ойы - билікті ұстап қалу. Сайлау әділ өткенде біз мұндай жағдайға тап болмас едік. Халықты ешкім де алдай алмайды, олар барлығына куә. Күн өткен сайын үкімет тарапынан жасалған опасыздыққа шыдамай, наразылыққа шығып жатқандардың саны артып келеді. Бұл құбылыс өз нәтижесін бермей қоймайды", - деді ол.
"Саакашвили елге бекер оралған жоқ"
Спикеріміз Саакашвилидің Грузияға белгілі мақсатпен қайтып келгенін алға тартты. Имнадзенің айтуынша, Михаил Грузияда өзін не күтіп тұрғанын жақсы білген.
"Михаил Саакашвили ел мүддесі мен оның халқын бірінші орынға қойған саясаткер екенін айтқым келеді. Ол осы жолдың жетегінде Грузияны әлемнің ең тез дамыған мемлекеттерінің қатарына қосты. Елдегі жемқорлықты жойып, мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңа серпін берді. Демократия, либерализм және адам құқығы сол кезеңдегі Грузияның басты доктринасы еді. Ал қазір Михаилдың сан жылғы еңбегі Грузияның билігінде отырған олигархтардың кесірінен құрып отыр. Әрине, осы тұста Михаил Саакашвили елге бекер оралған жоқ. Ол Грузияны қайта дұрыс жолға салып, елдің әлеуметтік жағдайын көтергісі келеді, бірақ оған бөгет болғандардың тірлігін бүкіл әлем болып көріп отырмыз", - дейді Ираклий.
Саакашвилиге тағы кім қолдау көрсетеді?
Сонымен қатар, Ираклий Имнадзе өткен аптадан бастап Украинаның депутаттары Михаил Саакашвилиді дереу босату мақсатында қол жинап, Грузия билігіне өтініш білдіргенін жеткізді.
"Михаил Саакашвили әлемдік көптеген саяси көшбасшылар алдында үлкен беделге ие, абыройлы. Мәселен, Украина президенті Владимир Зеленский Саакашвилидің тұтқындалуына байланысты қолдау білдіріп, оны Украинаға қайтару бойынша әрекет етіп жатыр. Атап өту керек, Грузия үкіметі ғана Михаил Саакашвилиді қудалауға салып отыр. Бұған дейін ол басқа елдерде емін-еркін қимылдап, тіпті, өзге елдердің мемлекет басшыларымен ресми кездесулер де ұйымдастырып жүрді. Бұл нені білдіреді? Алдағы уақытта Михаилға басқа да елдер қолдау білдіріп, мына жағдайдың реттелуіне көмектеседі. Сондай-ақ, Еуропарламент те үнсіз отырмайтын болды. Десе де, Грузия халқы Саакашвилидің ел игілігі үшін жасаған жақсылығын елеп, өз көшбасшыларына медет болады деп сенемін", - деп сөзін аяқтады ол.
Айта кетейік, 1 қазанда Михаил Саакашвилиді Грузияға оралысымен қамауға алынды. Кейін Грузия президенті Саломе Зурабишвили айыпталушыға ешқандай да кешірім жоғын айтып, оның заң алдында жауап беретінін жеткізді. Ал ел билігінің үкіміне наразы болған Саакашвили бірнеше күннен кейін аштық жариялады. Ал күні кеше 3 мыңға жуық грузиялық демонстранттар Тбилиси орталығында ереуілге шығып, Саакашвилидің қайта билікке оралуына жол бермейтіндіктерін білдірді.
Еске салайық, Грузияда Саакашвилиге бірнеше айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Экс-президентке банк топ-менеджері Сандро Гиргвлианидің өлімі бойынша айып тағылды және депутат Валерий Гелашвилиді ұрып-соқты деген айып бар. Бірінші іс бойынша Саакашвили 3 жылға бас бостандығынан айырылса, екінші істе 6 ай жаза берілді. Одан бөлек, Саакашвили 2007 жылғы оппозициялық митингке байланысты жауапқа тартылған.
Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер Ираклий Имнадзенің жеке мұрағатынан
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!