ПОДЕЛИТЬСЯ
08 августа 2019 | 15:38
Атамбаевты ұстау: Ыстықкөлдегі қазақстандық туристерге қауіп бар ма?
Ыстықкөлдегі туризмге дәл қазір ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Туристер легі сол қалпы, өзгеріссіз. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне еліміздегі туристік агенттіктерінің бірінің сату бөлімінің жетекшісі Әсел Тынымбаева айтты.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Ыстықкөлдегі туризмге дәл қазір ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Туристер легі сол қалпы, өзгеріссіз. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне еліміздегі туристік агенттіктерінің бірінің сату бөлімінің жетекшісі Әсел Тынымбаева айтты.
Оның айтуынша, Қырғызстандағы соңғы жағдайларға қарамастан, Ыстықкөлдегі туризмге қауіп байқалмайды. Ал жылына 900 мыңға жуық қазақстандық Ыстықкөлге барады екен.
"Әрине, Қырғызстандағы жағдай барлығын шулатты. Саяси жағдай болса да елдегі туризмге әсер ететіні сөзсіз. Дегенмен туристердің Ыстықкөлдегі демалысқа деген қызығушылығы сол күйде. Тапсырыстар, брондар әдеттегідей түсіп жатыр. Ешкім алған турларын қайтарып жатқан жоқ. Жергілікті пансионаттар мен шипажайлар жұмысын тоқтатқан жоқ, әдеттегі режимде жұмыс істеп жатыр. Ондай қауесет тараса да, сенбеулеріңізді сұраймын", - дейді туристік агенттіктің өкілі.
Тынымбаева туристік агенттіктер үшін бірінші кезекте қауіпсіздік екенін айтты.
"Біз бірінші кезекте туристерді қауіпсіздікпен қамтамасыз етуіміз қажет. Сондықтан ешқашан да тәуекелге бармаймыз. Барлығы бақылауда. Алдағы уақытта Қырғызстандағы жағдай реттеледі деген үміттемін. Және ол жағдай жергілікті туризмге кері әсерін тигізбейді деп сенеміз", - дейді ол.
Әсел Тынымбаеваның айтуынша, қазақстандықтардың басым бөлігі Ыстықкөлге сапарларын мамырда бастап кетеді.
"Статистикаға сүйенсек, Ыстықкөлге жыл сайын шамамен 900 мың адам келеді. Ал Қырғызстанға жыл сайын 1,5 миллионға жуық турист келеді. Былтыр мысалы жалпы Қырғызстанға 5-6 миллион турист келді. Бұрындары туристердің көбі Ресей мен Қазақстанна келетін, қазір басқа да елдерден туристер легі байқалады", - дейді туристік агенттіктің өкілі.
Сондай-ақ, ол биылдан бастап Қырғызстанға келген туристердің қауіпсіздігі үшін арнайы паспорт берілетінін және олар үшін барлық жағдайдың жасалғанын айтып өтті. Тынымбаеваның айтуынша, туристердің қауіпсіздігін бақылау мақсатында туристік патрульдер жүреді.
Атамбаевты ұстауға талпыныс: Оқиғаның хронологиясы
Еске салайық, кеше, 7 тамызда Қырғызстанда Атамбаевты ұстау операциясы жүріп жатқаны хабарланған еді. Алайда арнайы қызмет сарбаздарының операциясы сәтсіз болды, оларға лидердің жақтаушылары тойтарыс берген.
Кейінірек Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев мәлімдеме жасаған болатын. "Атамбаевтың аузын жабу үшін билік өз халқына оқ атуға дайын. Қарапайым халыққа, қырғызстандықтарға алғысым шексіз, олар жиналып, мені ұстап әкетуіне жол бермеді. Биліктегілерге ойлану керек, біз тізерлеп жүріп өмір сүретін халық емеспіз", - деген еді экс-президент мәлімдемесінде.
Показать комментарии
Читайте также