ПОДЕЛИТЬСЯ
27 марта 2020 | 12:55
"Отанымыз үшін, болашақ ұрпағымыз үшін, өзіміз үшін біз үйдеміз"
Отандық танымал тұлғалар коронавирусқа байланысты әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы қазақстандықтарға қолдау білдірді. Көбі қазақстандықтарды елдегі төтенше жағдайға байланысты үйден шықпауға шақырған. Қазақстандық әншілер коронавирусқа байланысты не деді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Отандық танымал тұлғалар коронавирусқа байланысты әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы қазақстандықтарға қолдау білдірді. Көбі қазақстандықтарды елдегі төтенше жағдайға байланысты үйден шықпауға шақырған. Қазақстандық әншілер коронавирусқа байланысты не деді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.
Әнші, продюсер Қыдырәлі Болман қазақстандықтарды темірдей тәртіпке бағынып, сақтық шараларын жасап, үйде отырған жөн екенін жеткізген.
"Президентіміздің ниетін түйсініп, жанталаса жасаған еңбегін бағалап, темірдей тәртіп қана ұлтымды сақтай алатынын ұғындырды. Дәл қазір темірдей тәртіп болмаса, әр адам осы тәртіпке бағынбаса, ұлт тағдыры күмәнді болмақ! Мемлекет болмаса, ұлт жоқ! Ұлт болмаса, мемлекет жоқ! Бірлік пен темірдей тәртіп болмаса, екеуі де жоқ. Онда сіз де жоқсыз! Мен де жоқпын! Бүгінгі індет - ес жию, бір бірімізді алдап-арбау үшін емес екенін ұқтырды! Адамның күні адаммен! Үйден шықпа деді ме шықпа! Қасиетті ұлт деген түсінік үшін! Балаң үшін! Елің мен жерің үшін! Қарсы әңгіме айтпа! Заңға жүгін! Тәртіпке бағын! Ұлтыңды ұлықтау үшін, ұрпағыңа қызмет қыл! Бәріңді құшақтадым! #бізбіргеміз #үйденшықпа", - дейді Қыдырәлі Болман Instagram желісіндегі парақшасында.
Әнші Динара Сұлтан отбасымен 10 күн бойы үйде отырғанын және қазіргі уақытта сыртқа шықпауға өтініш білдірген.
"Біз үйдеміз. Жанұямызбен он күн бойы үйдеміз. Кеште ешкім жоқта балаларды далаға алып шығатынбыз, бірақ, ол да дұрыс емес. Соңғы күндер тіпті шықпаймыз деп шештік. Достар, өтінемін, үйде болыңыздаршы. Егер осы індеттен отандасыңыз ауырмасын, өлмесін десеңіз, егер бұл карантин тез бітсін десеңіз үйде отырыңызшы, өтініш. Түсінемін, балалар үйге сыймай кетті деп жатады, біреулер далада спортпен айналысып, темірлерді ұстап, тері ағып оны сүртіп жатады, оның бәрі байланыс. Өзін өзі оқшаулау керек! Міне бүгін бірінші адам қаза тапты, өте қайғылы жағдай. Өз ата-анаңыз үшін, туысыңыз үшін, бауырыңыз үшін, отбасыңыз үшін Құдай үшін үйде отырызшы. #бізүйдеміз #бізбіргеміз", - деп жазды әнші Instagram желісіндегі парақшасында.
Қайрат Нұртас оқырмандарына #бізбіргеміз акциясын қолдайтынын жеткізіп видео-үндеу жариялаған.
"Әлем күресіп жатқан пандемияны еліміз амандықта еңсерсе екен дейміз. Біз отбасымызбен қазір үйдеміз. Барлық сақтық шарасын барынша жасап жатырмыз. Отанымыз үшін, болашақ ұрпағымыз үшін, өзіміз үшін біз үйдеміз", - дейді әнші.
View this post on InstagramБіз үйдеміз☝️
A post shared by Кайрат Нуртас (@kair_n) on Mar 26, 2020 at 7:59am PDT
Композитор Арман Дүйсенов қазақстандықтарды мәселеге бей-жай қарамай, жағдайды ақылға салып ойлауға шақырып, өлең шумақтарын арнаған.
"Күрделі жағдай боп тұр саналы ел, тым.
Өйткені мәселеге бей жай қарап,
Екі ойлы қаламыз бен далада ел тұр... Қайталаймын бұл індет оңай демес,
Жоғарыдан айтылған жөн-ай кеңес.
Әзірше үйден шықпай отырайық,
Жетем десек арманға ертең арайлы елес.
Шалдыққан жан қалада тізбектелді,
Енді міне даламызға індет келді.
Мың жаса, медик, сақшы, барша отандас ,
Атқарған қаhармандық міндеттерді.. Оңай болса дәл бұлай қақсамас ем,
Күнделікті қалпыңды сақта бәсең..
Көресіз әлі-ақ ертең аман - есен,
Жолығамыз тойларда шақтағы әсем!
Әр қазақ - жанарымның қарасы еді,
Ел ертеңі - арманымның дарасы еді,
Бойға өлшеп, ақылға сап, сақтанайық,
Аман болсын мәңгілік Алаш елі!"
"Әзіл айтып, жырқылдап ән салатын уақыт емес"
Тележүргізуші, fashion-продюсер Динара Сәтжан Instagram желісіндегі парақшасында бизнес мәселесін көтерген.
"Сovid-19-ға дейін біз бәріміз қарапайым өмір салтын ұстандық, әдеттегі бизнеспен айналыстық, бәрі ескі үлгіде болды. Енді біз өзімізді және өз ісімізді толығымен қайта құруымыз керек. Ережелер өзгеріп жатыр, бірақ дағдарыстан кейін үнемі даму болады деген үміт бар. Бизнесті дағдарыстан шығарудың қарапайым әрі жеңіл түрі - ол бағаны төмендету. Жаңаша жұмыс істей бастаймыз. Барлығымызға жаңа іс-қимыл жоспары керек", - дейді Динара Сәтжан.
Тамара Асар WhatsApp желісінен толассыз келетін жалған ақпараттардан шаршағанын айтқан.
"Әр нәрсені ойлап отырмын. Алладан сұрап отырмын. Бірақ "Ватсаптан көрдім қорлықты" деген шағым айтқым келеді. "Тыңқ" еткізгеніне елең етсең, атыөшкір індет жайындағы ақпараттың керегін де, керек емесін де "көңілқимас" достар да, чаттар да үсті-үстіне жіберіп үрейіңді үрлейді-ау кеп. "Көзің ауырса қолыңды тый, ішің ауырса аузыңды тый" дегендей үрейлі ақпараттың да ағыны тыйылса екен. "Ватсап шіркін сен қоқыс тастайтын жәшік емес едің ғой, жақсылықтың жаршысы боп, жаңалық әкелер тасымал жүйесіне айналшы, айналайын, не болды саған?" деп ватсаптың өзіне ұрсып отырмын!!! Қорқыныш қуанышқа айналсын, отандастарым! Үйдемін! #бізбіргеміз", - дейді әнші.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!
Показать комментарии
Читайте также