Ninety One тобының бір апта бұрын шыққан "Мен емес" (MEN EMES) атты әніне түсірілген бейнебаяны 2 миллионға жуық қаралым жинап, өз рекордын жаңартты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ninety One тобының бір апта бұрын шыққан "Мен емес" (MEN EMES) атты әніне түсірілген бейнебаяны 2 миллионға жуық қаралым жинап, өз рекордын жаңартты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бейнебаян топтың YouTube арнасында 1 тамызда шыққан. Бір аптада 2 миллионға жуық қаралым жинаған бейнебаянды топтың бренд-менеджері Азамат Демеген осыншама аз уақытта өз рекордын жаңартқанын айтады. Себебі бұған дейін мұндай қарқынды қаралым болмаған.
Айта кетейік, Men emes бейнебаяны YouTube-тегі трендттер тізімінде қазіргі күнге дейін бірінші болып тұр.
Су жаңа бейнебаянда топ мүшелері ерекше образдарда болған. Жігіттер бейнебаянда жаңа образда шығып, қазақтың ұлттық элементтерін, оның ішінде бүркіт пен қазақ үйді пайдаланған.
Сондай-ақ, тыңдармандар клиптегі тарихи суретке назар аударған. Топ солисі ALEM-нің артында ілулі тұрған фотосурет 1918 жылы түсірілген.
Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатұлының Шәуешекке сапарының қарсаңында түсірілген. © Клип скриншоты
Топ жанкүйерлері бейнебаянды өте жақсы қабылдап, таңданысын жасырмады.
"Eagles емеспін, бірақ бұл жігіттердің жасаған жұмыстарын қолдаймын", "Кəсіби жұмыс екені көрініп тұр. Сөз жоқ айтатын, өте керемет. Иглз екеніме мақтанамын. Жасай беріңдер 91. Сендерді жақсы көремін" - дейді топ жанкүйерлері.
Айта кетейік, Ninety One тобы араға бір апта салып тағы бір бейнебаянның тұсауын кескен. Жаңа әннің аты "Бәрі біледі" (BARI BILED). Бұл бейнебаянда қоғамдағы өзекті мәселелер көтерілген. Топтың бұл жұмысы 14 сағат ішінде 300 мыңға жуық қаралым жинаған.
Ninety One - JUZ Entertainment агенттігінің 2015 жылы "Айыптама" атты синглмен дебют жасаған, 5 мемберден тұратын қазақстандық бойз-бэнд. Топ мүшелері A.Z., ALEM, ACE, ZaQ және BALA. Топ K-pop жанрынан бастау алып, Q-pop (Qazaq-pop) жанрының іргесін қалады. Топтың бас продюсері - ORDA тобының мүшесі Ерболат Беделхан.