РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
15 ноября 2019 | 17:03

Мұғалім, асаба, сценарист. Танымал жайдарманшылар қазір немен айналысып жүр?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Өткен аптада Tengrinews.kz тілшісі Жайдарман түлектерінің қазір немен айналысып жүргенін баяндаған еді. Көбі өнер саласынан алыстамаған - актер, сценарист, режиссер. Назарларыңызға жайдарманшылардың қазіргі қызметі жайлы материалдың екінші бөлімін ұсынамыз. 


Өткен аптада Tengrinews.kz тілшісі Жайдарман түлектерінің қазір немен айналысып жүргенін баяндаған еді. Көбі өнер саласынан алыстамаған - актер, сценарист, режиссер. Назарларыңызға жайдарманшылардың қазіргі қызметі жайлы материалдың екінші бөлімін ұсынамыз. 

Шенеунік, актер, режиссер. Танымал жайдарманшылар қазір немен айналысып жүр?

Еркебұлан Мырзабек


Еркебұлан Мырзабек © instagram.com/rollanuly

Экс-жайдарманшы Түркістан қаласы "Жарайсыңдар жігіттер" командасының капитаны болған. Ол КВН-нен кеткеннен кейін түрлі жобадан көрінді. Бүгінде "Хабар" арнасындағы "ҚызықTimes" бағдарламасының жүргізушісі. Еркебұлан Мырзабек көбіне Марат Оралғазинмен дуэті арқылы жақсы таныс. Көптеген отандық фильмдердің сценариін жазған. Оның ішінде - "Бәсеке", "Пәленшеевтер", "Өз үйім", "Абысындар" және тағы да басқа фильмдер. Сонымен қатар, "Вузеры" сериалындағы рөлімен де танымал. Ол 2017 жылы "Спарта" командасымен бірге ресейлік КВН-нің Жоғары лигасын жеңіп алған болатын. 

Ал қазір түрлі жобалардан бөлек КВН-нен BAS Liga-ны жүргізеді.

Сонымен қатар, бүгінде жас жайдарманшыларға қазылық ететін Еркебұлан Мырзабектің "Бүйтукерекед" атты YouTube-арнасы бар. Арнада ол жайдарманшыларға ақыл-кеңес беріп, артық-кемшіл тұстарын айтып отырады.

Еділ Анарбай


Еділ Анарбай © instagram.com/anarbay_edil

Жайдарман түлегі, "Жарайсыңдар жігіттер" командасының ойыншысы Еділ Анарбай - бүгінде отандық комедиялық фильмдерде сұранысқа ие актер. Өнер жолы көңілді тапқырлар клубынан басталған актер "Білім және Мәдениет арнасына" берген сұхбатында неліктен комедия жанры жанына жақын екенін түсіндірген.

"Көбіне мен күлкілі, қызықты дүниелерді ғана көретінмін. Ал әке-шешем мелодрама, драма жанрындағы киноларды көп көреді. Мен барып ауыстырып тастайтынмын. Сондықтан да өзім өмірде көңілді жүргенді жақсы көремін", - деген екен актер.

Анарбай ұзақ жылдар бойы Bas Production продюсерлік орталығында жұмыс істеген. "Пәленшеевтер", "Патруль" секілді сериалдарда ойнаған. Ал қазір орталықтан кетіп, "Қарапайым Қайрат" атты интернет-сериалдың басты рөлінде ойнап жүр. 

Рауан Рамазанұлы


Рауан Рамазанұлы © instagram.com/rauanio

Рауан - жайдарман сахнасынан көрінбей кеткеніне 11 жылдай болған "Жарайсыңдар жігіттер" командасының ерекше мүшесі. Себебі актерге қатысты әзілдердің барлығы оның бойына қатысты болатын. Бүгінде ол отандық сериалдарға түсіп, түрлі шоуларға қатысып жүр.

Рауанның актерлік карьерасы командалас әріптесі Еділге ұқсас. Рамазанұлы да Bas Production орталығының шоуларына қатысқан. "Вузеры" сериалына түсіп, "Екі езу" бағдарламасын жүргізген. Қазір ол да "Қарапайым Қайрат" сериалының басты рөлдерінің бірін сомдайды. 

Өнер қырандары

Танымал театр актерлері Жайдарман сахнасында да "Өнер қырандары" командасы болып өнер көрсеткен. 2008 жылы республикалық Премьер-лига чемпиондары атанған топ Қазақ ұлттық өнер академиясының атынан шыққан. Әзілкештер Жайдарман сахнасында шеберліктерін шыңдап, пародия жанрымен танылған. 

Артынша топ жайдарманнан кейін 2007 жылы әзіл-ысқақ театры болып құрылды. Түрлі әзіл қойылымдардан бөлек, пародия жанрын да ұмыт қалдырған жоқ. Өнер қырандары "Ялла", "Дос-Мұқасан", "Орда", Әлішер Кәрімов, Ескендір Хасанғалиев, Заттыбек Көпбосынов, Нұрлан Албан, Бүркіт пен Айша және өзге де жұлдыздарға пародия жасаған. 

Рамазан Фаилов

Рамазан Фаилов - өткір саяси әзілдерімен есте қалған ақтөбелік "Экспресс" командасының капитаны. Бүгінде ол - Жайдарман редакторы. Сонымен қатар, Фаилов 2019 жылы 17 маусымда Қазақстанда премьерасы болған "Ойыншықтар хикаясы 3" мультфильміндегі әзілдерді қазақ тіліне аударған. 


Экспресс жайдарман тобы. Рамазан Фаилов (ортасында)

Қанат Әлжапбаров

Қанат Әлжапбаров - Қызылорда қаласының атынан шыққан "Қызықорда" командасының капитаны. Өзін сахнада жүрген теміржолшы деп әзілдеп таныстыратын актер бүгінде Тұрсынбек Қабатов басшылық ететін "Әзіл әлемі" театрының мүшесі. Жайдарман арқылы көзге түскен актерді Қабатов байқап қалып, театрға шақырған. 

Театрдағы қызметінен бөлек, телевизиялық шоуларда жүргізуші болып жүр. Бірнеше жыл бұрын өзін "Шоу-айтыста" да сынап көрген еді. 


Қанат Әлжапбаров © instagram.com/alzhapbarov

Еркебұлан Енкебаев

Еркебұлан Енкебаев - көпшілікті Жайдарман сахнасында ерекше билерімен таңғалдыратын "Альянс Семей" командасының капитаны. Еркебұланның айтуынша, командадағылар әртүрлі салада жүр екен. 


"Альянс Семей" командасы. Еркебұлан Енкебаев (ортасында) 

"Команда мүшелерінің кейбірі арнайы жобаларда автор, кейбірі той саласында жүр. Университет қабырғасында білім беріп жүргендері де бар. Өз басым той саласындамын. Асабалық қызмет атқарып жүрмін", - дейді әзілкеш. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети