ПОДЕЛИТЬСЯ
06 февраля 2020 | 15:33
Кітап сатып, бірден 5 көлік ойнатқан әнші мәлімдеме жасады: Бұл - лотерея емес!
"Жігіттер" тобының солисі Бағлан Әбдірайымов Instagram желісінде "Ақ пен қара" деп аталатын кітабын сатып, 5 көлікті бірден ойнатуына қатысты пікір білдіріп, кітап сатудан түскен қаражаттың есебін берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
"Жігіттер" тобының солисі Бағлан Әбдірайымов Instagram желісінде "Ақ пен қара" деп аталатын кітабын сатып, 5 көлікті бірден ойнатуына қатысты пікір білдіріп, кітап сатудан түскен қаражаттың есебін берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Айта кетейік, кеше өткен мәжіліс отырысында мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарға әлеуметтік желіде арнайы келісімшартсыз лотерея өткізуге тыйым салынатынын айтқан. Алайда ол лотерея мен ұтыс ойындарын шатастырмау керек деген пікір білдірген.
Әбдірайымовтың айтуынша, лотереядан бұрын назарды атқарылып жатқан іске аударуға шақырды.
"Көпшіліктің қолдауымен үнтаспамды сатқан кезде содан түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсап, алты баласы бар адамға баспана алып бергенбіз. Көпшілік көріп, қуанышына ортақтасып, көзіне жас алғанын көріп, алғыс айтқан кезін көріп, марқайып қалған кезіміз болды. Асыраушысы қайтыс болған, жеті балалы тағы бір отбасыға баспаналы болуына атсалысып жатырмыз. Сол сияқты кітап сату болсын, басқасы болсын, табысының бір бөлігін ешкімге жария қылмай садақа жасап отыратынын адамдарды көбі біледі. Бұл жерде көпшіліктің сұрауы бар емес пе? Неліктен осы кітап сатқан кезде де осындай игі іс жасамасқа дедік", - деп бастады ол әңгімесін.
Оның айтуынша, ұтыссыз да елдер кітабын сатып алып, қайырымдылық іс-шарасына да және семинар-концертке де қатысып жатыр.
"Бес көлікті қоймасам да кітап сатылып жатыр. Осының барлығын 10 мың теңгеге сатсам, өзі-ақ өтер еді. Ақыры оқырмандарым сенім артып, арасында қызық жобалар ұйымдастырып отыруға қарсы болмағандықтан арамызда бес қазақ қуансын, оқырмандар арасында сондай бір сый жасайық деген ойымыз болды", - деген ол лотерея мен мұндай жобаларды салыстыруға қарсы екенін айтты.
"Неге десеңіз лотерея - ұтысқа ақшаңызды салып, қатыстыңыз деген сөз. Енді осы тұста мынаған назар аударыңыз - ештеңе ұтпай қалған жағдайда қолыңызда сол берген ақшаңызға тұрарлық зат қалмаса, бұл заңнан бөлек, адамгершілікке де, ата-дәстүрімізге де сәйкес келмейді. Мыңнан бір адам ғана ұтып жатса қалғандары түгелдей шығыннан басқа түк те көрмейді. Ал менікі неге лотерея емес? Себебі сатып алушының қолында түкке де татымайтын билет емес, кітап қалады, оған қоса онлайн-сабақ болады. Бәрібір де семинар-концерт көріп, қайырымдылық іс-шарасына қатысады. Ал бұйырып жатса, арасында бес қазақ көлік мінеді. Дәл осы тұста санап көріңізші, осы концерт, онлайн-сабақ, қайырымдылық іс-шарасының бәрін қосқанда 10 мың теңге", - дейді Бағлан Әбдірайымов.
Ол осы 10 мың теңге мен кез келген әншінің ұйымдастыратын бір ғана концертіне сататын билет құнын салыстыруға шақырды.
"5 мың теңгеден 25-30 мың теңгеге дейін. Концерттің құны сондай. Онлайн-сабақтарға қатысып жүрген ағайын жақсы біледі, мына шетелден келіп, психологиялық тренингтер өткізіп жүрген спикерлер 250 мың теңгеден миллионға дейін билет сатады. Ал менің өткізіп жүрген жобамдағы 10 мыңға тоқталсақ, мың теңге, кейде тіпті 5 мың теңгесін қайырымдылыққа жұмсайтын бауырларымыз бар, ал кітаптың қазіргі бағасын көрсеңіз, 3 мыңнан 10 мыңға дейін. Енді осы тұста шығын мен табысты есептеп көрсеңіз, ешкімнің бұл жерде ақшаға кенелейін деп отырмағанын аңғарасыз", - дейді "Жігіттер" тобының солисі.
Бағлан Әбдірайымов негізгі мақсатым деп түскен қаражаттан өз атынан оқырмандарға сыйлық жасауды және осылайша ынталандыруды атады. Алайда, өкінішке қарай, көпшілік бұл жобаны лотереямен шатастырады екен.
"Сондықтан о бастан мұның ешқандай да лотерея емес екенін ескертумен келемін. Сарапшы маман ретінде лотереяның не екенін жақсы білемін. Өзім казинодан шыққанымды кітабымда да жаздым. Өзім бұл құмар ойынға қарсы насихат жүргізіп жүрген адаммын. Неден қателестім, қай тұста шалыс бастым - барлығын кітабымда жаздым, білімсіздігімнен, қаржы сауатым болмағанынан, кітап оқымағанымнан, қайырымды іспен айналыспағандықтан руханиятым азғындап, адасып кеттім. Сондықтан оқырманыма өз өмірлік тәжірибемнен бауырларыма, оқырмандарыма пайдалы ақпарат бердім", - дейді ол.
Әбдірайымов "айтпағымды, ойымды аудиторияға барып 200-300 адамға емес, онлайн арқылы 7 мың адамға айта аламын" дейді.
"3 мың адам кітапты оқыса, соның 2 мыңы өзіне керек мағлұмат алса, мың адам онлайн-сабақтан көкейіне ілім түйсе, семинар-концерттен ән тыңдап, рухани сергіп қайтса, кітабымнан рухани шөлін қандырып жатса, интернеттің дамуы - таптырмас құрал. Ал өз басым ақша шығарып, алайда лотереядан ештеңе алмай қалатын жағдай болса, мен мұндайға қарсымын", - деп мәлімдеді әнші.
Осы мәлімдемесінен кейін Бағлан Әбдірайымов ұйымдастырған жобасының есебін берді.
"7 мың дана кітап шығардым. 9990 теңгеден сатқанда 70 миллион түседі. Жұрт мені осы ақшаны қалтасына басты деп ойламауы үшін есебін берейін. Қазіргі нарық бағасымен үш Toyota Camry 50 7-8 миллион теңгеден есептейік. Үшеуі 23 миллион теңге. 6 миллион теңгеден тағы екі көлік. 23 миллионға 12 миллионды қосыңыз. Шығатыны 35 миллион. 100 бағалы сыйлық 5 миллион теңге. 40 миллионға жеттік. 7 мың дана кітапты басып шығаруға 4 миллион мен концерт өтетін жердің жалдауына жұмсалатын 2 миллион теңгені қосыңыз, шығатыны 46 миллион. Техникаға 2 миллионды қосып, 48 миллионға жетеміз. Кітап еліміздің әр өңірінде сатылады, сонымен айналысатын менеджерлердің әрқайсы әр кітаптың 500 теңгесін алады. Бұл 3,5 миллионмен жалпы шығынымыз 51,5 миллионға жетті. Олардың ай сайынғы гонорары тағы бар. Енді бұған қайырымдылықты қосайық, баспана кем дегенде 3 миллионға тауып, оған жөндеу жұмыстарын жасауымызға болады. Бұл 55 миллионнан асады. Бұл іс-шараның бәріне бір өзім үлгермейтіндіктен екі серіктесім көмектеседі, олар әр шараға жауапты, жарнама дейсіз бе, продюсеріміз бар дегендей. Олардың нәпақасы, заң жүзіндегі салықты төлеуге жұмсайтын қаражаты, сондай-ақ, осының барлығын Интернетте жарнамалауға, таргетке жұмсалған қаражатымен 70 миллионға жетеқабыл сома шығады. Ендігі дайындайтын кітабыма да қаражат керек", - деп әнші толық есебін ұсынды.
Әбдірайымовтың айтуынша, бұдан артылып қалатын сома болса - бұл таза еңбекпен келген табыс.
Жұлдыздардың Желіде ұтыс ойынын өткізуі заңды ма? Заңгер жауабы
Еске салайық, кеше Мәжілісте "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" заңға түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл түзетудің мәні Қазақстанда заңсыз лотерея жарнамасына тыйым салуда. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарға әлеуметтік желіде арнайы келісімшартсыз лотерея өткізуге тыйым салынатынын айтқан.
"Лотерея және лотерея саласы заңы жобасында лотерея операторының қатысуынсыз өтетін, лотерея операторымен лотерея өткізу туралы рұқсат қағазы болмаса, онда кез келген ойын заңсыз деп танылады және лотерея болып саналмайды", - деді министр "қазақстандықтарға Instagram желісінде лотерея ойнатуға тыйым салына ма?" деген сұраққа.
Ақтоты Райымқұлова лотерея мен ұтыс ойындарының айырмашылығын түсіндірді. "Лотерея - белгілері бар қызмет түрі. Негізгі белгісі - егер лотерея операторы бар болса және ақша салушы лотерея қатысушысы болса. Бұл қаражат топтала келе аппарат кешені бойынша ойнатылады. Қатысушылардан жиналған қаражат, біреулер ұтып жатады. Егер бұл белгілері болмаса, ол онда лотерея деп аталмайды", - деді мәдениет және спорт министрі.
Показать комментарии
Читайте также