Танымал әнші Қайрат Нұртас Астанада отбасын таныстырып, дүркітеріп концерт қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Танымал әнші Қайрат Нұртас Астанада отбасын таныстырып, дүркітеріп концерт қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Концертте әншінің ата-анасы, әйелі және төрт баласы да өнер көрсетті. Алау Қайратқызы гимнастикалық трюктер жасап, билесе, Нарұл Қайратұлы ән айтты, ал Хан деген ұлы сахнаға ханның тағына отырып шығып, көрерменге биін паш етті. Ал әнші мен әйелі, сонымен қатар, әкесі мен анасы дуэт орындады.
Концерттен кейін әншінің жары Жұлдыз Әбдукәрімова Instagram желісінде кештің ойдағыдай өткенін айтып, ұлының суретін жариялады. "Аллаға шүкір, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, Астана қаласындағы кешімізді ойдағыдай өткіздік! Бізбен бірге өткізген әрбір жанға алғысымызды айтамыз!", - деп жазды Жұлдыз.
Көрермен болып барған продюсер әрі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының айтуынша, бұл концертте тек інісі Аян мен келіні ән айтпаған екен.
"Концерттен ләззәт алды деген осындай болатын шығар. Отырып ұзақ билеген кешім осы болды. Астана көрермендеріне ұл-қыздарын, келіншегін таныстырды, отбасылық концерт берді. Әке-шешесі, інісі Заңғар, өз отбасы бәрі-бәрі неткен талантты... Құдай-ай кішкентай Хан сахнаға шығып билегенде құладым ғой, әдемі қыздарын көрсеңіз, Нарұлдың өзі бір төбе", - деп жазды ол.
Суреттер мен видеолар Instagram желісінен алынды
Қайрат Нұртас енді 22 наурызда Алматыда концерт қояды.
Еске салайық, Қайрат Нұртастың жеке өміріне және оның отбасына қатысты мәліметтер он жылдан артық уақыт бойы құпия болып келген еді. Әнші жұбайын 2017 жылы қазанда өткен "Арман..." (орысша атауы "Когда ангелы спят") атты фильмнің таныстырылымында ғана ел алдына алып шыққан болатын.