ПОДЕЛИТЬСЯ
18 октября 2019 | 12:59
Instagram желісінде жоқ танымал адамдар
Бүгінде елімізде Instagram желісін қолданбайтын танымал адам жоқтың қасы. Бірі оны табыс көзіне айналдырып, жарнама арқылы қыруар қаражат алып отырса, ал ендігі бірі күнделікті өміріндегі жаңалықтарын бөлісіп отырады. Жақында бұған дейін Instagram желісінде тіркелмеген актриса Дженнифер Энистон да әріптестерінің қатарына қосылды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Бүгінде елімізде Instagram желісін қолданбайтын танымал адам жоқтың қасы. Бірі оны табыс көзіне айналдырып, жарнама арқылы қыруар қаражат алып отырса, ал ендігі бірі күнделікті өміріндегі жаңалықтарын бөлісіп отырады. Жақында бұған дейін Instagram желісінде тіркелмеген актриса Дженнифер Энистон да әріптестерінің қатарына қосылды.
Жанкүйерлері актрисаны асыға күткені соншалық оның оқырмандар саны екі күннің ішінде 13 миллионнан асқан. Желіге жүктеген алғашқы суретінің өзі 13 миллион лайк жинаған. Алайда Instagram желісін әлі күнге дейін қолданбайтын танымал адамдар да жоқ емес. Tengrinews.kz тілшісі бүгінге дейін Instagram-да жоқ танымал адамдарды іздестіріп көрді. Тізімде жоқ қазақстандық жұлдыздарды сіздер пікірге жаза аласыздар.
Ақпараттық технология қарқынды дамып, адамдар бір бірімен ұялы телефон арқылы байланыс жасайтын заманда әлеуметтік желісіз өмір сүру мүмкін емес дерсіз. Себебі, елімізде желіде жоқ танымал адамдарды іздеу қиынға соқты.
Қарапайым халық той-томалағы не қуанышына өнер адамдарын шақыратыны белгілі. Өзіңізге керек танымал адамды табу үшін бірден Instagram-парақшасын іздейтініңіз анық. Себебі әлеуметтік желідегі өнер адамдарының жеке парақшасында олармен қалай байланысуға болатыны жайлы барлық ақпарат жазылған.
Нұрлан АбдуллинАтап өткеніміздей елімізде Instagram желісін қолданбайтын санаулы ғана танымал адам бар екен. Мысалы Instagram желісінен сіз әнші Нұрлан Абдуллинді таба алмайсыз.
Instagram-дағы іздеу батырмасына әншінің аты-жөнін терсеңіз оның бірнеше аттасын кездестіруге болады. Алайда бұл - әншімен мүлде байланыса алмайсыз деген сөз емес. Нұрлан Абдуллин Instagram желісін қолданбағанымен Facebook желісін пайдаланады. Оның Facebook желісіндегі парақшасына 941 адам тіркелген. Сонымен қатар, әншінің ресми сайты да бар екен.
© facebook.com/nurlan.abdullin.kz
Парақшасын белсенді жүргізбейтін әнші сурет-видеоларын бөлісіп отырады. Ал желіде белсенді отырмауының себебін әнші былай деп түсіндірген:
"Иә, мен әлеуметтік желілерде белсенді емеспін. Себебі, меніңше, ол - жай ғана тәуелділік. Сен өз өзіңді байлауда ұстап отырасың. Ол жақта адамдарға лайк басып, жауап беріп отырмасаң ренжиді. Оның үстіне әлеуметтік желіні қолдануға менің уақытым да жоқ. Маған желі арқылы жарнама жасап табыс табуға болатынын айтады. Ондайларға "Менде бәрі жақсы" деп жауап беремін", - деген еді әнші.
Ринат Зайытов17 жасынан бері айтыс өнерінде жүрген Зайытов әлеуметтік желіде отырмайды. Өзі Instagram-ды қолданбағанымен, желіде оның атынан ашылған парақшалар көп. Оның бірі ақынның рұқсатымен ашылған. Мысалы, Instagram-да Зайытовтың өзі жүргізбейтін ресми парақшасына 160 мың адам жазылған. Мұнда айтыс туралы ақпараттар, ақынның қоғамдағы оқиғаларға пікірі жарияланып тұрады. Бұдан бөлек ақынның атынан ашылған фан-парақшалар да жетерлік.
© instagram.com/rinat_zaitov_resmi
Ал ақынның YouTube-тегі арнасына 180 мың адам жазылған. Алайда Зайытов бұл желіде де белсенділік танытпаған. Оның арнасында бар-жоғы бір ғана видео бар. Үш ай бұрын жүктелген видео 51 мыңнан аса қаралым жинап, мыңға жуық пікір жазылған.
Сұхбаттарының бірінде Зайытов әлеуметтік желі туралы ойын былай жеткізген.
"Біріншіден, әлеуметтік желі деген өзіңнің мойныңды кендір жіппен байлап, біреудің қолына ұстатып қоюмен бірдей. Мен тіпті үйдегі адамдарға айтпаймын, қайда жүріп, қайда кетіп бара жатқанымды. Қазір біреуден сұрасаң, анау ана жерде тамақ ішіп отыр, анау бүйтіп отыр, сөйтіп отыр дейді. Демек, бұл - біреудің назарында болу, Алладан басқа. Соған жету үшін адамдар жалаңаштанады, шешінеді, біреу өліп жатса суретке түсіреді. Қоғам бұзылды деген осы. Бізде біреу құлап жатса, қол берудің орнына, телефонға барып түсіреді. Себебі оның мақсаты: ана адамдар неғұрлым көп лайк басса болды. Қыз бен жігіт отырады кафеде, бір-бірімен сөйлеспейді, телефон шұқылайды", - деген еді ақын.
Лидия Кәденова1952 жылы туған актриса өзге замандас әріптестеріне қарағанда әлеуметтік желіні қолданбайды. Лидия Кәденованы Instagram желісінен де, Facebook желісінен де таба алмайсыз. Актрисамен ұлы Дидар Кәден арқылы ғана байланыса аласыз. Себебі 136 мыңға жуық оқырманы бар әнші анасының суретін жиі бөлісіп тұрады.
Дидар Кәден анасы Лидия Кәденовамен © instagram.com/didarkadenkz
Сұхбат жиі бермейтін актриса 1952 жылы 17 ақпанда Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1967 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту колледжін бітіріп, 1970-1974 жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік өнер институтында білім алған. 1974 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет еткен. Ал 1979 жылдан бастап "Тамаша" әзіл-сықақ театрында жұмыс істеді.
Азат СейтметовӘлеуметтік желіні белсенді қолданбайтын танымал тұлғалардың бірі - театр және кино актері Азат Сейтметов. Актер Instagram желісінде болмағанымен Facebook желісінде парақшасы бар. Facebook-та 947 досы бар актер да парақшасын белсенді жүргізбейтін көрінеді.
Әлем жұлдыздарына келсек, көп сериялы "Гарри Поттер" фильмінің басты рөліндегі актер Дэниел Рэдклиффтің Instagram, Тwitter және Facebook желісінде ресми парақшасы жоқ. Актер әлеуметтік желілерден аулақ болуға тырысатынын айтқан.
"Жұлдыздардың жеке өмірін сыйлауды талап етіп, бірақ өздері әрбір жүріс-тұрысын желіге салып отыратыны күлкілі", - деген екен актер.
Сурет ашық интернет көздерінен
Әйгілі актриса Джоли сұхбаттарында компьютерді қолдана алмайтынын айтқан. Актриса оның қайда жүргенін, қай қонақүйге тоқтағанын жарияға жар салғысы келмейтінін жеткізген.
"Жасөсіпірім кезімде басымнан не түрлі оқиғалар өтті. Енді соның бәрі әлеуметтік желіге салынуы керек пе?", - дейді актриса.
Сурет ашық интернет көздерінен
Джонни Депптің әлеуметтік желіде бірнеше парақшасы бар. Алайда ол жай ғана фан немесе жалған парақшалар. Актер тіпті біразға дейін Twitter желісінің не екенін білмеген. Конференциялардың бірінде оған "Twitter-де ресми парақша ашу жоспарыңызда бар ма?" деген сұраққа актер таңғалып оның не екенін сұраған. Актерге оның желі туралы түсіндіргеннен кейін ол жеке өмірін сыйлайтынын және оны жария еткісі келмейтінін жеткізген.
Сурет ашық интернет көздерінен
Показать комментарии
Читайте также