Ninety One тобы құрылғалы бері тойға шығып көрмеген. Қалталылар тойда ән шырқауы үшін 20 мың доллардан көп берсе де, бойз-бенд бас тартқан. Бұл туралы "The Эфир" бағдарламасына топ мүшелері мен продюсері Ерболат Беделхан айтып берді.
Ninety One тобы құрылғалы бері тойға шығып көрмеген. Қалталылар тойда ән шырқауы үшін 20 мың доллардан көп берсе де, бойз-бенд бас тартқан. Бұл туралы "The Эфир" бағдарламасына топ мүшелері мен продюсері Ерболат Беделхан айтып берді.
"Тойдан бренд жасай алмайсың"
Беделханның айтуынша, Ninety One тобының шығармашылығы той саласына келмейді.
"Мен қазақ ретінде өз дәстүріме қарсы бола алмаймын. Бұл мүмкін емес. Бірақ шығармашылық концептуал тұрғыда тойға келмейді. Жұрт тамақ ішіп жатады, шу, балалар... Ол жерде бренд жасай алмайтының айқын. Сәйкесінше, бұл басқа сала екенін түсінесің. Ал біз басқа дүние жасап жатырмыз, мұнда бренд бар, мұнда адамдар концерттерге, фан-митингілерге, мерчендайзингілерге билет сатып алғысы келеді", - дейді продюсер.
Ол тойда ән айтуға ұсыныс жиі түсіп тұратынын айтады.
"Алғашқы екі жылда өте көп түсті. Былайша айтқанда, бай адамдар хабарласып, көп ақша ұсынды. 20 мың доллардан да көп ұсынды. Бәрінен бас тарттық", - дейді Ерболат Беделхан.
Ал бойз-бенд мүшелері тойға шығуға қарсы емес.
"Тойға шықпауымыздың себебі - халықта емес, әртістерге деген көзқарастан шығар. Адамдар тамақ ішіп отыратын жерден бөлек сахна жасап қойса. Ол жерде адамдар тамақ ішпей, бізге қарап не билеп жүрсе, мәселе жоқ", - дейді олар.
"Машинаның астына түсемін" деп айғайлады"
Ninety One мүшелерінің айтуынша, кейде хейтерлер ғана емес, фанаттар да шектен шығып кетеді.
"Хейтерлер ғана емес, фанаттар да ақылға қонымсыз әрекеттерге барады - олар подъезд алдында қонған сәттері де болды. Ол жерде көршінің лақтырып тастамақ болған диваны тұратын. Таңғы төртте студиядан үйге келсек, лифт ашылды, алдымызда екі қыз диванда ұйықтап жатыр. Біз тып-тыныш қастарынан өтіп кеттік те, тып-тыныш есікті жаптық. Кейін оларға ескерттік "Бұлай болмайды. Сендерге бір нәрсе болып қалуы мүмкін. Бұл қауіпті" дедік. Олар сөзімізге құлақ асып, нәтижесінде бізге қарама-қарсы пәтерді жалдады. Сол жақта тұрды. Жарты жылдан кейін екінші пәтер де жалға алынды. Сөйтіп, 7-8 қыз пәтер алмастырып жүретін", - дейді әншілер.
Сөздерінше, олардың фанаттары өмірде сериалдағыдай жүреді екен.
"Бірде бір қыз "Машинаның астына түсемін" деп айғайлады. Ал біз жанынан өтіп бара жатқанбыз. Ол кезде бізде актерлік шеберлік болмады, қыздың ойнап тұрғанын түсінбедік", - дейді бойз-бенд.
Топ мүшесі Дулат Мұхаметқалиевтің (ZaQ) айтуынша, жігіттерге жиі пәтер алмастыруға тура келеді.
"Бірде үйде жатсам, бір қыз кіріп келді. Есік ашық тұрған. Орнымнан тұра қалғанмын, ол қашып кетті. Кейін ол жақтан көшіп кеттік. Әр үш ай сайын пәтер алмастыруға тура келді", - дейді ZaQ.