ПОДЕЛИТЬСЯ
16 января 2020 | 12:34
"Біреуге әбден жем болдық". Танымал әншілер он жылдан бері қаламақысын ала алмай жүр
Күні кеше Қазақстанның бірнеше халық әртісі мен танымал әншілер бірнеше жыл қаламақысын ала алмай жүргендерін жеткізіп, мәселе көтерді. Айтуларынша, 10 жыл бұрын құрылған зияткерлік меншік құқығын қорғайтын бірлестік басшысымен өнер адамдары кездеспек болған. Tengrinews.kz тілшісі әншілермен байланысып, мәселенің неден туындағанын анықтады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Күні кеше Қазақстанның бірнеше халық әртісі мен танымал әншілер бірнеше жыл қаламақысын ала алмай жүргендерін жеткізіп, мәселе көтерді. Айтуларынша, 10 жыл бұрын құрылған зияткерлік меншік құқығын қорғайтын бірлестік басшысымен өнер адамдары кездеспек болған. Tengrinews.kz тілшісі әншілермен байланысып, мәселенің неден туындағанын анықтады.
Мәселе әншілердің орындаушылық құқығын қорғайтын ұйым жайлы болған. Қазақстан орындаушылар одағының негізгі қызметі - өнер адамдарының туындыларына сыйақы төлеу. Яғни, әншінің әні мейрамханада, телеарна не басқа жерде орындалған кезде тиісті сыйақы төленеді.
Ұйым басшысымен кездесе алмаған әншілер жиын барысында бұл қоғамдық қорға басшы ретінде әнші Мейрамбек Бесбаевты ұсынған. Бұл туралы 31 арнада белгілі болды. Әнші Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында бұл мәселені қолға алып кірісуге дайын екенін жеткізді.
"Бұл орындаушылардың қоғамдық ұйымы. Бұл жерде негізі әңгіме көп. Кешегі жиында біраз әнші болып ұйымның басшылығына наразылығымызды білдірдік. Мені аяқ астынан бәрі бірауыздан сайлап жіберді. Ол жерде жалпы не болып жатқанын білемін. Жалпы өнер адамдарының құқығы қорғалып жүрген жоқ деп ойлаймын. Ол бұрыннан келе жатқан ұйым.
Бірнеше автор, жазушы, әнші бар. Қазір сол саланың мамандары, заңгерлерді жинап жатырмын. Мендегі ой - әр әншінің ақшасын үлестіріп, тиісті сыйақысын алса. Жалпы өнер саласын түсінетін адамбыз ғой. Құдай қаласа кірісеміз. Ол ұйымда мәселе көп. Әншілердің бірігетін кезі келді ғой деп ойлаймын. Әбден жем болдық қой біреуге", - дейді әнші.
Әнші Мұқасан Шахзадаев та осы ұйымға тіркелген әншілердің қатарында.
"Ол орындаушылық құқықты қорғайтын ұйым. Қанша жыл бойы әншілердің сыйақысын төлемеуі туралы жиын болды. Оның алдында тек кішігірім ақы төленген. Кейін 4-5 жыл бойы ешқандай қаражат төленбеді. Кейінгі жылдары ешқандай сыйақы төленбегендіктен басталған дау. Әншілер сол ұйымға тіркеледі. Яғни, менің орындауымда қанша ән болса, соның барлығы тіркеледі. Сол әндердің қолданылуына қарай ақы төленеді", - дейді Мұқасан Шахзадаев.
Ал әнші Жеңіс Ысқақова ұйым басшысы ауысуын талап еткен өнер адамдарының қатарында болған. Әншінің айтуынша, ұйым бұған дейін төленбеген қаражаттың жартысы болсын қалпына келтіріліп, бүгінде егде жастағы өнер адамдарына көмек ретінде жұмсалуы керек.
"Біз сеніп, тіркеліп, сол ұйымға мүше болдық. Тоғыз жылдан бері қаламақының қайда кеткенін сұрадық. Кешегі жиында "Басшылық біздің алдымызда жауап бере алмаса, заң алдында жауап берсін" деп айттым. Осы күнге дейін біздің қаламақымызды ақыры құртқан екен, енді соның ең болмаса жартысын қалпына келтіріп қор ашылсын. Себебі егде жастағы әртістер, жалпы өнер адамдары бір зейнетақымен отыр. Бірақ халықтың алдында жасаған еңбегі зор емес пе? Біз сол кісілердің өнерімен өстік.
Кез келген жағдай болуы мүмкін: біреуі ауырып қалуы мүмкін. Қиналған кезде, науқастанып қалған әншіге сондай қор ашылса ақша бөлінуі керек. Бірақ ол ұйым енді әншілердің сыйақысын қалпына келтіре ме, жоқ па - кім біледі? Бірақ тым болмаса бір бөлігі қалпына келтіріліп, жаңадан қор ашылуы керек", - дейді Жеңіс Ысқақова.
Өмірқұл Айниязов 10 жыл бұрын ашылған бұл ұйымнан әр өнер адамына әр кезде әртүрлі қаражат түскенін айтады.
"Ұйым ашылғалы әркімге әртүрлі қаржы түскен. Негізі мардымсыз: біреуге 5 мың, біреуге 10 мың, ең көбі сол 30 мың теңгедей түскен. Соңғы бір жылдықта мүлде төленбеген. Ол ұйымның адамын да танымаймыз. Оның басшысы өнерді түсінетін адам болуы керек деп есептейміз. Барлығы ашық түрде болса деген ой. Біз қыруар қаражат алсақ деп ойламаймыз әрине. Тек бізден кейін келе жатқан жас әншілер өз құқықтарын білсе дейміз", - дейді әнші Өмірқұл Айниязов.
Показать комментарии
Читайте также