Бүгін - Дүниежүзілік уфологтар күні. Оның "Беймәлім ұшатын нысан күні" деген тағы бір атауы бар.
Бүгін - Дүниежүзілік уфологтар күні. Оның "Беймәлім ұшатын нысан күні" деген тағы бір атауы бар.
Халықаралық мереке күнінің таңдалу себебі - 1947 жылы жаз мезгілінде АҚШ-тың Нью-Мексико қаласындағы Розуэлл қалашығында белгісіз нысан табылған екен. Осыдан кейін көп адам мұны "бөгдепланеталықтар ұшатын нысан" деп атаған. Бұл ақпарат жан-жаққа тарап, қоғамның қызу талқысына түскен. Кейбір ақпарат көздері АҚШ билігі бұл оқиғаның мән-жайын жасырғанын мәлімдеген. Осылайша осыған ұқсас оқиғаларды зерттейтін уфолог мамандар пайда болды.
Шығыс Қазақстан
2017 жылы Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Бозай тұрғындары уфолог мамандарды шақыртуды ұсынған. Олар ауылдан 12 шақырым жерде ақылға қонбайтын оқиғаның куәсі болғанын мәлімдеген. Тұрғындардың айтуынша, бетпақдалада қиық пайда болған, яғни жер бір метрге жылжып, екі арада шұңқыр туындаған. Бозайлықтардың сөзінше, жақын маңда оны жылжыта алатындай техниканы көрмеген.
"Мына жерде қиық пайда болған. Жылжыған қиықтың ұзындығы 12 метр, ал ені 4,5 метр. Мұны жерден тыс өмір сүретіндер ғана жасауы мүмкін деп ойлаймыз. Сонымен қатар өлкетанушылар 28 жыл бұрын бұл жерде беймәлім ұшатын нысанды көргендерін айтатын", - деді тұрғындар.
Бірақ жергілікті билік өкілдері бозайлықтарға сейсмология салдарынан жердің жылжуы мүмкін екенін айтқан.
Петропавл
Ал 2017 жылы Петропавлда әуеде белгісіз нысан ұшып жүргені жайлы әлеуметтік желіде видео тараған еді. Кадрларда ұшып жүрген зат бұлтты күнде бірде көрініп, бірде көрінбей кетеді. Бұл видео да қолданушылар арасында қызу талқыға түскен. Бейнероликтің сипаттамасында белгісіз нысан әуеде қалықтап жүр делінген. Бірақ көп желі қолданушылары кадрлардағы нысанның жұмбақ емес екенін, жай ғана кептер немесе полиэтилен пакеті екенін айтқан.
Нұр-Сұлтан
2017 жылы Нұр-Сұлтанның тұрғыны беймәлім ұшатын нысанды суретке түсіргенін айтып, Facebook желісіндегі парақшасына жариялаған.
"Астанада беймәлім нысан ұша ма? 2017 жылдың 1 ақпанында кешкі сағат 20.00-де Нұржол желек жолында орналасқан ғимараттан түсірілген сурет", - деп жазды Гүльмира Сарбасова парақшасында. Оның сөзінше, бұл нысан бірнеше минутта бірнеше рет орын ауыстырған.
Осы жарияланымға желі қолданушылары мүлде басқа пікір білдірген. Қолданушылар бұл беймәлім ұшатын нысан емес, жақын маңда орналасқан ғимараттардың лазер жарықтары деген.
Қарағанды
Қарағандыда беймәлім ұшатын нысанның өзінен бөлек, ғалымдар олардың қонатын жерін тапқанын мәлімдеген. 2017 жылдың мамыр айында жергілікті университеттің археологтары бетпақдалада тастан жасалған ежелгі алаң тапқан. Уфологтар бұл жерді ғарыштан ұшып келетін бөгдепланеталықтарға тиесілі нысанның қонатын жері деп атаған.
© stranniky.ru
Осы жерді тапқан археологтар нысанға 3 мың жыл екенін мәлімдеген. Бұл жерді Шантимес деп атаған. Суреттегі жер төртбұрышты тастан салынған платформадан тұрады. Әр платформаның ұзындығы 40 метр.
Ал уфолог Вадим Чернобров осының алдында тілшімізге берген сұхбатында БАҚ беттеріндегі мақала мен олардың зерттеу ұйымына жіберілетін хабарлама экспедициия жасауға себеп болатынын айтып берген. Уфолог басшылық ететін ұйымының қорында Қазақстандағы беймәлім ұшатын нысан туралы ақпараттар жиналғанын айтты.
"Бізге кейде беймәлім ұшатын нысан туралы күніне 200 хабарлама келеді. Ал Қазақстаннан кейде күніне екі хабарлама жіберіледі. Бірақ біз көп хабарламаға ғылыми түрде түсініктеме береміз. Яғни ол қалыпты жағдайлар. Ал бізге түсініксіз болған хабарламаны картамызға белгілеп қоямыз және оны зерттейміз", - деді ол.
Ғалымның сөзінше, Қазақстанның Шығыс, Оңтүстік, Алматы және Павлодар сияқты өңірлерде беймәлім ұшатын нысан туралы көп ақпарат кездестіруге болады.