Қазақстандық вакцина биыл 22 сәуірде алғашқы партиясы өңірлерге жіберіле бастады. Жоспар бойынша, отандық екпе 25-27 сәуірде дайын болады делінген. Кеше, 7 маусымда Medsupportkz қауымдастығының ғалымдары мен дәрігерлері коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны алуға кеңес бере алмайтынын мәлімдеген болатын. Дау неден шықты? Ресми органдар оған қалай жауап берді? Шетелдік сарапшылар не дейді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.
Қазақстандық вакцина биыл 22 сәуірде алғашқы партиясы өңірлерге жіберіле бастады. Жоспар бойынша, отандық екпе 25-27 сәуірде дайын болады делінген. Кеше, 7 маусымда Medsupportkz қауымдастығының ғалымдары мен дәрігерлері коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны алуға кеңес бере алмайтынын мәлімдеген болатын. Дау неден шықты? Ресми органдар оған қалай жауап берді? Шетелдік сарапшылар не дейді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.
Дау неден шықты?
Medsupportkz қауымдастығы мүшелерінің сөзінше, қазақстандық вакцинаға күмән келтіретін бір себеп - вирустың инактивация процесінде формальдегидті қолдануы екен. Мамандар 20 мамырда өткен дәрісте инактивация процесінің температурасы, концентрациясы және ұзақтығы, вирусты тазарту және өсіру туралы сұрағанда, ешқандай ақпарат алмағанын айтады.
"Біз бірнеше ай бойы әзірлеушілерді QazVac сынақтарының клиникалық кезеңдері бойынша деректер жариялауға шақырдық. Біз әрқашан отандық ғылымды қолдаймыз, алайда ғалым, дәрігер бола тұра статистикалық мәліметтердің толық болмауы, өндіріс процесі туралы ақпаратты ашудан бас тарту және қоғамда таралған басқа да ақпарат бізге осы вакцина туралы ғылыми ақпарат берілгенге дейін QazVac вакцинасын жаппай қолдануға кеңес беруге мүмкіндік бермейді", - деп жазды мамандар.
Бағасы, алғашқы партиясы. Қазақстандық вакцина туралы не белгілі?
Артынша вакцина әзірлеушілер Medsupportkz-тің мәлімдемесіне жауап берді. Зертхана меңгерушісі Лесбек Құтымбетовтің сөзінше, олар вакцина әзірлеумен 60 жылдан бері айналысып келе жатыр. Олар сапасыз препаратты қолдануға жібере салмайтынын, вакцина зертханалық жануарларға егжей-тегжейлі клиникаға дейінгі зерттеулерден өткенін айтты.
"Өзіміз осы вакцинаны салдық. Вакцинаның зияны жоғы анықталды. Оның иммуногендік белсенділігі бар. Яғни, коронавирус инфекциясынан қорғайды", - деді Құтымбетов.
Ол Medsupportkz-тің статистикалық мәліметтер жоқ, әзірлеушілер өндіріс процесі туралы ақпаратты ашудан бас тартатыны туралы мәлімдемесіне жауап берді. Жалпы айтқанда Құтымбетов қауымдастық тұжырымдарымен келіспейтінін атап өтті.
Фото: Әлихан Сариев
Көп ұзамай ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты өкілдері де қауымдастықтың мәлімдемесіне пікір білдірді. Олар QazVac вакцинасын өндіру процесінде вирустың инактивациясы шынымен де формальдегидпен жасалатынын, бұл дәстүрлі әдіс және отандық фармакопеяда ешқандай шектеулер жоғын мәлімдеді.
"Клиникаға дейінгі зерттеулерде жануарлар мен сынақтың үш фазасында вакцина салынған еріктілердің сараптама нәтижесі көрсеткендей, қан сарысуында бейтараптандыратын антиденелер пайда болады, бұл COVID-19 инфекциясының алдын алуға кепілдік береді", - деді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтындағылар.
Осылайша, QazVac вакцинасын өндіруде формальдегидті қолдану оның антигендігі мен иммуногендігін төмендетпейді екен.
"2,1 миллион адамға тегін беріледі" - коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина туралы не белгілі?
Шетелдік мамандар не дейді?
Новосибирск мемлекеттік университетінің молекулалық биология кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы Сергей Нетесов расында вакцинаға қатысты ақпаратты көбірек берген дұрыс екенін айтды.
"Менде ақпарат аз ғой. Жалпы Қазақстанда биотехнологтар жақсы. Мен бір жылдары сіздерде вакцина әзірлеп жатқан институтта болғанмын. Ол жерде білімді адамдар отырғанын айта аламын. Бірақ, шыны керек, ақпаратты көбірек беру керек. Сондықтан да сенімсіздік туған шығар. Себебі ақпарат жетпейді.
Инактив вакциналарға дүние жүзінде екі дезинфектант қолданылады: формальдегид және бетапропилактон. Екеуі де жұмыс істейді. (...) Сондықтан жақсы вакциналар әзірленген. Оларды тәжірибеде тезірек қолдану керек. Себебі вирус өзгереді және ондағы өзгерістер вакцинация қарқынын жеделдетуі мүмкін", - деді профессор Atameken Business телеарнасына берген сұхбатында.
Ал Еуразиялық терапевтер қауымдастығының бас хатшысы Александр Арутюнов өз вакцинасын шығару арқылы әр мемлекет жаппай вакцина өндіруге мүмкіндік алып, індетпен күресетінін айтады.
"Сондықтан бұл өте маңызды. QazVac инактивті вакциналар тобына жататынын білеміз. Тиімділігі 90 пайыздан асады. Бұл Қазақстанда ғылыми-әдістемелік қордың бар екенін көрсетеді", - дейді маман.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаны 2 285 898 адам салдырған, оның ішінде, 1 213 041 адам вакцинаның екі компонентін салдырған.