РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
29 октября 2021 | 17:42

"Қазақстанда мұғалімдерге жағдай жасалмаған" - Бирмингем университетінің профессоры

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бирмингем университетінің профессоры Адриан Кэмпбелл Бирмингем университетінің профессоры Адриан Кэмпбелл

Атақты Бирмингем университетінің менеджмент ғылымдарының докторы, профессор Адриан Кэмпбелл Tengrinews.kz тілшісіне сұхбатында Қазақстандағы білім жүйесі мен әлемдік университеттердегі жаңа тенденциялар туралы айтып берді.


Атақты Бирмингем университетінің менеджмент ғылымдарының докторы, профессор Адриан Кэмпбелл Tengrinews.kz тілшісіне сұхбатында Қазақстандағы білім жүйесі мен әлемдік университеттердегі жаңа тенденциялар туралы айтып берді.

Адриан Кэмпбелл - білім беру саласындағы теоретик және ұйымдастырушы. Ол көшбасшылық пен адами ресурстарды басқару бағытында 30 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді. Бүгінде Бирмингем университетіндегі Халықаралық даму департаментіне қарасты Мемлекеттік басқару факультетінің магистрлерін даярлайды.

Адриан Кэмпбелл Қазақстанда Қазақстанға бірнеше рет келіп, дәріс оқыған

Қазақстанға 8 рет не үшін келді?

Кэмпбелл КСРО білім беру реформасына байланысты қарама-қайшылықтар мен тәжірибені өз диссертациялық жұмысының негізгі бағыты ретінде қарастырған. Ағылшын профессоры көп жыл бойы Қазақстанның сыртқы саясаты мен білім беру жүйесін де зерттеген екен. Сондай-ақ, Қазақстанға бірнеше рет келіп, дәріс оқыпты.

"Қазақстанға 1991-1996 жылдары 5 рет және кейінгі 3 жылда бірнеше мәрте келгенім бар. Алматыда мұғалімдерге шеберлік сағатын өткізсем, Нұр-Сұлтанда ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қонақта болып, дәріс оқыдым. Одан бөлек, КИМЭП университетіндегі Мемлекеттік басқару магистрі (МРА) бағдарламасын қолдап, көмек көрсеттім. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстандағы білім беру жүйесімен етене таныспын", - дейді ол.

Профессор шәкірттерімен

"Қазақстанда жақсы мұғалім болу үшін ешқандай жағдай жасалмаған"

Адриан Кэмпбелл қазақстандық мұғалімдермен байланысын әлі күнге дейін үзбегенін алға тартты. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан қазақстандық мұғалімдерге тиісті жағдай жасалмаған.

"Қазақстанда білім жүйесінде мықты маман көп. Мен елдеріңіздің 10-нан астам университетінде болып, сыртқы байланыс орнаттым. Қолымыз босаса, ара-тұра хабарласып тұрамыз. Осы тұста қазақстандық әріптестерімнің бойындағы әртістік қабілетті атап өткім келеді. Негізі қазақ халқы әңгіменің майын тамызады ғой, ал дәріскер үшін бұл ең қажетті қабілеттердің бірі. Шынымды айтсам, қазақстандық мұғалімдерге қайран қаламын. Неге? Әңгімені мынадан бастайық, Қазақстанда жақсы мұғалім болу үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Айлықтары аз, қосымша атқаратын жұмыстары көп, оған қоса, бар жауапкершілікті тек мұғалімнің мойнына артып қойған. Бұл дұрыс емес қой. Қазақстандағы мұғалімдер осындай проблемаларға қарамастан өздеріне деген құрметті жоғалтпады", - деді профессор.


Университет түлектерімен

Қазақстандағы білім жүйесі ТМД бойынша бірінші орында

Сонымен қатар, ол Қазақстандағы білім жүйесіне тоқталып, қазақстандық студенттердің өзгелерден ерекшелігін атады.

"Қазақстанның білім жүйесі мен құрылымдық стратегияларына келетін болсақ, мойындау керек, Қазақстан тек ТМД құрамына кіретін елдерді емес, Еуропаның көптеген мемлекетінің де алдын орайды. Бір ғана мысал келтірейін, "Болашақ" халықаралық стипендиясының Қазақстан игілігі мен ертеңіне тигізетін әсері зор. Дәл осы бағдарлама Қазақстанның әлемдік аренадағы амбициясын айқын көрсетеді. Қазақстан билігі өте сапалы әрі баға жетпес инвестиция жасап отыр. Шетелде оқып жүрген басқа елдің студенттері жеке мүддесі мен қалауының жетегімен келсе, Қазақстан Сингапурдың тәжірибесін сәтті модернизациялап, өз студенттеріне тамаша бағыт ұсынып отыр.

Қазақстанның білім жүйесі сан алуан заманауи модельдерді қамтиды. АҚШ, Түркия, Ұлыбритания және тағы да басқа жетекші елдердің тәжірибесінен жинақталған жүйені Қазақстаннан табуға болады. Әрине, КСРО-дағы оқыту элементтері әлі де бар, оны жасырып қалу мүмкін емес, десе де, бұл ұстанымның да өз пайдалы тұстары бар. Мәселен, Қазақстандағы білім алушылар жан-жақты дамыған, олардың эриудициясына тәнтімін. Сол себепті өзімнің дәрістерімде Қазақстаннан келген студенттермен әңгімелескенді жақсы көремін. Ал біздің елде оқушылар салалық білім алады, яғни белгілі бір бағыт бойынша терең ізденеді. Мұндай позиция сыни талдауды жетілдіріп, кәсіби маман қалыптастыруға сеп болады. Қысқа қайырғанда, әр стратегияның дұрыс және бұрыс жағы бар, әркім өзіне қажетін алады. Енді ғана аяққа тұрған Қазақстандай ел үшін көпсалалы білім қажет", - деп санайды ол.

Шетелде оқыған қазақстандық мемқызметкерлер туралы

Адриан Кэмпбелл 1992 жылдан бастап қазақстандық Мемлекеттік басқару факультетіндегі магистрлерімен жұмыс істейді.

"Жылына 1-2 қазақстандық магистрді дайындап шығамын. Олардың көбісі Қазақстандағы мемлекеттік маңызы бар органдарға жұмысқа тұрып алған. Менің ойымша, керемет нәтиже. Ең бастысы, өз елінің қажетіне жарайтын, білімді мемқызметкер болса екен", - дейді профессор.

Сондай-ақ, ол Қазақстандағы мемлекеттік қызмет пен оның этикасы туралы айтып берді.  

"Қазақстандық мемлекеттік қызметкерлер туралы көп сөз қозғағым келмейді. Неге десеңіз, мен Қазақстан азаматы болмағаннан кейін бірдеңе деп айтуым орынсыз болады. Оданша Ұлыбританияда оқып, мемлекеттік қызметке келген қазақстандықтар жайында айтайын. Бізге келген барлық қазақстандық магистрлер өте білімді және жауапкершілігі жоғары деп сендіре аламын. Ал оның ниеті мен ары қарайғы іс-әрекетіне баға бере алмаймын, өйткені мемлекеттік қызметкерге білім мен жауапкершіліктен бөлек, шетел оқу орындары бере алмайтын құндылықтар бар. Ол, әрине, елге деген махаббат қой. Бұл сөздің астарында көп мән жатыр. Мемлекеттік қызметкердің этикасы осыдан басталады. Ал қарапайым тілмен түсіндірсек, еліңе берерің болса - бер, берерің болмаса - беретін адамның жолын бөгеме", - деді Адриан.

"Мықты университеттер ғана қалады..."

Сөз соңында білім жүйесіндегі жаңа тенденциялар мен университеттердің болашағы жайында сұрадық.

"Қазір студенттер талапшыл бола бастады. Тәлімгерлер өздерін клиент ретінде сезінуді үйренді. Неге десеңіз, бүгінде әлемдік жетекші университеттер студенттермен жұмыс істеу тәсілін өзгертіп, олармен бұрынғыдан да жақын қарым-қатынасқа түсті. Ол қалай? Енді оқу орындары тек диплом беріп қана қоймай, олардың алдағы болашағын да ойлайды. Менің ойымша, университеттердің нағыз рейтингі осымен анықталса керек. Тіпті, алдағы уақытта тек мықты университеттер ғана қалып, қалғаны офлайнға көшуі де ғажап емес. Өйткені пандемия оқу орындарының шынайы келбетін ашып берді", - дейді ол.

"Білім саласындағы ешқандай рейтинг шындыққа сай келмейді"

2021 жылы жарияланған QS World University рейтингіндегі ТОП-500 үздік университеттер қатарына қазақстандық білім ордаларынан тек үшеуі енді. Бұл туралы да Адриан Кэмпбелл өз ойын білдірді.   

"Білім саласындағы ешқандай рейтинг шындыққа сай келмейді. Әдетте рейтинг құрастырғыштардың жеке мүддесі болады. Мұны ескеру керек. Одан бөлек, рейтинг құрау барысында мүлде қажет емес факторлар да болады. Мәселен, туризм, әлеуметтік жағдай және тағысын тағы. Қазір жұрт рейтингтен шаршады, менің ойымша, жақын аралықта салыстыру арқылы тұжырым шығару әдетінен арыламыз. Бұл дұрыс емес", - деп қорытындылады ол.   

 

Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер Адриан Кэмпбеллдың жеке мұрағатынан

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети