Қазақстандық өнертапқыштар тиімді батарея ойлап тапты. Бұл батарея - жарық жиі сөнетін үйлерге таптырмас құрал. Су негізінде жасалған батареяны жарық жоқ кезде пайдалануға болады. Қазір батарея өндірісі бойынша шетелдік компаниялармен келіссөз жүргізіліп жатыр екен. Tengrinews.kz тілшісі өнертапқыштардың бірі Айшуақ Қонаровпен сөйлесіп, су батареясының қалай жұмыс істейтінін, оның қандай пайдалы тұстары бар екенін білді.
Қазақстандық өнертапқыштар тиімді батарея ойлап тапты. Бұл батарея - жарық жиі сөнетін үйлерге таптырмас құрал. Су негізінде жасалған батареяны жарық жоқ кезде пайдалануға болады. Қазір батарея өндірісі бойынша шетелдік компаниялармен келіссөз жүргізіліп жатыр екен. Tengrinews.kz тілшісі өнертапқыштардың бірі Айшуақ Қонаровпен сөйлесіп, су батареясының қалай жұмыс істейтінін, оның қандай пайдалы тұстары бар екенін білді.
Жарық жоқ кезде таптырмас құрал
Айшуақ Қонаров қазіргі уақытта Назарбаев университетінде "Химиялық инженерия және материалдар технологиясы" кафедрасында жұмыс істейді. Былтыр Сеулде PhD дәрежесін қорғап қайтқан. Оның алдында Канадада "Химиялық инженерия" мамандығы бойынша екі жыл магистратурада оқыған.
Қонаров Назарбаев университетінде профессор Жұмабай Бакеновпен бірге су батареясын ойлап тапқан. Ол басқа батареяларға қарағанда арзан және қауіпсіз. Өнертапқыштың сөзінше, бұл батареяның ең маңызды жақтары.
Батареяда катод ретінде литий-темір фосфаты, ал анод ретінде мырыш қолданылады. Екі материал да өндірісте кеңінен қолданылады, яғни олардың үлкен көлемдегі өндірісі еш қиындық туғызбайды. Осы мырыш пен литий тұздарының судағы ерітіндісі электролит ретінде қолданылады.
Су батареялары ауқымды энергияны сақтауға қолайлы. Үлкен мекемелерде, мыңдаған гектар жерлерде осы су батареясын қолданған жөн. Мысалы, көп жерде күн сәулесінен энергия алатын аккумуляторлар бар. Ол күн бар кезде ғана заряд жинайды. Ал оған су батареясын қосып қойсаңыз, күн жоқ кезде соны пайдалунаға болады.
"Су батареясын үйге де қолдануға болады. Алысқа бармай-ақ, Нұр-Сұлтан маңындағы Қосшы қаласында жарық жиі сөніп қалады. Қазіргі заманда электр болмаса, көп адам зардап шегеді. Бәрі соған байланысты. Ал су батареясын бөлменің бір бұрышына қойып қойсаңыз, энергияны сақтап тұра береді. Сосын жарық жоқ кезде соны пайдалана бересіз. Әр отбасын алайық. Үйде күнделікті тоңазытқыш, теледидар, кір жуатын машина қосылып тұрады. Мұндай жағдайда, орта есеппен алты сағат қолдануға болады. Алты сағаттан кейін жарық қайта жанса, су батареяларын қайта қуаттап қоясыз. Оны толық қуаттауға екі сағаттай қажет. Кейін ол жарық қайта сөнгенше энергия сақтап тұрады", - дейді Айшуақ Қонаров.
Су батареясы
Қонаровтың айтуынша, су батареялары телефон қуаттайтын Power Bank секілді. Жарық жоқ кезде соны пайдалануға болады. Оны үйге ток әкелінген жерден қосымша ток ашып, сол жерге қосу керек.
Су батареясы жарылмайды, отқа жанбайды
Өнертапқыштың сөзінше, су батареялары қауіпсіз. Ол жарылмайды да жанбайды екен.
"Су аккумуляторында біз органикалық электролитін алып тастадық та, орнына су негізіндегі электролит жасадық. Ол отқа жанбайды, қауіпсіз. Ғылыми түрде де органикалық ерітіндіге қарағанда, судың ион өткізгіштігі жоғары. Демек тез зарядталады. Оның үстіне, бұл аккумулятордың жарылу мүмкіндігі жоқ. Мүлдем қауіпсіз", - дейді ол.
Су батареясының жұмыс үлгісі
Су батареясының қазіргі нарықтағы аналогы - қорғасын батареялар. Екеуінің жұмыс істеуі ұқсас. Бірақ су батареясында қышқыл болмайды. Ал қорғаныс батареяларда концентрлі қышқыл бар, ол адамға тисе, күйдіріп жіберуі мүмкін және катоды қорғасын диоксиді улы болады.
Сонымен қатар, нарықта литий-ионды батареялар да көп қолданылады. Қазақстандық өнертапқыштардың батареясы мөлшері мен салмағы, энергиялық тығыздығы жағынан литий-ионды батареялардан төмен. Бірақ су негізіндегі батареялар бағасы мен қауіпсіздігі тұрғысында жақсырақ.
"Tesla-ның батареяларын қазақстандықтар сатып ала алмайды. Себебі оны қалтасы көтермейді. Тіпті, сатып алғанның өзінде Tesla батареялары қауіптірек, себебі органикалық ерітінді негізінде жасалған. Tesla көліктері жанып кетті дегенді де естіп жүрміз. Себебі оның тұтану ықтималдығы жоғары. Ал егер оны үйде сақтасаңыз, кейін апат болса, зардабы көп болады", - дейді Айшуақ Қонаров.
Шетелдік компаниямен келіссөз жүргізіп жатыр
Су негізіндегі батарея әлі нарыққа шықпады, өндіріліп жатқан жоқ. Қазір зертханалық сынақтардан өткізіліп жатыр.
"Қазіргі таңда су батареясы ешқайда қолданылып жатқан жоқ, зертханада сынақтан өткіздік. Оған көлемді сынақтар жасау үшін қаржы керек. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Өндірістік сынақтар жасау үшін Білім және ғылым министрлігі ұсынып жатқан конкурстарға тапсырып жатырмыз", - дейді өнертапқыш.
2017 жылы қазақстандық өнертапқыштар су батареясы бойынша шетелдік компаниялармен келіссөз жүргізген. Бірақ қаржы мәселесі бойынша келісе алмай, ол аяқсыз қалған.
"Испаниялық тағы бір компания осы батареяға қызығушылық танытқан. Бірнеше жыл бұрын келіссөз орта жолда тоқтаған еді. Қазір олармен келіссөз қайта жүргізіліп жатыр", - дейді ол.
Бүгінде су батареясының америкалық, еуропалық және қазақстандық патенті бар. Енді үлкен көлемді сынақтардан өткізу керек.
Су батареясының америкалық патенті