Ресейлік танымал оппозиционер Алексей Навальный қазір ауруханада жатыр. Жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған. Оппозиционерді біреу қасақана улады деген күдік бар. Оған шетелдік президенттер де қолдау көрсетіп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын түсіндіреді.
Ресейлік танымал оппозиционер Алексей Навальный қазір ауруханада жатыр. Жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған. Оппозиционерді біреу қасақана улады деген күдік бар. Оған шетелдік президенттер де қолдау көрсетіп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын түсіндіреді.
Шай арқылы улауы мүмкін
Саясаткердің уланғанын алғаш болып Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш мәлімдеді. Навальный Томск қаласынан Мәскеуге ұшып бара жатқан. Бірақ ұшақ діттеген жерге жете алмады. Әуе кемесі Омбыда шұғыл түрде қонуына тура келді. Себебі ұшақта Навальныйдың жағдайы нашарлаған.
Ярмыштың айтуынша, саясаткер уланған. Бірақ Навальный сол күні ештеңе жемепті. Тек шай ішкен.
"Біз Алексейді шайға араласқан заттан уланды деп болжап отырмыз. Оның таңертеңнен бері ішкені осы шай ғана болды. Дәрігерлер токсиннің ыстық сұйықтық арқылы тез тарайтынын айтады", - деді Ярмыш.
Мы предполагаем, что Алексея отравили чем-то, подмешанным в чай. Это было единственное, что он пил с утра. Врачи говорят, что токсин быстрее всосался через горячую жидкость. Сейчас Алексей без сознания
— Кира Ярмыш (@Kira_Yarmysh) August 20, 2020
Ол былтыр да Навальныйды біреулер улағанын еске салды. Биыл да сол оқиға қайталанып отыр. Қазір оппозиционер комада жатыр.
Артынша куәгерлердің бірі ұшақта болған жағдайды айтып берді.
"Алексей Навальныймен бірге Мәскеуге ұшып бара жаттым. Ұшақ әуеге көтерілген соң ол дәретханаға барып, оралған жоқ. Оның жағдайы қатты нашарлады, әлі ауырып айғайлап жатыр. Оған не болғанын айтқан жоқ. Қазір Омбыға қондық, оны ауруханаға алып кетті", - деді куәгер.
Сондай-ақ, ол ұшақта болған жағдайдың видеосын жариялаған. Кадр сырта біреудің айғайлап жатқанын естуге болады. Сондай-ақ, ұшақ ішінде бірнеше медицина қызметкерінің жүргені түсірілген.
Навальный кімнің жолын кесті?
Көп ұзамай оппозиционердің неден уланған болуы мүмкін екені хабарланды. Baza Telegram-каналының мәліметінше, дәрігерлер ресейлік оппозиционер Алексей Навальный натрий оксибутиратынан уланған болуы мүмкін дейді.
Мамандардың айтуынша, натрий оксибутираты түссіз және иіссіз, сондықтан оны шайға оңай қосуға болады. Бірақ қорытынды сараптаманың нәтижесі әлі шыққан жоқ.
"Көбіне зорлаушылар өз құрбандары есінен тануы үшін натрий оксибутиратын қолданады. Адамды улау үшін сұйыққа кем дегенде 20-30 миллилитр қосу керек. Сондай-ақ, бұл препаратта аздап тұздың дәмі шығады, Алексей оны сезген болуы да мүмкін", - деп жазды Telegram-канал.
Алексей Навальныйды кім улағаны белгісіз. Танымал саясаткердің YouTube-каналына көз жүгіртсек, ол соңғы апталарда белсенді түрде видео жариялаған. Шілденің аяғында Навальный Жемқорлықпен күрес қорын жапқан еді. Кейін оның каналында жемқорлыққа қатысты 79 тексерістің нәтижесі жарияланған.
YouTube-каналдағы соңғы видеолар
Одан бөлек Навальный түрлі аймақтағы митингілерге қатысты пікірін білдірген. Оның ішінде Беларусь, Хабаровск пен Куштаудағы нарызылық шаралары бар. Оппозиционер Беларусьтегі митингіге көп көңіл бөлген. Соңғы бірнеше күнде оның каналында көрші елдегі наразылыққа қатысты алты видео жарияланған.
Ал оның улануы туралы ақпарат шыққанға дейін каналда "Кім бізді сайлау құқығынан айырғысы келеді?" деген атаумен видео жарияланған. Онда ел билігі сынға алынған. Оның ішінде таяқтың бір ұшы Ресей президенті Владимир Путинге де тиген.
Шет ел басшылары не дейді?
Ресей билігі бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. Дәлірек айтқанда, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Навальныйға тез жазылып кетуді тілеп, Омбыда үздік дәрігерлер жиналғанын айтты.
Сонымен бірге, Песков егер Кремльге немесе Денсаулық сақтау министрлігіне Навальныйды шетелдік емханаға жеткізуді жеңілдету туралы өтініш түссе, билік оны тез арада қарастырады деп сендірді.
"Егер Кремльге не Денсаулық сақтау министрлігіне немесе кез келген департаментке жүгінсе, әрине, біз мұны тез арада қарауға дайынбыз", - деді баспасөз хатшысы.
Оның айтуынша, "Ресейдің көптеген азаматы, шекаралар жабылғанымен, шет елге емделуге кетіп жатыр" екен.
©REUTERS
Ал Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Эммануэль Макрон саясаткерге медициналық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
"Бұл жағдай бізді қатты алаңдатып отыр. Біз оған саулық тілеп, оның отбасына қолдау білдіреміз. Осы сағаттағы жаңалықтар бізді қатты алаңдатады. Жағдайды бақылауды жалғастыра береміз. Әрине, біз Алексей Навальныйға медициналық көмек көрсетуге, қорғауға, бассауға болуға дайынбыз", - деді Макрон.
Ал Меркель Навальныйдың ауруханаға түскенін естіп таңғалғанын мәлімдеді.
"Мен оның сауығып кетуін тілеймін және үміттенемін. Егер олар қаласа, бұл Францияға да, Германияға да қатысты, менің ойымша, біз кез келген медициналық көмек көрсете аламыз", - деді Германия канцлері.
Біріккен ұлттар ұйымы болса, Навальныйды біреулер улағаны расталса, толық тергеу жүргізуге шақырды.
АҚШ та бұл жағдайға бей-жай қарамады. Американың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Роберт О'Брайеннің айтуынша, Ресей билігінің осы оқиғаға қатысы бар болса, бұл АҚШ пен Ресейдің алдағы қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін.
"Оның артында ресейлік шенеуніктер" тұрса, бұл біздің Ресеймен "алдағы қарым-қатынасымыздың қандай боларына" себеп бола алады", - деді О' Брайен.
Ол Навальныйды "Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге қарсы тұруға батылы жететін өте ержүрек адам" деп атап, саясаткерді қасақана улауы мүмкін деген болжамдар "төтенше алаңдау" тудыратынын айтты.