Осыдан бір апта бұрын, яғни, 15 қаңтарда Ресей президенті Владимир Путин кезекті жолдауында елдегі ана капиталы өсетінін мәлімдеген болатын. Енді ресейліктер "Ана капиталы" бағдарламасы бойынша отбасындағы бірінші баладан бастап бір реттік қаражат ала алады. Tengrinews.kz тілшісі Ресейдегі "Ана капиталы" бағдарламасы бұған дейін жергілікті тұрғындарға қалай берілгеніне шолу жасады.
Осыдан бір апта бұрын, яғни, 15 қаңтарда Ресей президенті Владимир Путин кезекті жолдауында елдегі ана капиталы өсетінін мәлімдеген болатын. Енді ресейліктер "Ана капиталы" бағдарламасы бойынша отбасындағы бірінші баладан бастап бір реттік қаражат ала алады. Tengrinews.kz тілшісі Ресейдегі "Ана капиталы" бағдарламасы бұған дейін жергілікті тұрғындарға қалай берілгеніне шолу жасады.
Енді бағдарлама бойынша көмек бірінші баладан бастап беріледі
Ресейліктерге 2007 жылдан бастап берілетін көмек бағдарламасы бойынша, енді бірінші балаға 2 841 697 теңге (466 617 рубль), екі баласы бар отбасыға жалпы 3 755 197 теңге (616 617 рубль) беріледі. Сонымен қатар, Ресей басшысы жолдауында егер отбасыда бала жаңа заң қарсаңында туған болса, оларға жаңа формат бойынша көмек берілетінін айтты.
Одан бөлек, Ресей отбасыда үшінші бала дүниеге келген кезде ипотекалық кредиттің 2 740 500 теңгесін (450 мың рубль) біртіндеп төлеп береді. Путиннің айтуынша, үш баласы бар отбасы барлық көмекті қосқанда мемлекет арқасында ипотекаға жалпы 6 миллион 90 мың теңге (1 миллион рубль) сала алады.
Ресейде бірінші балаға арналған "Ана капиталына" құжат қабылдау наурыз-сәуірден басталады. Путин "Ана капиталы" бағдарламасын 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін созды.
"Ана капиталын" алуға құқылы адамдар:
Жалпы бағдарламаның "Ана капиталы" аталуы тегін емес: басым құқық аналарға беріледі. Бірақ кейде оны ер адамдар мен балалар да алады. "Ана капиталына" берілетін сертификат атаулы, бала Ресей азаматы болуы керек. Бірақ бұл шетелде тұра алмайды деген сөз емес. Отбасындағы ер адам не әйел адам шетелдік болуы капитал алуға кедергі емес.
1. Ресей азаматтығы бар, 2007 жылдың 1 қаңтарынан бала босанған не асырап алған аналар;
2. Ресей азаматтығы бар, сот 2007 жылдың 1 қаңтарынан бірінші не одан кейінгі балалардың жалғыз асыраушысы деп таныған ер адамдар;
3. Кәмелет жасқа толмаған немесе күндізгі оқуда білім алатын 23 жасқа дейінгі балалар ата-анасы тарапынан мемлекеттік қолдау көрсетілмеген жағдайда алады.
Әр елде бала туғанда берілетін жәрдемақы қандай
Ресейде 2007 жылы басталған "Ана капиталы" басында 1 522 500 теңгеден (250 мың рубль) берілген.
2008 жылы - 1 682 362 теңге (276250 рубль) болса, 2009 жылы бағдарлама бойынша көмек 200 мың теңгеден аса көтерілген. 2010 жылы - 2 091 172 теңге (343 378 рубль), 2011 жылы - 2 227 100 теңге (365 698 рубль) берілген.
2012 жылы - 2 360 727 теңге (387 640 рубль);
2013 жылы - 2 490 566 теңге (408 960 рубль);
2014 жылы - 2 615 094 теңге (429 408 рубль);
2015-2019 жылдары - 2 758 928 теңге (453 026 рубль) берілген.
Ресей Зейнетақы қорының мәліметінше, 2017 жылдың өзінде "Ана капиталына" 312 миллиард рубль жұмсалған.
"Ана капиталын" қандай мақсатта қолдануға болады?
Есептегі ақшаны белгілі бір мақсатта ғана қолдануға болады. Мәселен, баланың білім алуына. Білім алу кезеңінде баланың жасы 25-тен үлкен болмауы керек. Тағы бір маңызды жайт - оқу орны Ресей аумағында болуы шарт.
Одан бөлек, "Ана капиталын" отбасының тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін қолдануға болады. Сатып алынатын тұрғын үй Ресей аумағында болуы керек. Сонымен қатар, капиталды әйел адамның зейнетақысының жинақтаушы бөлігін қалыптастыру үшін пайдалануға болады. Яғни "Ана капиталы" бірден немесе біртіндеп зейнетақы жинағына салынуы мүмкін.
Сонымен қатар, ресейліктер капиталды мүгедек балаларды қоғамға әлеуметтік бейімдеу үшін пайдалана алады. Бұл дегеніміз "Ана капиталынан" алынған қаражатпен мүгедек балаларға белгілі бір тауарлар мен қызметтерге арналған шығындарды өтеуге болады.