ПОДЕЛИТЬСЯ
27 февраля 2020 | 16:04
"Ильиннен асып түсті". Рекорд жаңартқан 16 жастағы қазақ спортшысының әңгімесі
Рахат Бекболат - ауыр атлетикадан Азия чемпионы. Ол жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия біріншілігінде қоссайыстың қорытындысы бойынша 356 келіні (158+198) еңсеріп, әлем рекордын орнатты. Осылайша, 16 жастағы зілтемірші қазақстандық танымал спортшы Илья Ильиннің көрсеткішінен (қоссайыстың нәтижесі бойынша 355 келі) де асып кетті. Осы орайда Рахат Бекболат спортқа қалай келгенін, жеңіске жету оңай болмағанын, нені армандайтынын, Илья Ильинмен қарым-қатынасы қандай екенін Теngrinews.kz тілшісіне берген сұқбатында айтып берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Рахат Бекболат - ауыр атлетикадан Азия чемпионы. Ол жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия біріншілігінде қоссайыстың қорытындысы бойынша 356 келіні (158+198) еңсеріп, әлем рекордын орнатты. Осылайша, 16 жастағы зілтемірші қазақстандық танымал спортшы Илья Ильиннің көрсеткішінен (қоссайыстың нәтижесі бойынша 355 келі) де асып кетті. Осы орайда Рахат Бекболат спортқа қалай келгенін, жеңіске жету оңай болмағанын, нені армандайтынын, Илья Ильинмен қарым-қатынасы қандай екенін Теngrinews.kz тілшісіне берген сұқбатында айтып берді.
"6 жасымда спортқа келдім"
Ол 2004 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген, үйдің кенжесі. Оның 2 ағасы мен 1 әпкесі бар. Азияны мойындатқан зілтемірші 6 жастан бастап, спортпен шұғылдана бастапты.
"Ауыр атлетикаға 6 жасымда келдім. Алғашында салмағы 1 келі болатын таяқты көтердім. Сөйтіп, зілтемір көтерудің әдіс-тәсілін үйрендім. Ал 7-8 жасымда жұлқа көтеруде 20 келіні, серпе көтеруде 30 келіні бағындырдым", - дейді спортшы.
Рахат Бекболат 7-сыныпта спорт мектебіне ауысқан. Ал 9-сыныпты бітірген соң Қызылордадағы ҚазГЗУ колледжінде оқуға түскен. Қазір ол дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатыр.
"Жеңістің құпиясы"
16 жастағы зілтемірші ауыр атлетикадан Ташкентте өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында топ жарды. Ол бұл жарыста 102 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Қоссайыста 356 келі (158+198) зілтемірді бағындырып, әлем рекордын орнатты. Нәтижесінде спортшы 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен 20 жасқа дейінгі жастар арасында Азия чемпионы атанды. Осы орайда Рахат жеңісінің құпиясымен бөлісті.
"Мұның барлығы еңбек пен тәртіптің нәтижесі. Күніне 3 рет жаттығамын. Оқу-жаттығу жиынында таңғы 8-де оянамын. Сағат 9-да таңғы асымды ішемін. Кейін сағат 10-нан 12-ге дейін жаттығамын. 1 сағат демалып, сағат 13:00-де түскі асымды ішемін. Осыдан соң сағат 15:40-ке дейін ұйықтап демаламын. Кейін сағат 18:30-ға дейін жаттығамын. Кешке тамақтанған соң, 2 сағат демаламын. Ал 21:00-де кешкі жаттығуға барамын", - дейді зілтемірші.
Оның айтуынша, ол жаттығудан түнгі сағат 23:00-де келеді. Ал 30 минуттан соң, телефонын өткізіп, ұйықтайды екен. Рахат спортта тәртіптің маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл жеңіске жетуге септігін тигізеді.
"Әлем чемпионатына алғаш рет қатысамын"
Қазіргі таңда зілтемірші Алматы облысы Талғар ауданындағы АIBA орталығында жаттығып жатыр. Осы орайда ол алдағы жоспарын бөлісті.
"Азия чемпионатынан кейін демалған жоқпыз. Жаттығуға кірісіп кеттік. Екі аптадан соң, Румынияда өтетін 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатына барамын. Әлем біріншілігінде алғаш рет бағымды сынағалы отырмын. Жаттықтырушым Арман Абдрайым жарысқа дайындап жатыр. Жаттығу барысында жұлқа көтеруде 163 келіні, серпе көтеруде 210 келіні, қоссайыста 373 келі зілтемірді көтеріп жүрмін. Бұл жарыста қандай орын алатынымды уақыт көрсетеді", - дейді Рахат Бекболат.
Сонымен қатар ол Азия чемпионатында жіберген қателігін қайталамау үшін барын салып, дайындалып жатқанын атап өтті.
"Бұл жарыста серпеде 208 келіні бағдырамын деп едім. Болмады, тым асығып кеттім. Алдағы уақытта мұндай жағдай болмас үшін жұмыс істеп жатырмын. Серпе көтеру жаттығуын жасап жүрмін", - деді спортшы ағынан жарылып.
"Олимпиадаға барғым келеді"
Рахат Бекболаттың арманы - Олимп шыңын бағындыру. Бірақ ол 4 жылда бір рет өтетін дүбірлі додаға қатысу үшін тәжірибе мен уақыт қажет деген пікірде.
"Құдай қаласа, Олимп шыңын бағындыру жоспарда бар. 2024 жылы Франция астанасы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатысқым келеді. Уақыт бар. Оған дейін тәжірибе жинап, шеберлікті шыңдау қажет. Басқа да жарыстарға қатысу шарт", - дейді ол.
"Илья Ильинмен сөйлесіп тұрамын"
Сондай-ақ Рахат Бекболат Ташкентте қазақстандық танымал зілтемірші Илья Ильиннен озып кеткен болатын. Ол Өзбекстан астанасындағы ересектер арасында өткен ынтымақтастық чемпионатында 102 келіге дейінгі салмақта бағын сынады. Қоссайыс нәтижесі бойынша қазақстандық ауыр атлет 355 келіні (160+195) бағындырды. Ал Рахат Бекболат 356 келіні көтерді. Осылайша, 16 жастағы спортшы атақты жерлесінен бір келі жоғары көтерді.
"Тіпті, ол жағын білген жоқпын. Бұл жарыста жұлқа көтеруде 158 келіні көтеріп, Азия рекордын жаңарттым. Ал серпе көтеруде 198 келіні бағындырып, жасөспірімдер арасында әлем рекордын орнаттым. Қазір Илья Ильин АIBA орталығында жаттығып жүр. Онымен амандасып тұрамын, арасында сөйлесіп қаламыз. Ол бірге жаттыққан кезде ақыл кеңесін айтып, қолдау көрсетеді", - деп түйіндеді сөзін Азия чемпионы.
Показать комментарии
Читайте также