Мамлют ауданындағы Бостандық орта мектебінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында майдангер ұстаз Мәжит Мүрсәлімовке ескерткіш-тақта орнатылды. Аталмыш шараға Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Алмагүл Рамазанова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Омаров, облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастика бөлімі басшысы Ернияз Сұлтанов, ардагер ұстаздың ұрпақтары мен шәкірттері. ауыл тұрғындары қатысты.
Осыдан бір ғасыр бұрын дүниеге келген Мәжит Мүрсәлімұлы 20 жасында Кеңес Армиясы қатарына алынып, 270-атқыштар полкінің зеңбірек-гаубица нысанашысы ретінде Фин соғысына, Ленинградты жаудан қорғауға, 900 күндік құрсауды бұзуға, Харков, Псков қалаларын азат етуге қатысты. Сұрапыл соғыста «Ерлігі үшін», «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» медальдарымен. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған кіші сержант ауыр жарақаттан жазылғаннан кейін 1946 жылы қаңтар айында елге оралып, зейнеткерлікке шыққанға дейін Бостандық орта мектебінде бастауыш сыныптың мұғалімі болып, абыройлы еңбек етті, мыңдаған шәкіртке әліппе танытты. 2003 жылы дүние салған ардагердің 15 ұрпағы бүгінде ата жолын жалғастыруда, олардың ұстаздық еңбек өтілі 230 жылды құрайды.
Мәжит Мүрсәлімұлының 8 ұл-қызынан тараған 27 немересі, 36 шөбересі, 6 неменесі бар. Олардың арасында майдангер атасы сияқты Отан қорғайтын офицерлер де аз емес. Мысалы. Петропавл әскери институтының қызметкері, кезектен тыс подполковник атағына ие болған Мақсат Нүсіпов қазақша күрестен Еуропа, самбодан әлем чемпионы.