Хайруллин Хамаш

  • Фото ветерана: Хайруллин Хамаш
    Хайруллин Хамаш

 Біздің әкеміз Хайроллаұлы Хамаш 1915 жылы бұрынғы Гурьев облысы, Новогат ауданы, Тұщықұдық ауылдық кеңесінің аумағындағы Нарынқұмның Дуаберген елді мекенінде өмірге келген. Ол кезде туу туралы куәлік болмаған. 1941 жылғы екінші Дүниежүзілік соғысына алынғанда 1915 жылдың орнына 1905 деп қате жазылып кеткен. Соғыс жылдарында берілген құжаттардағы жазулар көрінбей кетті. Кейбір құжаттар жоғалып кеткен, медальдары да жоғалған, тұрмыс жағдайында оны реттеп отыруға мүмкіндік болмаған. Әкеміздің көзі тірісінде соғыс жайлы сұрау дегенді білмедік, жастық па, әлде ол кісі соғыс жылдарды ойына алғысы келмеді ме, көп айта бермейтін.Әйтеуір, "кейде кісі ұрлауға немістерге барамыз, шама келгенше дыбысын шығармай қолға тусіруге тырысып, аузын тығындап алатынбыз" деген әңгімелері құлағымызда қалыпты.

Әкесі Хайролла 1889-1880 (қате) жылдар шамасында өмірге келген, 1919-1920 жылдар шамасында өкпе дертінен қайтыс болады. Небары 5 жасында әкеден айырылады, өзі кіндіктен жалғыз болады. Шешесі Үміт екеуі өлместің күнін көріп, қара жұмысқа ерте араласады. 1928 жылдары небары 4 кластық білім алып, ары қарай оқуын жалғастыруға жағдайы болмай, тамақ асырау қамымен арпалысып өмір сүреді.

1942 жылы сәуір айының басында Гурьев қалалық әскери комиссариатының шақыруымен әскер қатарына алынып, 1942 жылы сәуірдің сегізі күні №136 атқыштар полкына атқыш болып кіреді, содан әсекери билеттегі жазуларда 18.І-42 —ІІІ-1942 №328, ІІІ-1943 —14.VІІІ-43 №1292, ІV-1943 —ІІ-1945 №327, ІІ-1945ж —11.ІІІ-1945 №64 гвардиялық атқыштар полкында атқыш болып қызмет еткен.

11.ІІІ-1945 —23.ІХ-1945 №30 ерекше армиялық ротада ВНОС бақылаушы (разведчик) болып қатысқан, осы жазулар әскери билеттен алынды, соғыста 1943 жылы қаңтардың он сегізінде және дан 1943 жылы қыркүйектің жетісінде 2 рет ауыр жарақат алған.

20.8.1944 және 17.02.1945 күндері 2-рет жеңіл жарақат алған. Бұл туралы госпиталь берген анықтамалар жыртылып қалған, кейбіреулерінің жыртықтары сақталған. Соғыстағы ерлігі үшін №156536 І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған 1.05.1945 Германияны жеңгені үшін 3.05.1946 медальмен марапатталған. Жапонияға қарсы соғысқа қатысқаны үшін Жоғарғы қолбасшының 2.09.1945 алғыс хаты берілген. КССРО жоғарғы кеңесі президиуымының 23.06.45 жарлығы бойынша 23.ІХ-1945 жылы әскерден босатылған. Соғыстан кейінгі жылдары колхоздың әр түрлі жұмыстарын істеп, алған жарақатына байланысты 1951 жылы ІІІ топтағы мүгедек деп танылғын. Өмірдің рахатын көп көре алмады, сол жараның әсерінен 1973 жылы 58 жасында өмірден өтті. Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 70 жыл толуына орай әкеміздің жеңісті жақындатуда соғыс кезінде от пен оқтың арасында өткізген. 3 жыл 5 ай өмірі туралы азды көпті осы анықтаманы жазып тапсыруды перезенттік парызым деп есептедім.

Баласы Әлмұрат Хамашұлы
Немересі Сакен, Жеткіншек

 

Нравится