Рахимжанов Сагындык

  • Фото ветерана: Рахимжанов Сагындык
    Рахимжанов Сагындык
  • Фото ветерана: Рахимжанов Сагындык
    Фото ветерана: Рахимжанов СагындыкФото ветерана: Рахимжанов Сагындык

Рахымжанов Әсембек Сағындықұлы
ӘКЕ ТУРАЛЫ СЫР

Әкелеріміз бен аталарымыздың Ұлы Отан соғысындағы тарихи жеңісі кейінгі ұрпақ үшін ерліктің, еңбектің, отансүйгіштіктің, болашаққа деген сенімнің, халықтар достығының мәңгі ескірмес ескерткіші және үлгісі. Жеңіс күнін жақындатуға Тарбағатай өңірінен барып үлес қосқан азаматтардың қатарында менің әкем – Сағындық Рахымжанов та болды. Ол әскер қатарына алынған соң, Уфадағы полк мектебінде оқып, Воронеж майданындағы 71-ші гвардиялық атқыштар дивизиясында бөлімше командирі болды. Оның неміс фашистерімен бетпе-бет алғаш кездесіп, шайқасқан жері – Безымянная теміржол станциясы үшін болған ұрыс екен.

Соғыс тарихында атақты 234-ші биіктікке бекінген неміс фашистерін талқандаудың маңызды орны бар. Биіктіктің аты биіктік. Оқты қарша боратқан жау бет қаратпаған. Рота, взвод басшылары қатардан шығып қалған. Сондай нағыз сын сағатта менің әкем рота басшылығын өз қолына алып, жетпіс шақты жауынгерді өзі бастап, қарсы ұрысқа жұмылдырады. Кескілескен шайқас нәтижесінде биіктік алынып, жау жер жастанды. Әкемнің сол жолғы батылдығы ескеріліп, "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалі беріліпті.

Жеңіс мерекесіне менің әкем көптеген медальдарымен бірге омырауына жауынгерлік "Қызыл ту" орденін де тағып шығушы еді. Осы орденнің қалай берілгенін сұрағанымызда ол Великие Луки ауданында Демино деревнясы үшін болған ұрыстарда жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындағанын мақтанышпен айтатын. Сол жолы әкем дивизия командирі генерал Чистяковтың қолынан осы орденді алған екен. Әкемнің ІІІ дәрежелі "Даңқ" орденімен марапатталуы да нағыз ержүрек әскер болғанын дәлелдесе керек. Ол майдан шебінде жүріп компартия қатарына өтті.

Дивизиялық "В атаку" газетінде (1944 жыл 18 қаңтарында) менің әкем туралы "Казахский батыр" деген тақырыппен мақала жарияланды. Жеңіс күнін әкем Шығыс Пруссиядағы Тильзит қаласында емделіп жатып қарсы алыпты. Жеңіс деген көптен күткен жалынды жаңалықты естіген әкем жалма жан шинелін шиыршықтап домбыра ұстағандай бар даусымен Біржан салдың "Қанаталдысын" шырқай жөнеліпті. Кеудені керген қуаныш, елге деген сағыныш қой. Одан өткен қуаныш бар ма?

Соғыс аяқталған соң бейбіт еңбекке белсене араласқан әкем ұзақ жылдар бойы партия, кеңес, шаруашылық органдарында жемісті қызмет атқарды. Анамыз Қадиламен бірге берекелі отбасын құрып, ұлдары мен қыздарын өсірді, үлгілі тәрбие берді. Әкемнің қайтыс болғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Ал шешеміз немере, шөберелерінің қызығын көруде. Мен әкемнің ерлік жолдарын мақтан етемін.

Нравится