Ақылбеков Оспан

  • Фото ветерана: Ақылбеков Оспан
    Ақылбеков Оспан

Менің нағашы атам Оспан Ақылбеков (Акильбеков Усман) 1907 жылы Ақтобе облысы Шалқар ауданында дүниеге келген. Ол балалар үйінде тәрбие алған. 1930-1933 жылдары В. Ленин атындағы Орта Азия біріктірілген әскери училищесінде оқыған. 1931 жылы Түркмен жеріндегі ұйымдасқан "басмашылар" тобына қарсы соғысқа қатысады. Бұл соғыста жүргенде бейбіт халықтың бостан босқа өліп жатқанын көріп, ішкі ойын білдіргені үшін, 1933 жылы 31 шілдеде әскери училищенің 178 бұйрығымен оқудан шығарылады.

1933 жылы Шалқар жеріне қайтып келіп, ашаршылықтан қазақ халқының өліп жатқанын көріп, И. Сталинге ашық хат жолдайды. Үш күннен кейін сталиндік лагерге саяси тұтқын ретінде қамауға алынады. 1936 жылы елге аман оралады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына 312 дивизия қатарында аттанады. Аяғанынан жарақат алып тұтқынға түседі. Тұтқыннан қашып Беларусь партизандарына қосылады.

Менің атамның ерліктері туралы мәліметтер Н. Едігеновтың "Ұлы Отан соғысы жылдары Белоруссиядағы партизан қозғалысына қазақстандықтардың қатысуы" атты ғылыми-зерттеу кітабында, тарих ғылымдарының докторы М. Қозыбаев пен Э. Швыдконың "Шла война народная" атты кітабында және "Великая Отечественная война" кітабында атап өтілген.

Оған қоса, М.Потемкин өзінің очеркінде "Кеңестер Одағының батыры С. Г. Жунин басқарған 8-ші партизандық бригада да қазақстандық партизандар аз болған жоқ" деп, Оспан Ақылбеков атамды да атап көрсеткен. ҚР ерекше енбегі сіңген зейнеткер Оспан Ақылбеков "Қызыл Ту", "II – дәрежелі Отан соғысы" ордендерімен марапатталған.

Сонымен қатар "Германияны жеңгені үшін", "Варшаваны азат еткені үшін" медальдарымен қатар Ұлы Отан соғысының көптеген медальдарымен марапатталған. Нағашы әжем "Батыр ана" - Хадишамен бірге бақытты ғұмыр кешіп, 12 бала тәрбиелеп, 30 дан астам немере, 10 шөбере сүйіп, соғыстан кейінгі уақытта педагог болып, тоқсаннан асқан шағында бақилық болады.

Нравится