Сқақов Құрман

  • Фото ветерана: Сқақов Құрман
    Сқақов Құрман

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Балғын ауылының ардагері

Сқақов Құрман атамыз туралы тың деректерді ұсынамын.

Большенарым ауданы Балғын ауылынан 1939 жылы 24 қыркүйекте әскер қатарына шақырылып, 1945 жылы елге оралды.
Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған "Ерлік - дастан" жинағына атамыз туралы мәліметтер жазылған болатын. 70 жылдық Ұлы мереке қарсаңында Ресейдің www.podvignaroda.ru сайтынан 3 Беларусь майданының 5 армия 144 атқыштар дивизиясының жеке 226 саперлік батальонының сапері - атамыздың неміс басқыншыларына шабуылға шығу кезінде минаны залалсыздандару тапсырмасын орындауда көрсеткен ерлігі үшін 1944 жылы 22 шілдеде "Қызыл Жұлдыз" орденімен марапатталуға лайық екендігі туралы марапат қағазын алдық. Марапат қағазында шабуыл кезінде қарсыласының жаяу әскерге қарсы қойған 375 минасын және танкіге қарсы қойылған 248 минаны залалсыздандырды және Облянка өзенінен өтетін қираған көпірді қалпына келтіру барысында шаршағанына қарамастан 5 саперден құрылған топ 1,2 метр тереңдікте 2 тіреу бөренесін орнатқандығы туралы мәліметтер бар.

Жоғарғы Кеңес Одағы Президиумының майданда неміс басқыншыларына қарсы ұрыс тапсырмасын жоғары деңгейде орындап, ұрыста көрсеткен ерлігі және ерік жігері үшін марапаттау туралы майдандағы әрекет етуші Армияның 1944 жылғы 1 тамыздағы № 044/ н Бұйрығындағы тізімде атамыздың аты кіші сержант Скак Курман деп жазылған. Құрман атамыз соғыс жайлы айта бермеуші еді. Осы арада өзі айтқан бір сәтті айта кеткеніміз жөн болар.

"Облянка өзенінен өтетін көпірді қалпына келтіргеннен кейін біраз уақыт осы шепте болдық, киім шешіп демалу дегенді ұмыттық. Неше күн болғанымыз есімде жоқ, тұрған жеріміз сазды жер еді. Содан демалатын сәт туған кезде шинелімізді шешейік десек түймелерін тот басып қалған. Шинеліміз әбден дым тартып сондай ауыр, түймелерін әрең ағыттық. Соғыста ең басты екі қауіп бар, біріншісі неміс, екіншісі ұйқы. Арамызда ұйқыдан әбден қалжыраған жаунгерлердің абайсызда опат болғанын да көзімізбен көрдік".

Тағы бір марапат қағазында 1945 жылдың 27 наурызында қарсыластың Шығыс-Пруссия майданындағы топтарын жою барысындағы ұрыста Бальга деревнясы ауданында топ жетекшісі бола жүре күндіз бораған жау оғының астында танкі мен артиллерияның жолын танкіге қарсы қойылған миналардан залалсыздандырып, жолды жаудан тазалауды қамтамасыз етті. Осы ерлігі үшін жеке 226 саперлік батальон командирі майор Шаманов атамызды ІІІ – дәрежелі "Даңқ" орденімен марапаттауға ұсынды. Жоғарғы Кеңес Президиумының 1945 жылғы 24 сәуірдегі № 076 Бұйрығының 2-ші бетінде ІІІ дәрежелі "Даңқ" орденімен деген тізімде бөлімше командирі Скак Курман 10 болып көрсетілген.

Атамыз 1941 жылы Смоленск, 1942 ж. Руссо станциясы, 1943 ж. Орел, 1944 жылы Витебскні азат ету ұрыстарында жараланған. Жарақаты жазылған соң қайта сапқа тұрып, неміс басқыншыларын жеңгеннен кейін 1945 жылдың 9 тамызынан Қиыр Шығыста Маньчжурияны азат етуге қатысып 1945 жылы желтоқсан айында елге оралды.

Нравится