С 10.1938 по 03.1939 участвовал в финской войне в составе 38-зенитно-артиллерийского дивизиона, с ранением попал 211-й окружной госпиталь Ленинграда, с августа 1941 года по август 1944 года воевал на Южном, Северо-Кавказском и 3-Украинском фронтах, был заместителем политрука, комсоргом 249-го отдельного зенитно-артиллерийского дивизиона. За боевые заслуги награжден медалями "За боевые заслуги" (№1213237), "За оборону Кавказа" (№049661), "За победу над Германией" , "Маршала Советского Союза Жукова Г.К.".
Бейбіт өмірде ғұмыр кешіп жатқан әр адам осыдан 70 жылдан астам уақыт бұрын басталған Ұлы Отан соғысын, ел тыныштығын қорғаған ерлерді – халықтың батыр ұлдарын білуі тиіс. Осы арқылы Отан деген ұғымның қаншалықты қастерлі екендігін сезінуі тиіс. Себебі өткен тарихты білмей болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. Кезінде сұрапыл соғысқа мыңдаған қазақ азаматтары аттанып, қазақ ұлтының рухының биік екендігін етігімен қан кеше жүре дәлелдегені белгілі. Сондай айтулы тұлғаның біреуі екі бірдей соғысқа, яғни фин соғысы мен Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлігімен көрінген Айпеисов Апраим ақсақал болатын. Ол кісі жастайынан өмір тауқыметін көп көріп, 4 жасынан бастап жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленеді. Орта мектептің 8 класын бітірген. Ол кезде осы 8 кластың өзі әжептәуір білім алған болып есептелетінін қазірге кезде үлкендер жағы біліп, жастар жағы білмеуі мүмкін. Әйтеуір Апраим ақсақалдың қызыл әскерлік кітапшасында соғысқа шақырылғанға дейінгі қызметі Балалар үйі директорының орынбасары деп жазылған екен. Айпеисов Апраим аға 1938 жылдың тамыз айында СОКП мүшелігіне кандидаттыққа өткен екен. Партияға кандидаттыққа өту белгілі межеде сабырлылықты, салиқалықты, өз ісіне тиянақтылықты қажет ететіні аян. Жастайынан жетімдік көріп, өмірге тез жетілген ол кездегі жас жігіт Ленинград әскери округінің №4310 әскери бөлімінің кіші командирлер даярлайтын мектебіне курсант болып қабылданады. 1939 жылдың 23 ақпанында әскери ант қабылдаған ол осы жылдың күзінен бастап көктемге дейінгі уақыт аралығында 38-зениттік артиллериялық дивизияның құрамында фин соғысына қатысады. Алайда осы соғыста жамбасынан қатты жараланып, контузияға ұшырап Ленинградтың №211 округтік госпиталында ұзақ уақыт емделуге мәжбүр болады. 1940 жылы осы жарақаты салдарынан Қызыл Армия құрамынан босатылып елге қайтады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда қайсар жан қарап отыра алмайды, өз еркімен соғысқа баруға сұранады. Бұл уақытта ол СОКП құрамының толық мүшелігіне де өткен болатын. Сонымен 1941 жылдың тамыз айынан бастап 249-дербес зениттік артиеллериялық дивизионы, №252 дивизиясының құрамында жаумен шайқасқа түседі, осы дивизияның саяси жетекшісінің орынбасары, комсомол ұйымының жетекшісі бола жүріп Оңтүстік фронт, Солтүстік-Кавказ фронты, 3 – Украин фронты бағытындағы соғыстарға қатысады. Шешуші майдандарға қатысады. Мәселен Солтүстік – кавказ операциясының іске асуына байланысты ұрыста ерлігімен көзге түседі. 3 – Украин фронты бойынша Днепр үшін шайқаста, Украинаның оңтүстік жағалауын азат ету ұрыстарында ұлт намысын қолдан бермейді. Жауды еңсеріп, жеңіс күнін жақындатқан әскери басшылар әскери тәжірибе жинақтаған қағылез жігітті Суворов училищесіне кадр даярлау ісіне қажет деп табады. Осының негізінде М.Горький атындағы біржылдық әскери училищені бітіріп, аға лейтенант әскери шенін алған Апраим Айпеисов 1944 жылдың аяғынан бастап 1946 жылдың мамыр айына дейін Горькийдегі әскери училищеде тәрбиеші офицердің орынбасары болып қызмет жасайды. Содан КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1946 жылға 20-наурыздағы Указы негізінде міндетті әскери қызметтен қайтарылады. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін «ІІ-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы", "Қызыл Ту" ордендерімен, "Ерен ерлігі үшін", "Кавказды қорғағаны үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдарымен марапатталған. 1946 жылы, еліне оралып, Ырғыз аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, ал 1947 жылы Ырғыз аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы болып сайланады. 1948 ж. Соғыс ардагері, жас коммунист Апраим Айпеисұлын Ақтөбе облыстық партия комитетінің жолдамасымен Қазақстан (большевиктер) Компартиясының Орталық Комитеті жанындағы партия мектебіне оқуға жібереді, бұл мектепті болашақ білікті басшы зор ынтасы мен табандылығының нәтижесінде 1950 жылы үздік бағалармен тәмамдайды. 1950-1951 жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінде жауапты қызметкер, 1951-1959 жылдары сол облыстың Новоресей аудандық партия комитетінің хатшысы, 2-ші хатшысы қызметтерін зор абыроймен атқарған. 1959-1963 жылдары осы ауданның атқару комитетінің бірінші орынбасары болып қызмет етеді. 1963-1968 жылдары аудандардың бірігуіне байланысты Новоресей аудандық ауылшаруашылық басқармасының төраға орынбасары, аудандық ауылшаруашылық басқармасының бөлім бастығы, ал 1968-1981 жылдары Новоресей ауданына қарасты "Искра" колхозының төрағасы қызметтерін атқарады. "Искра" колхозы Ақтөбе облысындағы ең ірі, көп бағытты, рентабельді шаруашылық болатын, осы шаруашылықты Апраим Айпеисов табан аудармай 13 жыл басқарып, 65 жасында зейнеткерлікке шықты, осы уақытта он жылдан артық Республикалық колхозшылар кеңесінің мүшесі болды. Апраим Айпеисұлының саналы ғұмырында халыққа жасаған адал еңбегін Қазақстан Үкіметі өзіне лайықты дәрежеде жоғары бағалап, оған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Үкімімен «Республика ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткер» атағы беріліп, бірнеше рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің "Даңқ Грамотасымен" марапатталады. Бейбітшілік кезінде көрсеткен ерен еңбегінің нәтижесі "Қазан Революциясы", "Еңбек Қызыл Ту", "Даңқ Белгісі" ордендерімен, соғыстағы және еңбектегі ерліктері үшін 15-тен астам медальдармен марапатталғандығынан көрінеді.