Жайлаубаев Адбықани

  • Фото ветерана: Жайлаубаев Адбықани
    Жайлаубаев Адбықани

Ұлы Отан соғысының жеңісінің 70 жылдығына санаулы күндер қалды. Әкеміз Абдығани Жайлаубайұлына бұл қуанышты күндерді көруді жазбапты, өйткені ол кісі 1997 жылы дүниеден өтті. Ұлы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында, соғысқа алғашқылардың бірі болып қолына қару алып, жауға қарсы аттанған, жеңістен кейін бір жылдаң соң, еш жеріне сызат түспей елімізге аман-есен оралып, бейбіт өмірдің жақсаруына аянбай еңбек етіп, өз үлесін қосып, ауылдастарының сый-құрметіне бөленген әкеміз жайлы еске алып, көпшілік назарына ұсынуды жөн көріп отырмын.

Әкеміз Жайлаубаев Абдығани 1941 жылдың тамыз айында Еңбекшіқазақ ауданы Таутүрген ауылынан майданға аттанып, 1946 жылдың шілде айында ел-жұртына аман-есен оралған. 1941 жылдан коммунистік партия қатарында болғандықтан, үнемі алдыңғы шепте ұрыста болып отырған. Сұрапыл соғыстағы жүріп өткен қиын – қыстау өміріне келетін болсақ, кіші сержант комунист Жайлаубаев Абдығани 1941-1942 жылдар аралығында 162-ші зенитшілер полкінің "37 мм. Зенитті орудиясының" көздеушісі, 1942-1944 жылдарда 454-ші зенитшілер полкінің орудия командирінің орынбасары, 1944 жылдың қаңтар айынан қыркүйек айы аралығында 1332-ші зенитшілер полкінің орудия командирінің орынбасары, 1944-1946 жылдар 863-ші зенитшілер полкінің орудия командирі болып, жылжымалы орудияларымен қиян-кескі ұрыстармен жаяу "Берлинге" дейін жетіп, Жеңісті қарсы алып, "Рейхстаг" қабырғасына фамилиясын, атын, қай жерден екенін жазып, қолтаңбасын қалдырған.

Осындай жауынгерлік жолдардан өтіп жасаған ерліктері үшін "Кавказды азат еткені үшін" (1944 ж.), "Ерлігі үшін" (1944 ж.), "Қызыл Ту" (1945 ж.), "Варшаваны азат еткені үшін" (1945 ж.), "Берлинді алғаны үшін" (1945 ж.), "Германияны жеңгені үшін" (1945 ж.) ордендерімен марапатталған. Бас Қолбасшы Сталиннің 27 сәуір 1941 жылғы № 347 бұйрығымен "Ратенов" қаласын алғаны үшін жеке бөлім құрамымен бірге өз атына мадақтама қағазын алған. Жеңістің 40 жылдығына ІІ – дәрежелі "Ұлы Отан соғысы Ордені" берілген. Басқа да көптеген медальдармен бірге "Комунистік партия қатарында 50 жыл" (1991 ж.) медалі берілген. 20.03.2015 жылғы Еңбекшіқазақ газетінде "Рейхстагқа есімін жазған ер" тақырыбымен жазылған мақалада Рейхстаг қабырғасына "А. Жайлаубаев, Алматы" деген қолтаңба қалдырғандығы жөнінде жазылған болатын. Оның растығын әкеміздің соғыс жөнінде бізге айтып кеткен естеліктері және "Берлинді алған үшін" Ордені дәлел бола алады.

Соғыстан кейінгі жылдарда ұжымдық шаруашылық бөлімшесінде партия комитетінің хатшысы, агроном, бөлімше басшысы бола жүріп, өз ісіне тиянақты, өте қарапайым, еңбекқор, қарамағындағыларға, туыстарына, көпшілікке адал, сыйлы бола білді, 5 ұл, 2 қыз тарбиелеп өсірді, 14 немере сүйді. Таутүрген ауылында "Қазақтың Мичурині" атанған әкесі Жайлаубайдың ісін жалғастырып бақ отырғызумен айналысты, ауылда алғаш өсірілген "Сопақ алма" казіргі Кандил, "Кәмпит алма" - Столовка, "Шұбар алма" - Пеструшка, "Апорт алма" - Александрия, Мичурин сорты "Бельфлер" - Сары алма, басқа да жеміс түрлерін өсіріп, будандастырып, көбейтіп көршілеріне, туған – туыстарына таратып отырған. Бөлімше агрономы қызметінде жүріп Ұжымшардың Таутүргендегі таулы аймақтағы жерлеріне мәуелі жеміс ағаштарын отырғызысқан, өзі бас болып құрылған шағын топтарға, мәдени ағаш түрлерін өсіріп көбейтуді үйретіп, оларды өсіруге атсалысқан. Жергілікті әкімшіліктің, ауыл тұрғындарының ұсыныстарымен соғыстағы және бейбіт өмірде сіңірген еңбегін бағалап аудандық ономастикалық комиссиясының шешімімен, қайтыс болғаннан кейін Таутүрген ауылындағы өзі тұрған "Алатау" көшесіне "А.Жайлаубаев" есімі берілген.

Балалары мен немерелері

Нравится