Мірсеитов Сламбай Дінісләм ұлы

  • Мірсеитов Сламбай Дінісләм ұлы

Мірсеитов Сламбай Дінісләмұлы (1924-1964) 1924 жылы бұрынғы Сәмбет ауылында дүниеге келген (қазіргі Жамбыл облысы, Жуалы ауданында Сұрым станциясы). Ақтөбе ауылында 7 жылдық мектепте білім алып, 1942 жылы әскерге шақырылады. Ош қаласында арнайы әскери дайындығында кіші командир курсын бітіріп, сол жылдың аяғында 100-ші бригада құрамындағы байланыс взводының командирі ретінде соғысқа кіреді.

100-ші атқыштар бригадасы КСРО Қорғаныс Комитетінің бұйрығымен 26.11.41 жылы Алматы қаласында құрылған, сол жылы әскери дайындық оқу әдістеріне кіріскен. 1942 ж. 19 қазанда МВО № 994270 Қолбасшының бұйрығымен бригада Калинин майданының қолбасшысы қарамағына өткен, кейін 03.11.42 ж. бастап 06.12.1942 ж. дейін 39-ші әскердің құрамында болған. 07.12.42 ж. бастап 20.12.42 ж. дейін 22-ші әскер құрамында болып, сонында 21 желтоқсан 1942 ж. 3-ші соққы беретін әскер құрамына өткен. Марс, Великие Луки және Невель шабуыл операцияларына қатысқан.

100-ші қазақ атқыштар бригадасының құрамында, Мірсеитов Сламбай Дініслам ұлы 1943 жылы майданда көрсеткен ерліктері үшін "Майдандағы ерлігі үшін" медалімен марапатталады. Сол кезде жарақаттанып госпиталға түседі. Одан айығып шығысымен өз бөліміне келіп взводын қабылдап алады. Өз взводымен бірге көптеген қатерлі шайқастарды басынан кешірген.

8-ші Желтоқсан 1943 жылы 100-ші қазақ атқыштар бригадасын 31-ші курсанттық атқыштар бригадасымен қосып 1-ші атқыштар дивизиясына айналдырған. Ақырында дивизия Қызыл Ту орденімен марапатталған және "Брестская" құрметті атауы берілген. 1-ші атқыштар дивизиясының құрамында Сламбай ата басқа да жауынгерлермен Люблин-Брест операциясына қатысқан, ол операция (18-ші шілде - 2 тамыз 1944 г.) - "Багратион операциясының" ірі ауқымды шабуыл операциясының бір бөлігі, Белоруссия және Польша жерлерін азат еткен. Осы операцияның арқасында Висла өзенінен өтіп, сол жағалауындағы плацдармдарды басып алып, күшейткен. Брест, Седлец және Люблин қалаларын фашистерден азат етіп, сол жылы қысқы қимыл-қозғалыс операцияларына дайындалған.

Мірсеитов Сламбай Дініслам ұлы 1944 жылдың қараша айында екінші рет ауыр жараланып, жауынгерлік сапқа қайтып тұра алмайды. Ауылға келген соң темір жол саласына жұмысқа орналасып, 1951 жылы Аягөз қаласындағы темір жол станция бастықтарын дайындайтын арнайы оқу орнын бітіреді. 110-ші разъезде бастық болған кезінде, 1960 жылы, сол разъездін атын Сұрым стансасы деп өзгертеді.

Нравится